АБАЙ – алты алаштың алыбы

1 242 Views

«Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» — дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында.

Иә, биыл қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын, ағартушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын тойлайтын боламыз. Ел Президенті айтпақшы, тек тойлап қана қоймай, ақын шығармаларын қайта парақтап, рухани тұрғыдан дамуға ден қойғалы отырмыз. Себебі, бүгін де өзектілігін жоғалтпаған ұлы ақынның шығармалары мен ұрпаққа аманат ретінде қалдырған ой-тұжырымдары еліміздің әрбір азаматына рухани азық бола алатыны айтпаса да белгілі.
Шынымды айтсам, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының мақаласын ел қатары оқып отырып мен қатты қуандым. Өйткені, Мемлекет басшысының мына бір сөздері менің жан-дүниемнен ерекше орын алды десем артық айтқандығым емес. «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет» деп аталмыш тұжырымдар қазірдің өзінде өзектілігін жоймағанын, тіпті, бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отырғанын атап өтті. Президент сонымен қатар, ХХІ ғасырда тек білімді азаматтар ғана биікке ұмтыла алатынын айтып, еліміздегі ғылым мен білімге ерекше назар аудару керектігін әрі осы саланы қарыштап дамыту маңызды міндеттердің бірі екенін тілге тиек етті.
Алты алаштың алыбы, қазақтың маңдайына біткен дара тұлға, әдебиет әлемінде ерекше орны бар ақынның шығармалары арқылы тұтастай бір ұлтты тәрбиелеуге болады. Осыны ескерген Президент өз мақаласында Абай шығармаларын оқып, өскелең ұрпақты тіл білуге, ұлтжанды болуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, ұлттың өресін өсіруге болатынын айтты.
Расыменде, Абай шығармалары қазақ халқы үшін таусылмайтын қазына. Оның әлі зерттелмеген тұстары қаншама десеңізші?! Сондықтан да, Президент бастамасымен қолға алынған осы бір жүйелі жұмыстар ақын болмысын толықтай танып білуге өз септігін тигізітініне кәміл сенімдімін. Ендеше мен сіздерді ұлы даланың даңқты дарабозына айналған ақын Абайдың 175 жылдығына арналған жоспарлы жұмыстарға үн қосуға шақырамын.

Ербол ҚАЙПУЛДАЕВ,
№2 шағын орталықты орта
мектептің директоры.

Поделиться ссылкой: