Жолдаудың басты мақсаты – ауылдарды қолдау

843 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев халыққа жолдаған ал­ғашқы Жолдауында ауылдың әл-ау­қатын көтеру, ондағы орынды әрі тиімді бастамаларға қолдау білдіру, ауыл­шаруашылығына айрықша көңіл бөлу сынды жұмыстарға ерекше на­зар аударып, кеңінен тоқталды. Әсі­ресе, ауыл шаруашылығы саласы мем­­лекеттің негізгі ресурсы екендігін ай­тып, алайда оның әлеуетін толықтай пай­­далана алмай отырғанымызды нақ­­тылап өтті. «Жұртшылықты тол­ған­дырып жүрген жер мәселесіне ар­найы тоқталғым келеді. Бүгінгі таңда жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мә­селесі өте өзекті болып отыр. Жерге са­лынатын тікелей салықтар деңгейінің тө­мендігі жағдайды күрделендіре түсті. Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кет­ті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруа­шылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес» деп осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуы үшін Үкімет пен Парламентке бірнеше тапсырма берді.
Шынтуайтына келгенде, Мемлекет басшысының осы бір сөзі шындыққа жанасады. Қазіргі таңда жерді иемденіп, үлкен атырапты кәдеге жаратуды құпта­май отырғандар жетерлік. Әйтпесе, бізде ғана емес, шет елдерде үлкен сұра­­нысқа ие органикалық және эко­ло­­гиялық таза өнім өндіруге біздің то­лықтай мүмкіндігіміз бар. Мұны Жолдауында Президенттің өзі де ашық айтып отыр. Сонымен қатар, Президент өз Жолдауында суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 3 миллион гектарға дейін ұлғайту керектігін айтып, атал­мыш жұмыстар 2030 жылға дейін жалғасатынын жеткізді. Қасым-Жомарт Кемелұлы аты аталған бастамалар ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік беретінін де нақтылап өтті.
Бұдан бөлек Жолдауда сау­да және интеграция, ауыл шаруашылығы министр­ліктері фермерлерге өз өні­мін сыртқа шығарып сату үшін барынша қол­дау көрсету, ауыл шаруа­шы­лығына ше­телден инвес­торлар тарту, ет өнді­рі­сін ұлғайту, төрт түлікті жем-шөппен қамтамасыз ету сынды ма­ңызды мәсе­лелер де қозғалды. Ел Президенті әсі­ресе, ауыл тұрмысының сапалы бо­луын қамтамасыз етпей, ауыл шаруа­шылығының өнімділігін арттыру мүм­кін еместігін тілге тиек етті.
Болашақта бұл бағытта да жүйелі жұ­мыстар атқарылатын болады. Соның бірі – Елбасының қолдауымен қолға алынған «Ауыл – Ел Бесігі» арнайы жобасы. Шағын елді мекендерді дамытуға арналған бұл жоба осы жылы да жалғасын тауып, өңірлерге айрықша өң беруді көздейді. Осы орайда Пре­зидент Үкіметке «Ауыл – Ел Бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін былтыр бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Аталмыш қаражат шалғайдағы ауылдардағы көлік, ауыз су және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәсе­ле­лерді шешуге әрі мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалмақ ниетте.
Жолдауда ауылдардың ең негізгі мәселелерінің бірі кеңінен қозғалды. Ол — ауылдық жерлердегі білікті кадрлардың тапшылығы. Түйткілді мәселені шешу үшін Президент «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтілетінін айтып, осы жылдан бастап Үкімет бағ­дар­ламаны қаржыландыру мақса­тында 20 миллиард теңге бөлетінін алға тартты.
Ауылдардағы дарынды жастарды іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау, аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау, оларға өздерінің отбасылық бизнесін ашуға ықпал жасау, агроөнеркәсіп ке­шен­дерін дамыту – мұның бәрі ауыл­дың әрі тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жұмыстар.
Бізде Жолдау аясында жасалған жүйелі жоспар да, мемлекет тарапынан бөлінген қомақты қаражат та бар. Ендігі кезекте біз Жолдауға қолдау білдіре отыра, мұқтаждық пен масылдықтан арылып, ауылдың жағдайын көтеру, экономикамызды нығайту бағытында аянбай қызмет атқаруымыз қажет.

Болат Мансұр,
Құмарық ауылдық округінің әкімі.

Поделиться ссылкой: