АМЕРИКАДА ОҚЫП ЖҮР…
«Осыдан 40 мың жыл бұрын Америкада халық болмаған. Алғашқы америкалықтар Алтайдан көшкен» дейді тарихшылар. Камчаткада мәңгі мұз жатқанда арғы түбекке өтіп кеткен үндістер екені туралы да көп айтылып жүр. Алайда айналасын алты мұхит шайып жатқан жеті қарақшысы жоқ аспаны бар елді қазір қырық ру жайлаған. Американы ашқан түркілерге түсі ұқсас, тілі жақын үндістер болса да сол құрлыққа кейінірек барған ағылшындар оны өздеріне толық иемденіп алған.
Осынау аты аңызға айналған жұртқа барсам екен деген ой бала Батырханның қиялында ғана болған шығар-ау. Бірақ, бала қиялы бесікте қалыптасады екен. Әкесі Бақытхан балаларының бәріне бірдей қарады, оқытты, қатарынан кем қалдырмады. Ал, Зәуреш апасы білім саласында жүрген соң ба Батырханды бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ «Ақбота», «Кенгуру», «Алтын талшық» сияқты олимпиадаларға қатыстырып, оның оқуға деген құштарлығын арттыра түсті. Батырхан 7 сыныпты Ақыртөбеде бітірген соң Тараздағы Қазақ-Түрік лицейіне емтихан тапсырды. Есеп-қисапқа жүйрік ұлан екі турдан да сүрінбей өтіп, оқу орнына қабылданды. «Талап – тас жарады» деген рас екен, көп ұзамай ол дарынды балалар оқитын мектеп-интернатқа түсіп, жоғарғы сыныптағылармен бірге математикалық олимпиадаға қатысты. Орынбек Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебіне осы олимпиададан күміс медаль жеңіп алған жылы қабылданды.
-Осы жарыс менің бағымды ашты білем, тоғызыншы сыныпта оқып жүргем. Мені Қазақстанның ұлттық құрамасына қабылдады. Сөйтіп, бірінші рет Қазақстанның атынан Балқан олимпиадасына жолдама алдым. 2011 жылы Кипр мемлекетіндегі Ларнака қаласында өткен халықаралық жарыста омырауыма күміс медаль тағып қайттым. Осыдан соң-ақ, жолым болып республикада өткен математика олимпиадасында екі рет алтын медальді жеңіп алдым,- дейді Батырхан Бахытқанұлы Тойбеков.
Алматыдағы Орынбек Жәутіков мектебінде оқыған үш жыл Батырханды талай шыңға шығарды. Ол Саха елінде болып, Мәсеудегі МГУ-ден жеті мадаль алды. Үш жыл қатарымен «Мектеп мақтанышы» медалін жеңіп алып, Білім және ғылым Министрінің екі мәрте бірінші және екінші дәрежелі дипломдарын иеленді. О.Жәутіков мектебін тамамдаған 2013 жылы оған 9 Университеттің гранты берілген болатын. Солардың ішінде Қазақ-Британ Университетінің де гранты бар еді. Бірақ, Батырхан «Назарбаев» Университетін таңдады. Онда оқыған бес жыл ішінде Колумбиядағы математиктердің Бүкілдүниежүзілік Олимпиадасына қатысып, елге қола медальмен оралды. Әсіресе, 2016 жылы Болгарияға барған сапары оның есінде ұмытылмастай болып қалыпты. Ол осы әлемдік жарыста елге алтын медальмен оралып еді. Бес жыл қатарымен осындай жарысқа қатысып, жүлде алып жүрді.
Батырхан төртінші курста оқып жүрген кезде Америкадағы Колифорния Университетінің магистратурасы оқуға шақырды. Сөйтіп, 2018 жылдан бастап есептеу ғылымы бағытындағы жасанды интелект «АИ-ТИ» технологиясын оқып үйрене бастады. Батырханға 31 жастағы профессор Сунгшин Им жетекшілік етеді. Батырхан жақында Қазақстанға келіп «СООГЕ» компаниясында стажировкадан өтті. Биыл ол мамыр айында дипломын алып, елге оралады. Калифорния Университетінде онымен бірге Ерсұлтан Сапар, Танвэй Чен сияқты аса талантты магистранттар оқиды.
Батырхан үш тілді еркін меңгерген. Беркли қаласындағы оқуы таза ағылшын тілінде өтеді. Ол қазір Колифорния Университетінің РҺД докторанты. Батырханның бауыры Абылайхан да ағасының жолын қуып, Тараздағы «Назарбаев» Университетінде оқып жүр. Бахытханның екі қызы да жоғарғы оқу орнында. Аяулымы Алматыдағы Медицина Университетінің фармацевтика факультетінде оқиды. Бәрін айт та, бірін айт, Батырхан биыл оқуын бітіріп, Отанына оралады. Оның арманы Егеменді Қазақстанға адал қызмет ету. Иә, қазір елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы белең алып жатқан шақта бізге Батырхан сияқты бүгінгі технологияны жете меңгерген мамандар аса қажет-ақ. Ендеше, Батырханға ақ жол тілейік.
С.Қожеке.
Суретте: жерлесіміз Батырхан Бахытханұлы Тойбеков докторант достарымен бірге. (Калифорния штаты. Беркли қаласындағы Колифорния университетінде).