Қарт ананы құттықтады
34 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Көкарық пен Еңбекші осыдан 90 жыл бұрын шаңырақ көтерген артельдердің «о» бастағы атауы. Тұңғыш тұсауы кесілген коммунаны басқарған Метіқұл Архабаев пен Шәуе Сәлімбаев екенін бертінде колхозды басқарған Берік Қарақойшиев тауып айтты. Ал, ауыл ақсақалдарының серкесі Рысбек Секербеков ондай деректі білмейтінін жұрт алдында мойындап тұрып: «Иә, біз ауылымыздың тарихын жақсы біле бермейміз. Сондықтан да ауыл тарихын жазуды журналист Мәскеу Нохрабековке тапсырдық» деді жиналыста сөз алып тұрып.
Заманымыздың заңғар философы әрі дара тұлғасы, ақиық ақын Абай Құнанбаевтың аты бір кезде осы екі ұжым біріккенде колхозға берілсе, кейін жергілікті орта мектеп оның атымен атала бастады. Сол жылдары колхоз кеңсесінің алдына осынау Абай сынды алып тұлғаның мүсіні қойылып еді. Аймақ әкімі Мұрат Дәкенұлы Арыстанбеков биыл А.Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай ескерткіш-мүсінді қайта жаңғыртуға беріп қойыпты. Сондай-ақ, мектептен музей ашу да ойларында бар екен. Осынау айшықты жаңалықтардың барлығын Абай ауылдық округіне қадам басқан сәттен-ақ, біліп, Мәкеңнің іскерлігіне тәнті болдық.Аймақ әкімінің халық алдындағы есеп беру жиналысы әкімшілік кеңсесінің мәжіліс залында өтіп, оған екі елді мекеннен де ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Әкім алдымен мектеп директоры Әйтен Әбішевтің, мал дәрігері Ерболат Имантаевтың, жергілікті амбулаторияның аға дәрігері Әсем Нұржігітқызының, пошта бөлімшесінің басшысын мінбеге шақырып, олардан халық алдында есеп алды. Иә, Құлан мен Луговой кентінде болған жер дүмпуі абайлықтардың да жүрек дүрсілін ұлғайтып, талай шаңырақтың шатырын шайқап, қабырғасын қақыратып кеткенін осы залда отырған халық әлі ұмыта қойған жоқ шығар. Сол кезде ауылға жаңа мектеп ғимараты салынған болатын. Содан бері он алты жыл өтсе де мектепке әлі бір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Әп-әдемі мектептің сылағы түсіп, сұрқы қашып тұрғанын оқу орнының басшысы жасырған жоқ. Жиналыстан кейін біз ауыл әкімімен бірге барып мектеп ғимаратының осыдан он алты жыл бұрын жасалған техникалық төлқұжатымен таныстық. Құрылысшылар шамасы мектеп үйін тездетіп пайдалануға беруге асыққан болуы керек ондағы әжетханаға лайықтап соғылған 9 бөлмені төлқұжатқа «әжетхана» деп емес, қосалқы бөлме деп көрсетіп жіберіпті. Егер Тараздағы мектепте болған оқыс оқиға болмаса бұл мәселеге ешкім шам алып қайта қарамас та еді. Енді облыстық білім беру бөлімі алдағы жазда мектептің Батыс жағынан жапсарластыра жаңа әжетхана салып беруге уәде етіпті. Біз мұның мемлекет басшысының және облыс әкімінің назарында тұрған кезек күттірмейтін мәселе екенін тағы да бір рет ескерте кеткенді жөн көрдік.
Екі мыңнан аса халқы бар екі ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі, оларға көрсетіліп жатқан медициналық, мәдени, ветеринарлық, пошта қызметі жәйлі осы саланың тізгінін ұстаған азаматтар баяндап өткен соң ауыл әкімі жергілікті полиция қызметі мен әскерге шақырылушылармен жасалып жатқан жұмыс жәйлі баяндады.
Жазға салым, дәлірек айтқанда егін орағы басталар алдында ауылдың төр жағындағы егінжайды көріп таңдай қаққан едік. Сөйтсек, ол «Дауылбай» шаруа қожалығының күздік бидайы екен. Енді міне, әкім өз есебінде орташа түсімнің өзі әр гектардан 30 центнерден айналғанын айтып отыр. Иә, ол рас, өткен жылы абайлық «Нартай», «Достық-Е», «Асау-Тілеміс» қожалықтары диқандарының еңбегі ерен болды. 1004 гектар күздік бидай орылып, қамбаға 3012 тонна астық құйылды. Жаздық арпаның түсімі 3402 тоннаны құрады. Иә, ауылдағы тұрақты жұмысы бар 45 ұжымның ауыз толтырып айтарлықтай еңбегі бар-ақ. Кәсіпкер Ғ.Құлдыбаев «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамы арқылы былтыр су жаңа екі «Беларусь» тракторын алды.
Баяндамашы өз сөзінде қарапайым заттар экономикасына негізделген жұмыстарға да тоқталды. Округ бойынша 16 жеке қосалқы шаруашылықта 65 мүйізді ірі қара, 250 бас уақ мал, 80 жылқы бордақылауға қойылған.Айту ләзім, облыс әкімі өткен жылы Орынбай Бекназаровтың өсірген құлпынайларын көріп, кәсіпкердің ілкімді ісіне риза болған еді. «Бірлік-2» өндірістік кооперативінің жетекшісі Е.Жүнісов болса өткен жылы ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 41 миллион теңге несие алып, 130 сиыр сатып алды. Сонымен қатар қайтарымсыз несиеге қол жеткізген екі жас бар. Олар: Қ.Оспанова мен А.Әбдірәшім.
М.Арыстанбековтың баяндамасы бойынша сөз алған Р.Секербеков, Б.Қарақойшиев және тағы басқа ауыл тұрғындары әкімнің жұмысына қанағаттанарлық баға берумен қатар ауылдағы орын алған өзекті мәселелерді де ортаға салды. Мәселен, ағын су, көше жарығы, жер мәселелері сөз болды. Осының барлығына ауыл әкімі жауап таба білді деу керек. Сөз соңында айтарымыз, «Көргені көп көш бастайды». Әкім есебі халықтың көкейінде жүрген мәселелерді қозғады. Демек, жұрттың көңілінен шықты деуіміз керек.
С.ҚОЖЕКЕ.
Аймақта қордаланған мәселелер қаралды
Биліктің қолға алған әрбір бастамасы шалғай ауылдардағы халықтың құлағына жетуі тиіс. Бұл – мемлекет тарапынан іске асырылған жұмыстардан еліміздің әр азаматы ұдайы құлақдар болуы қажет деген сөз. Осы орайда бірер жылдар бұрын әр түрлі деңгейдегі әкімдер мен оқу орындарының ректорлары халық алдында есеп беру шараларын қолға алған болатын. Бүгінде аталмыш жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп, өз жалғасын тауып келеді.
Ауыл әкімдерінің есеп беру жиналыстары алғаш Қызылшаруа елді мекенінде басталды. Дүйсенбі күні Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Самат Атабаев аталмыш елді мекен тұрғындарының алдында есеп беріп, жыл бойы атқарылған жұмыстарды жіпке тізді. Есеп беру жиналысына ауыл тұрғындарынан бөлек, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Досмұхаммед Жанәділов қатысты.
Ауылдық округ әкімі өз есебінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталмас бұрын республикалық деңгейде атқарылған жұмыстарды айтып өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы міндеттердің мерзімінде іске асырылып жатқанын, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша жұмыс жүргізу басты міндеттердің бірі екенін жеткізді. Ауыл азаматтарының барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын аты аталған тұжырымдаманың округте іске асырылып жатқаны өте құптарлық жағдай.
Өткен жылы Сәбденов, Қызылшаруа, Бәйтелі секілді үш бірдей елді мекеннің басын біріктірген ауылдық округте ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Жалпы халық саны 3742 адамды құрайтын елді мекендерде 685 отбасы тұрады. Ал, оның ішінде көпбалалы отбасылар саны – 129. Округ аумағы ауылшаруашылығына қолайлы болғандықтан, ауыл халқының көбі егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде төрт түлік малдың басы көбейіп келеді. Мәселен, ірі қара – 1530 басты құраса, қой мен ешкі – 42 400, жылқы – 954 басқа жетіпті. Осы мал басын ұлғайту бағытында 72 шаруа қожалығы жұмыс істеуде. Оның ішінде Қызылшаруа ауылында – 31, Сәбденов ауылында – 35, ал, Бәйтелі ауылында – 6 шаруа қожалығы бар.
Ауылдық округте білім мен денсаулық саласына айтарлықтай көңіл бөлінеді. Бүгінде аймақ бойынша 2 орта және 1 бастауыш мектеп жұмыс істейді. Сонымен қатар, «Бәйшешек» бөбекжайы бар. Аталмыш білім ошақтарында балаларға сапалы білім мен өнегелі тәрбие берілуде. Жалпы мектептерде 687 оқушыға 109 мұғалім дәріс берсе, балабақшадағы 16 тәрбиеші-педагог бес топтағы 100 тәрбиеленушіні қамқорлығына алған. Округке қарасты 3 елді мекенде де денсаулық сақтау мекемелері жұмыс істеп тұр. Ауыл әкімі Самат Шорабекұлының сөзіне сенсек, есепте тұрған қарт кісілер мен ауру адамдарға апта сайын медбикелер үйлеріне барып қызмет көрсетеді екен. Одан бөлек аудан басшысы Ерболат Садырқұловтың жеке тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында дәрігерлер 2019 жылы жүрек және қан тамыры ауруларына шалдыққан науқастарға дәрі-дәрмектерді тегін үлестіруді қолға алыпты.
Ауыл әкімі өзінің баяндамасында әлеуметтік қызмет көрсету, жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту, абаттандыру, қайырымдылық іс-шаралары жайында кеңінен сөз қозғады. Сонымен қатар, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша бөлінген 3 104 000 теңге қаржыға Сәбденов ауылының У.Ақшалова, Қызылшаруа ауылының Бекбай, Бәйтелі ауылындағы Қоңырат көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Ал, аудандық бюджеттен Сәбденов ауылындағы М.Мақатаев көшесіне жарық орнатылыпты.
Ауыл әкімінің есебінен соң тұрғындарға сөз беріліп, олардың ұсыныстары, өтініштері мен талап-тілектері тыңдалды. Мәселен, ауыл тұрғыны Есенғали Асубаев атаулы әлеуметтік көмектің берілу тәртібі жайында сұрады. Сонымен қатар, ол Мырзалиев көшесін жарықтандыру керектігін айтып, өз ұсынысын ортаға салды. Әлімхан Баймұратов ауылдағы Абай көшесіндегі қарағайларды ауыстыру уақыты келгенін айтты. Ауыл мектебінің де мәселесі қаралды. Дәлірек айтар болсақ, мектеп директоры Бахыт Дәуенов білім ошағына газ кіргізу, су жүйесін тарту және шағын орталыққа қатысты мәселелерді көтерді. Одан бөлек алдағы уақытта балабақша соғылған жағдайда нысанды мектеп жанынан емес, ауылдың маңынан көтеруді ұсынды. Есеп беру кезінде бұдан басқа да өзекті мәселелер қаралды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.
Көгілдір отыны жоқ ауылдар
Қарақыстақ аймағының әкімі Ораз Тәнікеевтің есебі абайлықтарға қарағанда күрделілеу жағдайда өтті. Егер М.Арыстанбеков ауылдардағы мектептердің, амбулаториялар мен мал дәрігерінің жеке-жеке есебін тыңдап барып ел алдында өз есебін берсе О.Тәнікеевтің әр ауылға барып халықтың алдына шығып, олардың проблемаларын жалықпай тыңдауына тура келді. Аймақ әкімімен бірге Қазақ, Тасшолақ, Жалпақсаз ауылдарында бірге болып, халықтың мұңы мен мұқтажын бірге тыңдаған аудан әкімдігінің ветеринария бөлімінің басшысы Асқар Тұңғышұлы Тохабаевтың да блокнотына қордалана бастаған мәселелерді түртіп алуына тура келді.
Қазақ ауылында өткен есеп беруге 48 ауыл тұрғыны қатысты. Жиналысқа ауыл ардагерлері, шаруа қожалықтарының жетекшілері, мектеп, медпункт, пошта қызметкерлері түгелдей дерлік қатысып отырды. Олар Қарақыстақ ауылдық аймақ әкімінің бір жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы баяндамасын зейін қоя тыңдады. Әкім елді мекенді абаттандыру, көріктендіріп, көгеріштендіру, орта және шағын бизнестің дамуы мен кедейшілік пен жұмыссыздыққа қарсы күрес, сондай-ақ, әлеуметтік мәселелер төңірегінде де соқталы – соқталы мәселелер бар екенін жасырмады. Баяндаманы тыңдап отырып аймақ әкімінің барлық ауылдардағы кем-кетікті жақсы білетінін аңғардық. Төрт ауылдың халқы түгел: «Ауылымызға қашан газ келеді? Ел қатарлы экологиялық жағынан таза жылытатын отын келеді дегелі де талай жыл өтті. Үй шаруасындағы әйелдер қашанғы күл шығарып, күйелеш-күйелеш болып жүре береді?»деген орынды сауал тағы да сол әкімнің алдынан кесе көлденең шыға келді. Оған әкім тағы да сол уәде берумен шектелді. Қазақ ауылының азаматы Баймұрат Айтбаев пен Жалпақсаз ауылының тұрғыны Сейдімбек Шілдебаев: «Ауылға ауыз су қашан келеді?» десе, Тасшолақ ауылының тұрғыны Үсей Асқаров мал жайылатын жердің аздығын айтып қиналды.
Ауыл әкімі бұдан өзге Қазақ ауылындағы Абай, М.Мәметова, Достық, Өжет көшелеріне асфальт төсеу, жарық тарту туралы тұрғындардың сауалдарына орнықты жауап қайтарды. Айту ләзім, бұрынғы жылдардағыдай емес, халық бейберекет әкімге сын айтып, болымсыз сұрақтар қойып мазалаған жоқ. Сонымен төрт ауылдағы ең өзекті мәселе газ бен ауыз су кіргізу болды. Әкім бұл мәселемен етене жақын айналысып келе жатқанын, алдағы жылы барлық ауылдарға «көгілдір отын» кіріп қалатынын айтып сендірді. Иә, Қасым Ермекбаевтың да, Айбек Омарбековтың да, Шәкет Момыналиевтің де, Аманкелді Әбдірәсіловтың де қойған сұрақтары өте орынды. Әрине, оны шешуге уақыт пен қаржы керек. Мәселен, ауыз су әкелу үшін алдын ала жобалық-сметалық құжат жасалуы тиіс. Әкім мұнымен де айналысып жатқанын ел алдында ашып айтты. Қазақ, Тасшолақ, Жалпақсаз ауылдарында өткен есеп беру жиналыстарына қатысқан тұрғындар ауыл әкімінің бір жыл ішінде атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Ал, енді әкімнің жұрт алдында берген уәдесі сөз жүзінде қалып қоймайтын шығар деп сенеміз.
Дәл осындай есеп беру жиналысы Қорағаты ауылында да болып өтті. Шалғай жатқан Мамыртөбе, Шілік елді мекендері мен Қорағаты темір жол бекетінен келген тұрғындар аймақ әкімі Бақытбек Әбіләзімовтың есебін зейін қоя тыңдап болған соң әдеттегідей оған сұрақ қоя бастады. Иә, ол орынды да. Егер барлық мәселе шешіліп қойған болса халық әкімге сұрақ қоймас еді ғой. Әйткенмен, баяндамашыны халық толықтырды. Мұнда да сол табиғи газ мәселесі күн тәртібінен түспей тұр екен оны ауыл тұрғыны Қ.Атабаев қозғады. Б.Әбіләзімов: – Қорағаты ауылына газ кіргізудің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамаға жіберілді. Ал, Қорағаты темір жол бекеті сияқты халқы аз елді мекендерге үлкен ауылдарға газ тартылып болған соң газ жүргізіледі,-деді.
Жиналыста азамат С.Дошымов: «Ауылдағы иесіз иттерді кім атады?» деген сауал қойды. Оған мал дәрігері Е.Исқақов аудандық ветеринария бөлімінен осы мақсатқа қаржы бөлінгенін, тендер өткен соң ауыл-ауылды аралап, иесіз иттерді жою қолға алынатынын хабарлады. Жиналыста сөз алған ауыл тұрғындары Б.Базарқұлов пен Д.Төлебаев ауыл әкімінің жылдық есебіне қанағаттанарлық деген баға беріп, оның алдағы қызметіне табыс тіледі.
Есеп беру жиналысына аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысыының міндетін уақытша атқарушы С.Үмеева қатысып отырды.
Жиналыс талқыланған мәселе бойынша қаулы қабылдап, тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарын назарға алды.
С.Қожеке.