Тұрардың анасы Жалпақсаздың қызы

1 665 Views

Тұрар Рысқұлов 1894 жылы 26 желтоқсанда Жетісу облысының Верный уезіне қарасты Шығыс Талғар болысында қазақ шаруасының шаңырағында дүниеге келді. Онын әкесі Рысқұл Жылкыайдарұлы өткен ғасырдың сексенінші жылдары патша әкімшілігінің озбырлығына шыдамай Сырдария облысының Черняев уезінен (қазіргі Түлкібас ауданынан) осында қоныс аударып келген болатын. Жаңа қонысында да әділетсіздік көрген Рысқұл 1904 жылы желтоқсанда халыққа тізесі батқан жергілікті Саймасай болысты атып өлтіріп, Сібірге айдалады. Тұрардың анасы Қанипа Қарақыстақ болысына қарасты Жалпақсаз қыстауындағы Ақмырза есімді бақуатты кісінің қызы еді. Меркіге келген соң Тұрар Қабылбек Сармолдаев, Мақсұт Жылысбаев, Сыдық Адабаев, Жүсіп Сатыбалдиев, Әшімжан Нұршановтармен бірге осындағы орыс-түзем бастауыш мектебінде оқып, оны үздік бітіріп шығады.
1910 жылы Тұрар Пішпектегі 1-ші дәрежелі ауыл шаруашылық мек­тебіне құландық Жүсіппен (Шәу) бірге оқуға қабылданып, оны 1914 жылы қазан айында бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жасы 21-ден 22-ге қараған шағында ол Меркідегі Ақкөз батыр Қосанов бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне саяси тұрғыдан басшылық жасайды. Осында мұғалім Андреевтің көмегімен қазақ жастарының тұңғыш ұйымын құрады. 1917-1918 жылдары Әулиеатада белсенді саяси қызметімен көзге түсіп, 1918 жылы Түркістан Республикасы құрылғанда Аштықпен күресетін Орталық Комиссияның төрағасы болып сайланады. Ол осы жұмысқа Шөңгер болысында белсенді қызметімен көзге түскен өзінің қандыкөйлек жолдастары Жүсіп Сатыбалдиев пен Әшімжан Нұршановты тартып, олардың екеуін де азық-түлік эмиссары етіп тағайындайды. Осы жылдары талай халықты аштықтан құтқарып қалады. Рысқұловтың атақты «Сталинге хаты» да осы жылдары жазылса керек. Жасы 24-тен 25-ке қарағанда Т. Рысқүлов Мұсылман Бюросын ұйымдастырып, оны Түркістанның жергілікті халық­тарының құқын қорғаушы ұйым (мемлекеттік құрылым) дәрежесіне дейін көтереді. Түрікаткомның жергілікті халықтан шыққаи тұңғыш төрағасы ретінде республиканың сая­си-мемлекеттік егемендігі жолын­да табанды күрес жүргізеді. 26-27 жасында ол РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатында қызмет атқарып, осы комиссариаттың төрағасының орынбасары дәрежесіне дейін көтеріледі. Комиссариатта жүріп бүкіл елдегі (РСФСР) жоғарғы оқу орындары (университеттер) жүйесіне басшылық жасайды. Бұл жылдары оған болашақ диктатор И. В. Сталинмен қызметтес болуға тура келген еді. 1922 жылы күзде яғни, 27-ден 28-ге қараған шағында Тұрар Рысқұлов Түркістан Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып сайланады. Ол Түркістаннан біржола кетіп, 1924 жылы күзде Коминтерннің өкілі ретінде Монғолияға жіберілген кезде 30-ға тола қоймаған жаста болатын. Тұрар Рысқұлов осы жаста-ақ саяси күрес пен мемлекеттік басқарудың сан қырлы баспалдағынан өтіп үлгереді. Сол бір жылдары Тұрар сынды тұлғамен қатар Алма Дінмұхаммедқызы Оразбаева да Коминтерн тапсырмасын алып, осы Құланнан Монғолияға аттанса керек. Сол кезде ол күйеуі Каширин мен он жасар ұлын және әпкесі Сақыпжамалды осы Құланға (Луговойға) тастап, шетелге партияның тапсырмасымен кете барады. Бірақ Алма екі жылдан соң Құланға қайта келгенде күйеуі мен әпкесі бірге тұрып жатқан. Бұл оның жүйке дертіне шалдығып, осы елді мекенде өмірінің соңғы жылдарын (17 жыл тұрып) өткізетінін білген жоқ. Қазақ әйел­дерінің көсемі Алма Оразбаева 1948 жылы осы Құлан ауылында қаза бол­ды, осы жерге жерленді.
Тұрардың анасы Қанипа Ақмыр­заның қызы десек, Сармырзадан Жалпақсаз бастауыш партия ұясына басшы болған Омар, кейін партия-кеңес жұмысында ұзақ жылдар бойы басшы болған Шыңқожа дүниеге келген. Шыңқожа Омаров Тұрар нағашысы Түркістан-Сібір теміржолы құрылысына басшылық жасаған жылдары Меркі аудандық атқару комитетінің тұңғыш төрағасы болған. Сөйтіп, «Түркісіб» құрылысына 500 атты-түйелі арба, мыңға тарта адам күшін берген. Иә, Тұрар есімі — ұлт мәселесі бойынша жүргізілген ерлік күрестін туы болды. Жаңа өкіметті орнатуға Тұрар Рысқұлов осы Әулие-ата уезі мен Меркі, Луговой, тіпті Қырғыз жеріне де революциялық күштерге қозғау салып, ұлттың көш­басшысына айналды.
1984 жылы Меркіде Тұрар Рыс­құловтың 90 жылдығы аталып өтті. Сонда Луговой ауданынан үш адам өкіл ретінде осы үлкен жиынға ба­рып қатыстық. Олар: аудандық кол­хозаралық құрылыс ұйымының басшысы, Құдайберген майырдың немересі Әбіт Асылов, музей дирек­торы Әміре Сұлтанбеков және осы жолдардың авторы болатын. Торқалы тойға Қазақстанның халық жазушысы, Тұрар туралы жазылған трилогиялық кітаптардың авторы Шерхан Мұртаза, Тұрардың әйелі Әзиза Түбекқызы мен Мәскеудеге қызы Сәуле келіп қатысты. Меркі ауданының басшысы Ермек Саурамбаев сол күні жаңа музейдің есігін айқара ашып, Меркіні революция бесігі ретінде жұртқа таныта білді.
Осы жолы мен Әзиза апаймен етене жақын танысып, қыздары Сәуле мен Рита туралы, «Карлагта» өткізген қиын-қыстау жылдары туралы өз аузынан естіп білдім. Әпкеміз Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова сол кезде аудандық музейдің директоры болатын. Ол кісі Әзиза Түбекқызы туралы көп мәлімет алып, оны кейін кітап етіп шығарды. Тұрардың Наталья Алексеевнадан туған ұлын кейінгі әйелі Надежда Константиновна асырады. Ал, Надежданың Тұрардан туған София және Мая есімді екі қызы Мәскеу қаласында тұрады. Маяға меркілік Берік Әліпбаев ағамыздың барып жолыққаны туралы облыстық «Ақ жол» газетіне 1992 жылы мақала жаздым.
Көріп отырсыздар, ағайын, Тұрар сынды тау тұлғаның біздің Тұрар Рысқұлов ауданына да қатысы бар, тіпті туыстығы бар екен. Шер ағаң бір сапарында Тұрардың жиендерін көргісі келді ме: «Мені сол Шыңғыс Айтматовтың «Жанпида» атты романындағы Жалпақсаз ауылына алып баршы?» деді қиылып. Алып бардым. Алғаш Каменка ауылына тізгін тартып, Шыңқожа Омаровтың сері атанған ұлы Ерліктің үйіне бұрылдық. Көк сырлы дарбазаны қаққанымыз сол еді ар жағынан Ерліктің Әлік есімді інісі бой көрсетіп: «Ойбай-ау, тірі Шерханның өзі келіп тұр ғой!»деді титтей де атағынан ат үркетін көкемнен именбей. Сөйтсек, Омаровтардың үлкені фазендасында малын амандап жүр екен. Ол да ақжарқын пейілмен ағасын қарсы алып: «Менің атам Омар Құлиларға жиен болса, әкем Шыңқожа күйеу. Сонда мен де сізге жиен болмаймын ба?» деп Ерекең (марқұм) халық жазушысын құшақтай алды. Сол кезде мен оның көзінен тамшылаған жасты көріп туыстықтың қаншалықты жақын екенін жан дүниеммен сезіндім.
Міне, сол Сәкен Жүнісовтей, Кәкім­бек Салықовтай, Шәмші Қалдаяқовтай достары болған Ерлік Омаров та дүниеден сері болып өтті. Оны Тұрар Рысқұловтай дараның туған жиені десе де болады. Ендеше ағайын, таудай ұл туған Қанипа әпкемізге, жездеміз Рысқұлдың әруағына бас ие отырып, Түркістан мемлекетінің, жалпы Қазақ елінің уығын қадап, шаңырағын көтерген ұлт көсемі Тұрардай тұлға­ның 125 жылдық торқалы тойына біздің аудан жұртшылығының үлкен жетістіктермен келгенін ауыз толтырып айта аламыз.

Сейсен Қожеке,
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері.

Поделиться ссылкой: