Жүрек тебірентерлік кездесу

738 Views

Аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы мен №1 мектеп- лицейінің ұжымы Тәуелсіздік күніне орай жүрек тебірентерлік кездесу ұйымдастырды. Осынау басқосуға жиырмаға тарта желтоқсаншы ұстаздар шақырылыпты. Кездесуді білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнұр Баймұратова сөз сөйлеп, ашты. Ол кездесуге Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың туған әпкесі Гүлнәр Рысқұлбекованың келіп қатысып отырғанын жария еткен соң «Желтоқсанның мұзда жанған алауы» атты бөлімнің шымылдығы түріліп, экраннан осыдан 33 жыл бұрын үш күн бойы дүниені дүр сілкіндірген оқиғаны бейнелейтін хроникалық лента көрсетіле бастады.
Залда отырған желтоқсаншылар да, мұғалімдер де демдерін іштеріне тартып тына қалды. Өйткені, залда отырғандар бір кезде өздері барған Алматыдағы алаңдағы сойқан көріністерді көріп, жүректері атқақтап, аласұрып, жандарына маза бермей отырғанын олардың жасаураған жанарларынан анық байқауға болатын еді. Жүргізуші оқушының: «Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңда 8500 –ден аса шеруші ұсталды» дегені олардың жүректерін тағы бір тулатып өтті. Иә, біз желтоқсаншы 196 адамның осы Тұрар Рысқұлов ауданынан екенін де осы кездесуде білдік. Ал, залда отырғандардың барлығы дерлік мұғалімдер болатын. (әрине, 86-шы жылы студенттер еді).
ЮНЕСКО-ның 25 жылда бір шығарылып тұратын анықтамалығына: «КСРО-ның әкімшілік-тоталитарлық жүйесін тұңғыш рет Тбилиси мен Вильнюсте қарсы шығып, соққы берілген» деп қате жазылып кетіпті. Әйтпесе, орыстың отарлаушылық саясатына тұңғыш рет қарсы шыққан қазақ жастары болатын. Ол осы залда отырғандар. Қазір олар орта жасқа келіп қалған. Кезінде олар шындықты Шахановша қасқайып тұрып айта алмады. Олардың арасында да соққыға жығылып, қамалғандар болды. Жастар Қонаев сынды дара тұлғаны орнында қалдыруды сұраған жоқ, олар Қазақ елінің егемендігін, тәуелсіздігін сұрап алаңға шықты. Міне, сол 17-18 желтоқсан күндері жатақханаларындағы жылы орындарын тастап, алаңға шыққандар отыр. Олардың арасында Қорағаты орта мектебінің тәрбие ісінің меңгерушісі Жорабек Ануарбекұлы болды. Ол айтады: «Иә, биліктегілер бізді алаңнан кетуге үгіттеді, ал, Қазақстан комсомолының сол кездегі басшысы Серік Әбдірахманов: «Жастар сендердікі дұрыс, мен сендерді қолдаймын» деді. Өйткені ол кейбіреулер сияқты қызметтен түсіп қаламын деп қорыққан жоқ» дейді. Өрнектен келген ұстаз Гагарин Аманқұлов болса өзінің үш күн ұдайы алаңда болғанын, қамалып, сұраққа алынғанын жасырмайды.Көкдөнендік Гүлжан Бесбаева: «Біздің арамызда сол күндері Жаңатұрмыс ауылының азаматы Жанар Байбатшаева да болған еді. Оны колбиншілер ұстап алып, маңдайындағы шашын қырып тастап, жұрттың көзінше масқаралады, қамауға алды. Бірақ ол «сынған» жоқ, бәріне қаймықпай қарай білді. Қазір ол Түркияда жүр, бұл кездесуге келе алмады» дейді.
Осы кездесуді ұйымдас­тыру­шылардың бірі №1 мектеп-лицейі директорының орынбасары Нұржамал Бейсенова мен Сәбира Нәлібаева да желтоқсан оқиғасының бел ортасында жүріп, дойыр мен сапер күрегін ұстағандардан қаймықпай азаттық туын көтеріп, әнұранымызды айтқан. Бәрін айт та, бірін айт кездесуге келген Халық қаһарманының әпкесі Гүлнәрдің жүрек тебіренісін қалайша айтпайсыз.
– Құланға құдағиым Айгүлдің қолқа салуымен келдім. Осыдан алты жыл бұрын батыр бауырымды дүниеге әкелген анам Дәметкен қайтыс болды. Әкеміз Ноғайбай 53 жасында дүниеден өтті. Осы қазаның барлығы маған да оңай тиген жоқ, қазір Таразда тұрамын. Несін айтайын, Қайратымызды ұстап әкеткен соң басымыз бәлеге қалды, бізді уақытша өкімет жау көрді. Қайратым өрімдей жас еді-ау. Бірақ, өжет, өте адал жан еді. Інісі Талғат екеуі сол жылы оқуға түскен. Қайрат 21 жасында шейіт болды. Оның қайсарлығын дүйім жұрт кейін білді ғой. Біздің отбасымыз үшін бұл орны толмас қайғы болды. Қайтейін, бауырымның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Кейінгі ұрпақ осы менің бауырым Қайраттай-ақ болсын…деп көзіне жас алды.
Осыдан соң жергілікті ақын, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері Сейсен Қожеке өзінің желтоқсан қаһарманы Ләззат Асановаға арнаған толғауын оқыды. Артынша ел алдына Ләззат Асановамен бір бөлмеде жатқан құрбысы, көгершіндік ұстаз Гүлнәр Айымбекова шығып, сол бір аумалы-төкпелі күндердің оқиғасын жұрт алдында жайып салды. Онымен бірге алаңда болған жолдасы, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Әлімжан Айымбеков те, Жорабек Ануарбекұлы да желтоқсан туралы тебірене әңгіме қозғады. Ал, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов жастарды рухтандыратын өсиет айтып, бар нәрсе уақыттың уысында екенін ескертіп өтті.
Кездесу соңында кәсіподақ төрайымы Айнұр Баймұратова Гүлнәр Рысқұлбекованың иығына камзол кигізіп, орамал жапты. Осыдан соң барлық желтоқсаншыларға сый-сияпат көрсетілді. Мектеп оқушылары осынау тарихи оқиғаға байланысты сахналық көріністер көрсетіп, желтоқсан туралы әндер айтты. Кездесу өте мазмұнды өтті.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: