Абай – ғаламдық тұлға

929 Views

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Махамбеттер, Абайлар-ай» деген өлеңінің қорытынды шумағын:
– Жасырмай ойымды айттым талай,
Қайтейін кетті бәрі қарайламай.
Айтарын айтып өткен абайламай,
Дариға-ай,
Махамбеттер, Абайлар-ай!, -деп түйіндейді. Иә, кез келген әлем классиктерімен иық тіресе алатын қазақтың сөз зергері кім десе, біз ең бірінші кезекте Абай Құнанбайұлының есімін айтамыз. Себебі, хакім Абай қазақ ұлтының бас ақыны әрі шығармалары әлемдік деңгейде танылған дала данышпаны.
Абай шығармашылығы жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана еліміздегі мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді мақаласында кеңінен сөз қозғаған болатын. Өз мақаласында: «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі» деп жазды Қасым-Жомарт Кемелұлы. Абай Құнанбайұлының шығармашылығын сөз еткенде қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың 4 томдық «Абай жолы» роман-эпопеясын атап өтпеу мүмкін емес. Осы ретте, француз жа­зушысы Луи Арагонның мына бір сөзін де жазып өтсек дейміз. Ол: «Абай жолы» роман эпопеясы арқылы қазір­гі қазақ прозасы күллі дүние жүзі әдеби классикасының шырқау шыңына шықты. Бұл да аз, әлемнің басқа ел­дерінде де оған тең келетін шығарма табу қиын. Бұл, менің ойымша, XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» деп бағалаған. Ал Абайдың қара сөздерін айтсаңызшы. Астары те­рең, мазмұнды ой-толғаныстары ғой шіркін. «Абай дара, Абай дана қазақта» деген сөздің қаншалықты маңызға ие екенін осы пікірлердің өзі-ақ дәлелдеп тұрғандай көрінеді.
Жақында Абай ауылындағы хакім­нің есімін еншілеген орта мек­теп­те «Абай – ұлт мақтанышы» деген та­қырыпта аудан әкімдігі ішкі саясат бө­лімінің ұйымдастыруымен ілкім­ді іс-шара өтті. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өткізілген іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов, аудандық мәслихат хатшысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тұрсынхан Жаманбаев және аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева қатысты. Ілкімді ша­раның шымылдығы Мұқан Төлебаев атындағы музыка мектебінің ұлт ас­паптары ансамблінің орындауында Абайдың күйі «Тор жорғамен» ашылды. Іс-шарада сөз сөйлеген Бейсенбек Әшімәліұлы:
– Баршаңызды қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл, философ, аудармашы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында ақынды халыққа таныстыру мен хакімнің рухани бай мұрасын ұлықтау жылының басталуымен құттықтаймын. Күні кеше ғана Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы да бұл шараның ауқымы кең және халық арасында Абай дүниетанымының алар орны ерекше екенін нақтылап отыр. Біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының мақаласын басшылыққа алып, алдағы уақытта тек мерейтой аясында ғана емес, үздіксіз Абай мұрасын дәріптеп, жас ұрпақты патриоттық рухта тәр­биелеуге күш жұмсау қажеттігін ұғын­дық. Жалпы ауқымды мерейтой аясын­да көптеген шаралар өткізіледі. Олар тек Семей өңірінде ғана емес, республиканың барлық аймағын қам­титын болады. Бүгінде барлық об­лыстарда Абай тағылымын танытуға арналған түрлі шаралар бастау алды. Бүгінгі шараның Абай ауылында өтуі де бекер емес. Бүгінгі күнде ауданымыз­да ұлы ақынның есімін иеленген 1 ауылдық округ, 1 орта мектеп, 14 ауыл­да 14 көше бар екен. Бұл елдің бас ақынға деген құрметі, есімін ел есінде сақтаудың бір көрінісі. Ендеше, ұлыны ұлықтауды өзімізден басталық. Абай әлеміне терең бойлап, тұңғиығынан маржан терейік! Баршаларыңызды Абайдың тәлімі мол, өнегелі, рухани бай мұрасын мәңгі есте қалдыру арқылы ұлтты әлемге танытудағы мемлекет деңгейінде бастау алған шараға өз үнімізді қосуға шақырамын,-деді. Одан кейін сөз сөйлеген Тұрсынхан Есімқұлұлы да Абай Құнанбайұлының шығармашылығы жайында өрісті ой өрбітіп, адам бойына жігер сыйлайтын рухты сөздер айтты. Содан соң ау­дан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас­шысы Ләззат Өтеулиева да Абай әле­мі жайында пайымды пікір айта ке­ліп, аудан көлемінде жоспарланған жұ­мыстар ретін таныстырып, мақсат-мін­деттерді нақтылады. Іс-шара ба­­­рысын­да аудандық, облыстық, рес­пуб­­ли­ка­лық байқаулардың жүлде­герлері, жас ақындар Нұргерім Нұрлан мен Жәнібек Әміреев Абай хакімге арнаған жырларын оқып берсе, Абай атындағы шағын орталықты орта мек­тептің 3-ші, 9-шы және 10-шы сынып оқушылары Еркежан Жұмабек, Әліби Жұмабек, Бағдәулет Кеңесбай, Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің 4 сынып оқушысы Дінислам Мұхамет, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Батыржан Медет Абай Құнанбайұлының қара сөздері мен өлеңдерін жатқа айтты. Ал Құлан мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Қарлығаш Ерболқызы мен Өнер мектебінің оқушысы Мерей Алтынбекова Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің тәрбиеленушіле­рі Ермек Ерсінбек пен Арсен Серікбай «Көзімнің қарасы» әнін нәшіне келтіре шырқады. Іс-шара соңында қатысушылар аудандық тарихи-өлкетану музейі, аудандық білім бөлімі мен орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері тарапынан ұсынылған Абай шығармашылығы жайында көрме-инсталяцияны, «Бір ел,бір кітап» акциясы аясында ұйым­дастырылған көрмені тамашалады.

 

Поделиться ссылкой: