Келелі жиын өтті
22 ViewsОсы аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жиын өтті. Аталмыш кездесуге Қазақстан Республикасының…
«Педагог мәртебесі» туралы заңды оқығанда
Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі- Ұстаз. Ұстазға қандай құрмет көрсетсең де жарасады, өйткені ол ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, космосты бағындырған ғарышкер де бәрі – бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Осы тұста жыл бойы талқыға түскен «Педагог мәртебесі» туралы Заңның қабылдануы- барша ұстаздар қауымын қуанышқа бөледі.
Негізі, құжат төрт бағытты қамтиды. Бірінші, ұстаздың құқығын қорғап, артық жүктемеден босатуды көздейді. Екіншісі, мұғалімнің қызметіне қойылатын талапты күшейту мәселесі қаралған. Үшіншісі, материалдық емес ынталандыру тетіктері болса, соңғысында материалдық тұрғыдан көтермелеу шаралары қаралған. Заң ұстаздар қауымының жеке дамуына және жалпы оқу процесін жетілдіруге мол мүмкіндіктер береді. Олар қағазбастылықтан арылып, тек өз міндеттерімен айналысады. Ал мұғалімдерді фунционалды қызметіне жатпайтын жұмыстарға заңсыз тартқан тұлғаларға 20-дан 120-ға дейінгі айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Ұстаздың ар-намысына тиген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оқушылар тарапынан өрескел қылық көрсетілсе, ата-анасы жауап беретін болады.
Заңда көзделгендей, Халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстарының жеңімпазын әзірлеген мұғалімге үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы беру, ауылдық жерде тұратын мұғалімдерге жер телімін алуда басымдық беру, қосымша білім беру мен мектепке дейінгі мекемелердің педагогтарының кезекті еңбек демалысын 42 күннен 56 күнге жеткізу, сайлау науқанына қатысқысы келген мұғалімдерді сабақтан босатып, ақша төлеу баптары — ұстаз беделін арттыруға өз септігін тигізетініне сенімім мол. Әйтсе де, Заң жобасын талқылау кезінде көпшілік ұстаздардың қолдауын тапқан 25 жылдан артық педагогикалық қызметте жүрген ұстаздарды аттестаттаудан босату, 30 жыл педагогикалық еңбекпен айналысқан педагогқа зейнетке шығу мүмкіндігін беру туралы баптардың Заңда қарастырылмағаны өкінішті-ақ.
Тағы бір айтарым, бүгінде мұғалім мамандығының мәртебесін көтеру – бұл ұлттық рұх пен рухани адамгершілік тәрбиенің рөлін көтерумен тең. Сондықтан бұл жасалып жатқан игілікті іс қоғамдағы мұғалімнің мәртебесін көтеруге өз септігін тигізері сөзсіз. Ал, ұстаздар қауымы да өз ретінде педагогикалық әдепті сақтап, өз білімін ұдайы жетілдіріп, шәкірттеріне, қоғамға үлгі болатындай қызмет істеп, «Ұстаз» деген ардақты атқа лайық болуды мақсат тұту керек деп есептеймін.
А.Баймұратова,
аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы.