Қанатқақты жоба – ҚҰМАРЫҚТА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған Жолдауында шағын және орта бизнес айналасындағы бірнеше маңызды мәселелерге ерекше тоқталған болатын. Әсіресе, аталмыш бағытқа қыруар қаржы бөлінетінін де нақты атап өткен еді. «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді» деп бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің, олардың ауылдық жерлерде дамуына ерекше көңіл бөлетінін жеткізді.
Ел Президентінің алғашқы Жолдауында айтылған тапсырмалар бүгінде сөзден нақты іске көшіп, жүзеге асырылуда. Оған дәлел ретінде өңірімізде қолға алынып, Үкімет отырысында қолдауға ие болған пилоттық жобаны нақты атап өтуге болады. Облыстың он бір ауылдық округінде іске асырылып жатқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» бағдарламасы отбасы бизнесін құруға, оның ішінде көп балалы және жағдайы төмен отбасылардың табысын арттыруға, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынған жобаға ауданымыздан Құмарық ауылдық округі таңдап алынды. Мұнда қазір пилоттық жоба аясында қызу жұмыстар жүргізілуде. Жоба басталғалы бері қатысуға ауыл тұрғындарынан мал шаруашылығы бойынша 238 өтініш түссе, оның ішінде 230-ы нақты құпталып, бүгінгі күнге дейін 77 адам 238 000 000 теңге көлемінде қаржы алған. Қазіргі таңда оған 41 жылқы, 21 сиыр, 435 бас қой сатылып алыныпты. Аталмыш мәліметтердің барлығын бізге ауыл әкімі Болат Мансұр мәлімдеп берді. Сонымен қатар, округ басшысы жоба аясында жалпы 9539 бас мал алынғалы отырғанын да тілге тиек етті. Оның ішінде 262 сауынды сиыр болса, 203-і өгізше. Одан бөлек Құмарық ауылдық округінің тұрғындары 845 жылқы мен 8206 қой алуға тапсырыс берген. Аты аталған төрт түліктерді сатып алуға жоба бюджетінен 683 759 000 теңге қарастырылып отыр.
Жері ауылшаруашылығына қолайлы болып келетін Құмарық ауылының тұрғындары шарапаты мол жобаның шапағатына бөленіп те үлгерген. Солардың қатарында бұрындары мал шаруашылығымен айналысып, жылқы баққан – Қойшыбек Егембердиев те бар. Ауыл ағасы жоба ұсынған бес бағыттың ішінен мал шаруашылығын таңдап, несие алған. Қолына тиген 2 000 000 теңгеге 5 бас жылқы алып, қорасына кіргізіпті. Ендігі мақсаты – Құмарық жерінде жылқы бағып, мал басын көбейту. «Мен ұзақ жылдар бойы жылқы бақтым. Жылқы — қазақ халқына ең жақын келетін төрт түліктің бірі. Сондықтан да, осы жоба ауылымызға келген сәтте бірден құжаттарымды жиыстырып, несие алдым. Бүгінде өз қалауыммен жылқы сатып алып, өсіріп отырмын. Несиені қайтару шарттары да өте тиімді. Бір жылдық демалысым да бар. Одан соң несиемді алты ай сайын белгіленген мөлшерде өтеп отыратын боламын. Пайыздық мөлшерлемесі де өте төмен. Мемлекет басшысының бізге дәл осындай мүмкіндік сыйлағанына дән ризамын» деп өз алғысын білдірді. Қойшыбек Егембердиев жылқы алып, оның басын көбейтумен шектеліп қалған жоқ. Жобаның шарттарын тиімді пайдаланған ол үй іргесіндегі бос жатқан жерді кәдеге жаратып, алақандай ғана ауладан ақша табуды көздейді. Қазіргі таңда кейіпкеріміз 40 соттық жеріне таңқурай егіп, келешекте мол өнім алуды жоспарлап отыр.
Пилоттық жоба еңсесін біраз жылдар бұрын тіктеп, шаруасын шалқытып отырған шаруа қожалықтардың жұмысына да ерекше серпіліс беруі бек мүмкін. Округтегі 78 шаруа қожалықтарда дәл қазір 2000-дай ірі қара, 850 жылқы, 38300 уақ мал бар. Егер де пилоттық жобаға осы бір шаруа қожалықтар да қатысатын болса, ауылға тиесілі мал басының саны күрт артатыны анық. Оған шаруалар да қарсы емес. Солардың қатарында «Есберген» шаруа қожалығының басшысы Жандар Сұрағанов та бар. Жандар Есбергенұлының шаруашылығы ауыл іргесінде, «Шал» тауының етегінде орналасқан. Осыдан дәл он жыл бұрын осы жерге 60 қоймен қоныстанған шаруа қожалық жетекшісі бүгінде мал басының көбейгендігін айтады. « 2019 жылы дәл осы жерге күрке үй тігіп, қораны жәй ағаштан жасап, 60 қана қоймен жайғасқан болатынмын. Ал, бүгінде сол 60 қой 1000-ға жетіп, көбейіп отыр. Уақ малдан бөлек қазір 20 сиыр мен 50 жылқы бар. Ауылымызға келген осынау меммлекеттік қолдаудан қалыс қалмай, жоба арқылы мал басын көбейтуді көздеп отырмын» дейді шаруа қожалық басшысы.
Иә, қанатқақты жобаға қатысуға құмарықтықтар үлкен құлшыныс танытып отыр. Жобаның жұмысын қадағалау әрі жүргізу мақсатында «Құмарық Тау» кооперативі де құрылған. Алдағы уақытта кооператив мүшелері малды жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында бас-аяғы 17 техника алуды көздеп отыр. Оған 89 950 000 теңге қаражат жұмсалмақ. Сонымен қатар, қазір жобаның екінші айналымына қатысты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Яғни, әрбір аулаға тіршілік нәрін жеткізу мақсатында ауқымды жобалар қолға алынған. Нақтылап айтар болсақ, аудан басшысы Ерболат Садырқұловтың тапсырмамен Қаракемерге дейін 780 метр құбыр жүргізіліп, су тартылыпты. Ауыл әкімі дәл осындай су құбыры жуық арада Алғабас ауылына да тартылатын болады деп сендірді. Бұл дегеніміз – округтегі 630 ауланың ішіндегі бау-бақша егуге ниет танытып отырған 599 аулаға су жеткілікті болады деген сөз. Сонымен қатар, ауылға таза ауыз су жүргізу жұмыстары да жуық арада іске асырылатын болады.
Айта кетер тағы да бір жақсы жаңалықты сөз етейік. Енді Құмарық ауылында шағын бизнес бағыты бойынша 2 жоба іске қосылғалы тұр. Яғни, келешекте ауыл аумағында пилоттық жоба аясында тұшпара мен сыр өндеу цехы ашылатын болады. Оның біріне 13 000 000 теңге жұмсалса, екіншісіне 10 000 000 теңге қаржы қарастырылып отыр.
Р.S: Шындығын айту керек, ауылға сапар шегіп, оның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу кезінде ерекше күйге бөлендік. Үкімет отырысында мақұлданған пилоттық жоба Болат Мансұр басшылық ететін округке ерекше серпіліс бергендей. Жоба жұмысы дәл осындай қарқынмен жүргізілетін болса, бірер жылдан кейін ауылдың әлеуетін, экономикалық дамуын бағамдаудың өзі қиын. Тек осы биікке жету үшін ауыл тұрғындары бірлікке бекем болып, жобаның жай-жапсарын жіті түсініп, үлкен құлшыныспен еңбек етуі қажет.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.