Келелі жиын өтті
21 ViewsОсы аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жиын өтті. Аталмыш кездесуге Қазақстан Республикасының…
Мен Бақыт ағаны мектепте оқып жүрген кезден білуші едім. Бір күні сабаққа әдеттен тыс ерте келдім. Біздің сыныптың жанында жоғарғы класстар оқитын. Ол есік жабық екен, бірақ арғы жақтан екі адамның сөйлескен, тіпті дауласқан дауыстары оқтын-оқтын естіліп тұр. Бөгде есікті ашу әдептілікке жатпайтын болған соң тосылып тұрып қалдым да , артынша маған: «әлі сабақ басталған жоқ қой» деген ой келді де батылданып барып есікті ақырын аштым. Сөйтсем, оныншы сыныпта оқитын Бақыт Байбатшаев қайдағы бір алгебралық, әлде математикалық теңдеулерді жанындағы Бота Омашев есімді сыныптасына түсіндірумен әуре болып, тіпті жазуы тақтаға сыймаған соң екеуі еденге есеп шығарып, жазып жатыр екен. Олардың тосыннан келген адамға назары да ауған жоқ, әйтеуір екеуі бір-біріне математикалық теңеулерді түсіндірумен әлек. Шынымды айтсам, әлгі сандар, теңеулер менің миыма кіріп те шыққан жоқ. Мектеп директоры Бекетай Шағырбаевты білетін жұрт: «высший математик» дей-тұғын. Сонда Бақыт аға мен Бота ағай да сондай болғаны ғой.
Мен олардан бір-екі сынып төмен оқитынмын. Бірақ сол жолы санама: «Мына кісілер керемет ғалым болайын деп тұр-ау» деген ой келді. Иә, Бақыт Нәкенұлы Байбатшаев мектепті «Алтын» медальға бітірді. Кейін Жамбылдағы педагогикалық училищені тамамдап, қызыл диплом алды. Ол сонымен тоқтап қалған жоқ. Алматыға оқу іздеп барып, Сергей Миронович Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің механика және қолданбалы математика факультетін де үздік бітіріп, тағы да қызыл диплом алып, ауылға келді. Бақыт аға аса талантты, өте зерек, білімдар азамат болатын. «Осындай жоғары білімі бар азаматтың ауыл мектебінде жүргені несі?» деп ойлаушы едім. Сөйтсем, таныс-тамырлық сол кезден-ақ, бар екен ғой. Бірақ, Бақыт аға өз күшіне сенді, ешкімге пара берген жоқ. Ұстаздық жолын ең алғаш Меркі ауданының Кеңес ауылынан бастады. Өйткені өзінің Құралбай Атыханов сынды ағайы сол мектепте директор болатын. Ол осы ауылдың қызына яғни, Әбигүл жеңгемізге үйленді. Кейін Татьядағы Мәншүк Мәметова атындағы мектепке мұғалім болып ауысты. Жеңгеміз орыс тілінен, өзі математикадан оқушыларға дәріс беріп жүре берді.
Ол осылай ауылда жүре берер ме еді, қайтер еді…Ойда жоқта КаЗГУ-де бірге оқыған курстасы жолыға қалып: «Бәке! Сен деген математиканы шемішкеше шағатын ұстазсың ғой, ауылда жүргенің саған жараспайды. Бізге, ГИДРО-ға асистент болып кел, одан арғысын көре жатармыз» деді. Содан бұл қалаға келді. Институт өміріне, ондағы ғылыми ортаға ол тез үйренді. Ондағы Есембай Әлпейісов сынды жоғарғы математика мектебін бітірген ұстаздарға Бәкеңнің қабылет-қарымы, ізденгіштік қасиеті ұнады. Сөйтіп, ол оқу орнының педагогикалық ұжымымен етене жақындасып кетті. Өзі жас кезінен ілім қуған ол бір орында тоқырап қалғысы келмеді. Көптеген ғылыми рефераттар жазып, оны институттың ғылыми кеңесінде қорғап жүрді. Бірақ, мұнда да таныс-тамырлық болмаса тасың өрге домаламайтынын ұқты. Сөйтті де арада бір жыл өтер, өтпесте өзі жазған ғылыми еңбегін қорғау үшін Ресейдің Новосибирскідегі Университетіне аттанды.
Оның орысша сауаты жақсы болатын. Ғылыми атақ алуға арналған диссертациясын Еңбек Қызыл Ту орденді Ленин комсомолы атындағы Университетке апарып тапсырды. Еңбегінің аты «Корректность и аппроксимация задач магнитной газовой динамики» деп аталатын. Иә, магниттік газдың динамикасын басқарудың теориясын оқыту проблемасы ол кезде өте қажет еді. Ол қазіргі кезде де күн тәртібінен түскен емес. Бәкеңе екі бірдей физика-математика ғылымдарының докторлары А.В.Кажихов пен Е.Я. Белов жетекші болды. Бақыт аға өзінің ғылыми еңбегін 1985 жылы 28-ші мамырда қорғап шықты.
Шынын айту керек, қазақ ғалымының осынау тың тақырыпты терең зерттеп, өзіндік концепция жасауы ғылымға қосылған тың жаңалық болды. Сөйтіп, Жаңатұрмыс ауылында туып – өскен қарапайым мұғалім физика-математика ғылымдарының кандидаты деген атақты абыроймен қорғады. Ол Таразға қайтып келген соң докторлық диссертация жазуға ден қойды. Бірақ, білікті математиктің оқытушылық, доценттік жұмысы көбейе түсті. Оны енді кафедраға меңгеруші етіп тағайындады. Бақыт Нәкенұлы өте іскер, талғампаз ұстаз еді. Ол әлі де талай құнды еңбектер жазатын ба еді, бірақ бауырға түскен кесел кенеттен оның өмірін қиды. Талантты ғалым 60 жасында өмірден озды.
Оның артында екі ұлы, бір қызы, жан жары қалды. Дінмұхаммед, Данияр есімді баласы мен Ақмарал атты қызы жоғары білім алып, олар да әке жолын қуып, білікті маман атанды. Бақыт ағайдың жүріп өткен жолы өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге болуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені ол өмірден өзінің адалдығымен, кіршіксіз тазалығымен ерекшеленетін еді.
С.Қожеке.
Суретте: физика-математика ғылымдарының кандидаты Бақыт Нәкенұлы Байбатшаев.