Тау тұлға

825 Views

Сталинге хат

РСФСР Халық Комиссарлары ҚҰПИЯ
Советі Председателінің орынбасары Т.Р. РЫСҚҰЛОВ Л.И.МИРЗОЯН ЖОЛДАСҚА
31-қаңтар, 1933ж.
№ тр- 16/с
Москва, Кремль

Тарих тұңғиығына көз жі­бе­ретін болсақ ұланбайтақ қазақ дала­сын найзаның ұшымен, білектің кү­ші­мен, аттың жалында, түйенің қо­мын­да жүріп қорғап қалған біртуар арыс­та­рымыздың есімдерін жадымызға түйгендей боламыз. Шүкіршілік, қазақ топырағы елім деп туған көсемдер мен шешендерден, ақындар мен батырлардан, ел мәртебесін аспандатар тума таланттардан, халқының болашағы жолында аянбай тер төккен асыл азаматтардан әсте кенде емес. Алты алаштың басын біріктірген Абылай хан да, елін ынтымақ пен бірлікте ұстаған үш абыз – Төле би, қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер де, ұлтының көзіңн ашып, көкірегін оятуды аңсап өткен Ұлы Абай да, халқы үшін мерт болған Ахмет Байтұрсынов пен Мыржақып Дулат та, кешегі Сәкен мен Ілияс, Бейімбет те, кемеңгер Мұхтар мен ойшыл Ғабит те, жұлдыздай ағып өткен Шоқан да, жауына қырғидай тиген Ер Бәукең – Бауыржан Момышұлы да, халқының ардақтысы, ұлтының асқар тауы атанған Димекең – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев та осы сайын даланың перзенттері, киелі де қасиетті қазақ топырағына кіндік қаны тамған аяулы азаматтар, біртуар перзенттер.
Осындай елім деп туған ерлердің бі­рі әрі бірегейі, барша түркі жұртының басын біріктіруге ұмтылған ұлы тұлға, халқының болашағы жо­лында мерт болған, отаршылдыққа қас­қайып қарсы тұра білген аса үл­кен саяси және қоғам қайраткері Тұ­рар Рысқұлов. Ұзақ жылдар бойы тұм­ша­ланып, тұншықтырылып келген ащы шындықтың қалың шымылдығы бер­тінде ғана ашылды. Кейін Ұлы қай­раткердің өмірі мен қызметін егжей-тег­жейлі зерттеген арнаулы беделді комиссия Тұрар Рысқұловтың атына жағылған қара күйені біржола жуып, ардақты есім түбегейлі ақталды.
Содан бергі жерде ұлтымыздың аяулы ұлы жайлы көптеген кітаптар, деректі шығармалар жазылды. Есімі елді мекендерге берілді, тұғыры биік ескерткіштер бой көтерді. Қазақ­станның халық жазушысы, Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза Тұрар Рсықұловтың өмірі жайлы бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе» ғұмырнамалық роман-эпопеясын дүниеге әкелді. Қазақтың белгілі қаламгерінің отыз жыл ғұмырын арнаған бұл атақты туындысы мәңгілік тұлғаға арналған мәңгілік ескерткіш, жас ұрпаққа мәңгілік өнеге, өмірлік компас екендігі даусыз.
1999 жылы 11 наурыз күні аудан жұрт­шылығының көптен күткен арман-тілегі жүзеге асып, ауданымызға хал­қымыздың аяулы перзенті Тұрар Рысқұ­ловтың есімі берілді. Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың осы жайлы арнайы Жарлығы шыққанда Құландықтардың қуанышында шек болған жоқ. Көп болып қолға алып, орталық алаңға ұлы тұлғаның тұғыры биік ескерткішін орнату да осы үлкен қуаныштың шынайы нышаны болса керек.
Ең алдымен, Тұрар Рысқұлов ұлттық мақтанышымыз. Оның өмірі халқы үшін отқа да, суға да түсетін, шыбын жанын пида етуге бар көзсіз ерліктің, жұртына деген, туған жеріне деген шексіз сүйіспеншіліктің символы.
Халқымыздың аяулы перзенті бүкілодақтық мәселелерді шеше жүріп өзі туын тіккен Түркістанның, Қазақстанның, қазақ ұлтының проблемаларын бір сәтке де естен шығарған емес. Еліме Егемендік әперсем, халқымды үлде мен бүлдеге орасам, Республиканың экономикасы мен мәдениетін өркендетсем деп аңсаған асыл перзент түн ұйқысын төрт басып тауға да ұрды, тасқа да ұрды. Қарағанды көмір бассейінін, Балқаш мыс комбинатын, Шымкент қорғасын заводын салуға белсене атсалысты. Түркістан-Сібір темір жолын салуға көмектесетін комиссияның төрағасы ретінде ежелгі Құлан топырағына да табан тіреп, Луговой станциясында болуы аудан тарихын байытып, оның шежіресіне алтын әріппен жазылғандығы кәміл.
Тұрар Рысқұлов – халық қамқоршысы, ұлт мақтанышы. Ол қаншама үлкен лауазымды қызметтерде жүрсе де елін, туған жерін жадынан бір сәтке де шығарған емес.
Белгілі демограф ғылым Мақаш Тәті­мов: «Қазақстанда ашаршылық жыл­дары 2,5 миллионнан астам адам опат болды» деген дерек келтіреді. Аштыққа қарсы күресетін Республикалық Төтен­ше комиссияның төрағасы Т.Рысқұлов күндіз-түні елді аралап, ашыққандарды тамақтандыратын орындар ашты. Сөйтіп, бүтіндей бір ұлттың жер бетінен жойылып кетпей, аман қалуына, ұрпақ өсіруіне үлкен септігін тигізді.
Сондықтан да оның өмірі халқына көрсеткен қалтқысыз қызметімен, еліне деген шексіз сүйіспеншілігімен мәнді, сонысымен өнеге, сонысымен қымбат.

Тұрсынхан Жаманбаев,
аудандық мәслихат хатшысы.

Поделиться ссылкой: