675 Views
Ауыл әкімдерінің халық алдында есеп беруі де өз мәресіне жетіп қалды. Жиналыстарға жұрт әдеттегіден көп жиналып, өздерінің көптен бері көкейінде жүрген сұрақтарын қойып жатыр. Ол сұрақтардың басым көпшілігі ауыл тұрғындарының тұрмысы мен әлеуметтік түйткілдеріне байланысты. Осындай жиналыстар Құмарық ауылдық әкімдігіне қарасты Алғабас пен Қаракемер ауылдарында болып өтті. Оған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспенов өкіл ретінде қатысып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қайтты.
Алғабас ауылындағы жиналысқа 97 ауыл тұрғыны қатысса, Қаракемерде 131 адам болды. Аймақ әкімі Б.Мансұрдың есепті баяндамасын зейін қоя тыңдаған ауыл тұрғыны Серіккүл Қарынтаева көшеде қаңғыбас иттердің көбейіп кеткенін айтса, Мағрипа Серікбаева Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп ұжымының атқарған жұмысын айта келіп, кейбір әлеуметтік мәселелерге назар аударды. Ал, Қаракемер ауылында өткен жиналыста ауыл тұрғыны Әзірбай Табылдиев пилоттық жоба бойынша несие алуға байланысты сауал қойды. Оған Е.Еспенов ұғынықты жауап қайтарды.
Екі ауылда өткен есеп беруге жұрт қанағаттанарлық деген баға берді. Аймақ әкімі: «Әрбір аула табыс көзі. Сондықтан ауылда пайдаланылмай игерусіз жатқан жарты метр де жер болмауы керек. Қазір 238 аула 2,5 пайызбен несие алып, мал өсіруге өтініш білдірді. Округте 630 аула бар. Халықты пайдалы еңбекке тарту, пайда табуға жетелеу керек»деді.
Дәл осындай жиналыстар шалғай жатқан Қосапан, Сұмқайты, Сәлімбай, Жарлысу елді мекендерінде де өтті. Көгершін ауылдық округінің әкімі Е.Айдархан ауыл тұрғындары П.Оралбаевтың, Ж.Сейдасқардың сұрақтарын тыңдап, оларға орнықты жауап қайтарды. Мәселен, Қонаев ауылы мен Қосапанның арасындағы жолды жөндету бұрыннан келе жатқан мәселенің бірі. Қосапан ауылы келешегі жоқ ауылдардың санатына енген. Сондықтан бұл проблеманы шешу жоғары тұрған органдардың құзырында екені анық. Ал, көшеге жарық тартуды аймақ әкімі шешіп беруге уәде етті. Мұндағы артезиан құдығы әбден тозған, оны жөндету өте қажет.
Сұмқайты да шағын ауылдардың санатына кіреді.Дегенмен жиналысқа 28 ауыл тұрғыны келді. Мұнда да ауыз су туралы сөз болды. Ауыл әкімі Б.Ақүрпеков: «Егер су мұнарасы мемлекет меншігіне өтсе, онда қаражат қарастырып, су шығарамыз» деді. Аймақ әкімі Сәлімбай ауылындағы халықтың алдында өзінің атқарған жұмысын саралай келіп, тұрғындар Сейсен Тәңірбергеновтың, Рахымберді Қожамбердиевтің және Ерлан Райымқұловтың: «Сәлімбай ауылының тұсынан өтетін кірпіш зауытының автокөліктері халықтың наразылығын тудырып отыр, медбике керек, төмен пайызды несиені қалай аламыз» деген сауалдарына әкім жауап тапты. Жарлысу ауылы өзге мекендерге қарағанда әлеуметтік мәселелері шешілген ауыл десек те жиналысқа қатысқан халық әлі де шешімін күткен мәселелер бар екенін айтты. Мәселен зейнеткер Серік Жүндібаев қатты қалдықтар тастайтын орын жоқ екенін айтса, ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы Кәдірбек Жапарқұлов Тастанбек көшесін жөндету қажеттігін, мұғалім Ниет Сәлімбаев: «Талдыөзеннің суын қалай аламыз?» деген сұрақтар қойды. Бұл мәселелердің барлығының шешімі бар екенін Б.Ақүрпеков нақтылы дәлелдермен айтып берді.
Өрнек ауылдық аймағындағы барлық жиналыстарға аудандық қаржы бөлімінің басшысы Т.Жапарқұлов қатысты. Тұрғындар тарапынан түскен кейбір сауалдарға жауап берді.
С.Қожеке.
Поделиться ссылкой: