Ауыл ақсақалы

678 Views

«Көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей біздің ағай да сексеннің сеңгіріне оң қолын қабағының үстіне қойып қарайтын жасқа келіп қалыпты-ау. Әйтпесе, ол кісінің қолынан қалам-қағазы түспейтін. Біз ол ағаймен көрші тұрамыз. Таңмен таласа тұрып мектепке барады, қас қарая үйіне келеді. Бір үйден екі мұғалім шығады. Айтбүбі әпкей 36 жыл үзбей бастауыш сыныптардағы балаларға сабақ берді. Ал, Тілеуқабыл ағайдың еңбек өтілі 46 жылға таяу. Ол кісіні әулетімен ұстаз деуге болатын шығар. Інісі Қабылтай мен келіні Қаншайым, үлкен қызы Маржан мен ортаншы қызы Айнұр бүкіл өмірін педагогикаға арнаған мұғалімдер, өзінің қолындағы келіні Бота да аудандық білім бөлімінде жұмыс істейді.
Тікеңнің жасы биыл сексеннің екеуінде. Мешітке барады, намаз оқиды. «Қожай ата» мешітінің қазынашысы. Ауылдың үлкен-кішісі оны сыйлайды. Өйткені ол осы жасқа келгенше біреудің ала жібін аттап көрген жан емес. Адалдығын, тазалығын білген соң болар ауыл-аймақ болып жылу жинаса да, мешіт қорына ақша жинаса да, тіпті пітір-садақа жинау керек болса да осы кісіге тапсырады. Өйткені Тікеңнің біреуден соқыр тиын жемейтінін ел біледі.
Міне, оның маңдай терімен, өз қолымен соққан шатыр тамының алдында отырмыз. Бізге бәрі қызық: «Осыдан 72 жыл бұрын өзіңізге сабақ берген ұстаздарыңызды ұмытқан жоқсыз ба?» деймін ғой… Сөйтсем, ол кісінің «памяты» әлі мықты екен, көп ойланып жатпай: «Неге ұмытамын…Қазір сол Құлбарақ салдырған ескі мектептің орны да жоқ, әлдеқашан бұзылып кетті. 1944 жылы соғыс жүріп жатқанда мен сол мектептің бірінші класына бардым. Әлі есімде мектеп директоры Үртай Әшімов деген кісі болатын. Бізге Шәңгіл Құлбарақова деген әпкей сабақ берді. Сенесіз бе, сексен бала едік. Екі сыныпқа бөлініп оқитынбыз, үш-үштен партаға қысылып-қымтырылып отыратынбыз. Жан досым Әбдірахман Сағынаев екеуіміз сегіз жасымызда мектепке бардық. Гүлсім әпкей мен Әшір ағайдан дәріс алдық. Әшекең класс жетекшіміз еді. Сол кезде Панаркүл Мұратбекова, Науат Құдабаева, Раушан Мырзабаева деген мұғалімдер болды. Ауылда оныншы сынып жабылып қалған соң Ақыртөбеге барып оқып, онжылдық аттестат алдық» дейді Тілеуқабыл ағай сонау балалық шағын еске түсіріп.
Иә, соғыс аяқталған жылдар да еңкейген шал мен еңбектеген балаға оңайға соққан жоқ. Он жасынан арба айдап, тырма тартып, бригадир Әшімбектің айқайын естімеген бала жоқ шығар ауылда, сірә. Тілеуқабыл ағай осылардың бәрін есіне түсіріп, бір терең күрсініп алды. «Е…е…заман-ай, заман-ай, десеңші, ол кез де көзден бұлбұл ұшты да кетті. Бірақ, кеңес өкіметінің арқасында оқып, жоғары білім алдық. Сол кезде өз ауылымызда мұғалім аз болатын. Менің ҚазПи-ге оқуға түсуіме Ораз ағай себеп болды. Әйтпеген күнде Жамбыл пед училищесінің құжатымен жүре беретін бе едім…».
1956 жылы еңбек жолын Сарысу ауданында мұғалімдік қызметтен бастаған ол ауылына 1960 жылы келді. Әдібай Табылдиев директор, Ораз Жиентаев завуч болатын. «Бәріміз сол кісінің шапанынан шықтық. Әдекең әлі өлең жазады. 1967 жылы қазақ-совет энциклопедиясын жазатын болып Алматыға қоныс аударған, содан бері сонда. Қазір жасы тоқсанның төртеуінде. Ол кісі кеткен соң директор болып мектепке математик Бекетай Шағырбаев келді. Бұл кезде қазақ тілі мен әдебиетінің «қоржынын» жас мұғалімдер келіп толтыра бастаған. Сәуле Әбутәліпова мен Аманкүл Аршабаева бізден кейінгі толқынмен келген ұстаздар. Тікең де әдебиетші әрі тіл маманы. Бірақ олар бәрібір тілшінің үлкені Жиентаевты өздеріне пір тұтады. Сонда да : «Ат тұяғын тай басар» деген Тікеңді мектеп дирекциясы бастауыш сыныптарға завучтыққа тағайындады. Бұл міндетті ол ойдағыдай атқарды.
Қаныш Сәтбаев мектебінде Тікеңмен бірге жұмыс істеген тарихшы Жәкуда Қожекеев, Даулыбай Райымов, Әділхан Тоқтаров, Қуаныш Кенжебеков, Зауытбек Қайпылдаевтар қазір арамызда жоқ. Бірақ, олар оқытқан оқушылар бар. Ағайдың оқытқан шәкірттерінің бірі Азан Биджаев. Қазір Мәскеудегі Ломоносов атындағы университеттің профессоры. Бақыт Байбатшаев, Әсем Әділова, Мақпал Көкішев, Күнтубай Таңсықбаев, Алмаш Көкірекбаева сынды түлектері ғылым жолын қуып, жоғарғы лауазымды қызметтерде істеді.
Өткен жылы Елшібаевтар әулеті аудандық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, жүлдегер атанды. Шаңырақтың үлкені Маржан қыз. Қазір ол да зейнетте. Одан кейінгі қызы Гүлнәр да зейнет жасында. Мәулені ауған соғысына қатысқан, мамандығы зоотехник. Дәулені де зейнетте, Майрасы технолог. Ұлы Дәулет өзінің қолында, Айнұры сонау Ақтөбеде, Қандыағаш өнеркәсіптік колледжінде мұғалім. Ең кенже қызы Айгүл болса аспаз, Созақта тұрады. Бәрі де үйлі-жәйлі.
Жан жары Күміс алқалы ана Айтбүбі Бағаеваның үш ұлы, бес қызы өздерінің құтты орындарына қонған. Олардың әулеті елу бір немере мен шөбере, жиен сүйіп отыр. Сексеннің сеңгіріне келген ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері Тілеуқабыл Елшібаев бірнеше медальдар мен әр деңгейдегі грамоталардың иесі. «Бәрін айт та бірін айт» ауылдың қадыр тұтқан ақсақалы.

С.Қожеке.
Суретте: байырғы ұстаз Тілеуқабыл Елшібаев.

Поделиться ссылкой: