Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
22 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Тұрар есімін естігенде бірден адалдық пен шыншылдықты бойына сіңіріп өскен, қазақ халқы үшін жанын аямай, қолынан келгенше көмек көрсете білген асыл перзентті көз алдымызға елестетеміз. Өйткені, өз мүддесінен гөрі, қарапайым жұрттың мүддесін биік қойған қоғам қайраткерінің еліміз үшін жасаған жақсылықтары әлі де ел есінде. Солардың бірі — Түркістан-Сібір темір жолы. Аты аталған магистраль мемлекеттік маңыздылығын әлі күнге дейін жоя қойған жоқ. Керісінше қарқынды түрде дамып, өз әлеуетін заман талабына сай арттырып келеді. Ендеше сол кездері «Ғасыр құрылысы» деген атауға ие болған темір жол тарихын қайта парақтап, терең үңіліп көрелік.Сол жылдары Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан ұлан-ғайыр қазақ жерінде көлік қозғалысын дамытудың мәні орасан зор болатын. Осы мақсатта Орталық Комитет 1926 жылдың 25 қарашасында Жетісу темір жол құрылысын салуды қолға алады. Ал, сол жылдың 3 желтоқсанында РСФСР Еңбек және Қорғаныс Кеңесі Түркістан – Сібір темір жолын жасақтау туралы қаулы қабылдайды. Осы күн алып мемлекет үшін экономикалық дағдарыстан шығу жөніндегі тарихи шешім қабылданған күн ретінде есте қалды.
Түркістан – Сібір темір жол құрылысы екі бағытта жүргізілді. Оның бірі – Семей қаласынан 1927 жылдың 15 шілдесінде басталса, екінші бағыты аудан аумағында орналасқан Луговой станциясынан бастау алған болатын. 1927 жылдың 2 қарашасында болат жолдың бойына бірінші рельс төселді. Құрылысқа Тұрар Рысқұловтың өзі басшылық жасап, 1927 жылдың 21 қарашасында болат жолдың бойында құрылыстың басталуына байланысты өткен митинге Тұрар Рысқұлов алғашқылардың бірі болып сөз сөйледі. Сонымен қатар, осы үлкен жиында Тұрар Рысқұловтан соң, Қазақстан мен Орта Азиядан келген делегаттар сөз алып, орамды ойларын ортаға салды.
Салтанатты жиыннан соң №6394 паровозы болат жолдың бойына жіберілді. Осы бір сәт халықтың еңбекке деген ерекше ықыласын оятып, ел ауыр жұмысқа баруға тілек білдіре бастады. Жұрттың алды болып тізімге Мұстафа Қайыпұлы, Ырысты Шорманов, Қоңқаш Қиялбеков, Дүйсенбай Тоқтыбаев, Сары Ахметов, Қасымбай Нұрақаев, Әлімқұл Итбаев, Базылбек Байқазақов және басқа да жүздеген азаматтар жазылды. Аға мастер Әбдіманап Исаев тізімге жазылған азаматтарға аздаған киім-кешек, құрал-саймандарын беріп, техника қауіпсіздігін сақтау жөнінде ақыл- кеңесін айтып, журналға тіркеуге алды.
Уақыт өте келе құрылысқа үлкен мән беріліп, халық оған жаппай жұмылдырылды. Сол жылдары Меркі ауаткомын басқарған жерлесіміз Шыңғожа Омаров жол құрылысына 500 аттылы арба, мыңға тарта жұмысшы қолын берді. Айта кету керек, Тұрар Рысқұловтың жеке өтінішімен ғасыр құрылысының бас инженері болып, Мұхамеджан Тынышбаев еңбек етті. Кей күндері 5-6 шақырым жерге дейін рельс төселіп жатты. Құрылысқа өгіз, ат, түйе жеккен арбалармен қоса мыңдаған адамдар жаңадан келіп қосылып тұрды. Жақсы ұйымдасқан тірліктің және жұмысшылардың ерік-жігерінің арқасында жыл аяғына дейін 190 шақырым жерге рельс төселді. Жұмыстың қарқынды жүргізілуінің нәтижесінде рельс төсеу рәсімі мерзімінен бір жыл бұрын аяқталып, Луговой мен Семей арасына төселген жол 1930 жылы Айнабұлақ станциясында түйісті.
Құрылыс аяқталысымен станция арқылы өнеркәсіп және ауылшаруашылық жүктерін артқан эшелондар тоқтаусыз ағыла бастады. Теміржол құрылысы жалғасын тауып, сонымен қатар тұрғындар үй салып, оған қоныстана бастады. Алғашқы кезде барак типтес үйлер салынды. Кейіннен кәдімгідей жеке үйлер бой көтере бастаған соң, мектеп, балабақша, байланыс бөлімшелері, клуб салынды. Солармен қатар паровоз және вагон деполары, отын қоймасы, товарлы қойма мекемелерінің іргесі қаланып, жергілікті халық тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.
Түрксіб темір жолы Тұранның тұғырлы тұлғасы атанған Тұрар Рысқұловтың кейінгі ұрпаққа сый ретінде қалдырған кәдесі секілді көрінеді маған. Неге десеңіз? Орасан зор аумақты алып жатқан және қатынас жолдар торабы нашар дамыған Қазақстан жеріне сол жылдары үлкен өзгеріс қажет еді. Сол өзгерістер Тұрардай кемеңгер тұлғаның бастамасымен салынған Түрксіб темір жолы арқылы орын алды деуге болады. Әсіресе, еліміздегі өзге де салалардың дамуына айрықша үн қосты. Әлі де қосып келеді…
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.