КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІК

740 Views

Облыс әкімдігінің білім басқар­масының ұйымдастыруымен Құлан агротехникалық колледжінде «Құзы­рет­тілік орталығы – кәсіби ма­ман даяр­лаудың басты тетігі» деген тақы­рыпта тәжірибе алмасу семинары болып өтті. Оған облысымыздағы «Ветеринария» және «Агрономия» мамандарын даяр­лайтын колледждердің басшылары, ма­ман-педагогтары келіп қатысты. Сондай-ақ, оқу орнымен тығыз байла­ныс орнатқан үш шаруа қожалығының жетекшілері шақырылды.
Семинар әлеуметтік серік­тес­тік­тердің бастамасымен «Атаулы шәкіртақы» беру рәсімімен басталды. Осыдан екі ай бұрын колледжге ди­рек­тор болып тағайындалған Саясат Керімбекұлы Есеев, «Шәушен» шаруа қожалығының атынан Тәліпбек Шақбаев, «Ал-Рай» және «Қайқы» ша­руа қожалықтарының жетекшілері Айнагүл Бекболқызы Әбдірайымова мен Сәтжан Мамырбаев салтанатты жағдайда үшжақты келі­сімге қол қойды. Атаулы шәкіртақы кол­ледждің қоғамдық жұмыстарына бел­сене атсалысып, озаттар қата­рынан көрінген студенттерге жар­ты­жылдыққа 30 мың теңге көлемінде та­ғайындалыпты. Келісім-шартта көр­сетілгендей стипендияны төлеуді қо­жалық басшылары өз мойнына алған. Осыған орай озат атанған 6 студент: Денис Гордеев, Аида Тұрбекова, Күмісбек Еламан, Гүлім Мұханжан, Арайлым Кенешбекова, Аяужан Өсербаева осы шартқа қол қойды. Осынау игі бастамаға жиналған жұрт шын ризашылықтарын білдіріп, қол шапалақтады.
Осыдан соң жиналған жұрт «Ветеринария» және «Агрономия» құ­зы­реттік орталықтарының ашылуы­на қатысып, оның жұмысымен таныс­ты. Орталықтың лентасын колледждің байыр­ғы оқытушысы Серік Күмісов пен зейнет жасындағы білікті мал дәрігері Тәліпбек Шақбаев қиды. Осыдан соң екінші қабатта орналасқан шахмат алаңының ашылу рәсімі болып өтті. Ал, кәсіби өнімдер көрмесі орналасқан зал­ға келгенде меймандар мамандыққа сай жасалған галограмманы тамашалап тұ­рып қалды. Бұл залдың өзгешелі­гі сол онда қойылған бейнеслайдттан оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігін толық көріп шығуға болады.Көрмеге келушілер колледж туралы толыққанды ақпаратты осы жерден және жастарға арналып ашылған баспасөз орталығы­нан ала алады. Колледжде «Жастар» га­зеті шығады, орталықта радио торабы бар.Тағы бір жаңалықтың бірі музей­дің ашылуы болды. Онда адамзаттың алыбы Шыңғыс Айтматовтан бастап осы оқу орнын ең алғаш басқарған А.Ахметов пен Есенғараевтың, Ж.Бүкіроваға дейінгі басшылардың портреттері мен олар тұтынған заттар мен құжаттардың қойылуы кімді бол­са да қызықтырмай қоймайды.
Басшы болып келгеніне небәрі екі айдың жүзі болған С.Есеевтің іл­кімділігіне келген жұрт тәнті болды. Ол меймандарға тест орталығын көр­сетіп болған соң «Рухани жаңғыру» кабинетіне келіп семинарға келген қонақтарды таныстырды. Алдымен ол өзі 100 жылдық тарихы бар оқу ор­нының жетістіктерін баяндап берді. Ол өз сөзінде: -Құлан агротехника­лық колледжінің материалдық-техникалық ба­засы анағұрлым жақсарды. Об­лыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов­тың тікелей тапсыруымен салынған жылыжайлар, ветеринарлық клини­ка, агрономиялық зертхана, дәнекер­леу, сүт және ет өнімдерін өңдеу цехтары соңғы үлгімен жасалған. Ау­данда 1300 қожалық бар болса со­ның 107-сі колледжбен әлеуметтік се­ріктестік шартына қол қойған. Өт­кен жыл­дың өзінде дуалды оқыту және өндірістік тәжірибеден өту кезінде сту­денттерге 600 мың теңге көлемін­де еңбек ақы төленді. 17 педагог шет мемлекеттерде біліктілігін арттырып, әлемдік деңгейдегі оқытудың озық үлгілерін сабақ үстінде қолдануда. Бірлік Срайылов пен Еркебұлан Ертаев «Үздік педагог» атағын алған. Өңір қажеттілігіне орай үш жаңа ауыл шаруашылығы мамандығы ашылды. Бес мамандыққа модуль­дік оқыту жүйесі енгізілді,-деді.
Семинар жұмысына «Атамекен» кәсіпкерлер Палата­сы аудандық филиалының жетекші­сі Қайрат Өскенбаев, аудан­дық фитосанитарлық диагнос­ти­ка және болжамдар әдістеме­лік орталығының басшысы Асхат Нұғманов қатысып, өз ойларын ортаға салды. Колледж директоры өз кезегінде серіктес қожалық бас­шы­­ларының кәсіби мамандарды даярлауға қосқан үлесін ескеріп оларға Алғыс хат тапсырды.
Облыстық білім беру басқарма­сы техникалық және кәсіптік бі­лім беруді дамыту орталығының басшысы Бекбол Сұраншыұлы Қайыпшаев семинардың тәжірибе ал­масу формасында өтіп отырғанын, кәсіби маман даярлаудың ең басты тетігі құзыреттілікте екенін баса айта келіп, колледждің келешекте халықаралық деңгейден көрінуіне мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Осыдан соң ветеринария және агро­номия бөлімдерінде сес­сия­лық семинарлар өтті. Оған қаты­сушылар құзыреттілік бойынша техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде атқарылып жатқан оқу бағдарламалары мен әдістемелік жұмыстарды тал­қы­лап, тәжірибелік алаңдардағы ветери­нарлық диагностикалық рентген аппаратының жұмысы мен жылы­жайдағы лимон өсіру техноло­гия­сымен танысты.
Осыдан соң студенттер Жақсы­лық ауылындағы «Андабай» шаруа қожалығында болып, Бибігүл Қазыбаева­ның жеке­меншігіндегі малдар­ға волон­тер­лік қызмет көр­сетті. Семинар теориялық және прак­ти­калық тәжірибелерге өте бай болды. Ол сту­дент­терге де, об­лыс коллед­жі­нен келгендерге де үлкен тә­жірибелік сабақ бол­ды деп айта аламыз.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: