Шоқ тілді Шона
40 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Өткен дүйсенбіде аудан әкімі Ерболат Садырқұлов түс ауа Луговой кентіндегі теміржолшылар клубына келіп, он мыңнан астам халқы бар елді мекен тұрғындарының алдында есеп берді. Алдымен жиналған жұрт аймақ әкімі Мұрат Свановтың баяндамасын тыңдады.
Баяндамашының сөзіне назар аударсақ, өткен есепті мерзім ішінде әкімшілік қызметкерлері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Халықпен тиімді кері байланыс орнату» туралы тапсырмасына сай кенттегі 46 көшенің тұрғындарымен 18 кездесу өткізіпті. Сонымен қатар «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасына сәйкес 13 азаматқа 44,7 миллион теңге көлемінде несие берілуіне ықпал еткен. 22 азамат жарты миллион теңгенің, екі адам 252500 теңгенің, барлығы 11 миллион 615 мың теңгенің грантын ұтып алғаны айтылды. Олардың барлығы өз аулаларынан мал мен құс өсіруге, наубайхана немесе тігін цехын ашып, осы кәсіптерді табыс көздеріне айналдырып алған.
Иә, кенттегі халықтың басым көпшілігінің жұмысы бар. 5111 адам жұмысқа жарамды десек, солардың тұрақты жұмыс істейтіндерінің саны 2685 адамға жете қабыл. Олар ықылымнан бері болат жол бойында, рельс дәнекерлеу зауытында еңбек етеді. Темір жол бойында 22 мекеме бар болса, соның 12-сі «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамына қарайды. Ауылда мыңға тарта зейнеткер мен мүгедек жан бар. Жұмыссыздар 0,07 пайызды құрайды екен. Орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатын нысандардың ұзын саны 93-ке таяу. Бұл салада 158 адам кәсіпшілікпен айналысып жүр.
Ауыл әкімінің басты мақсаты халыққа өмір сүруге барынша қолайлы жағдай жасау екені айтпаса да түсінікті. Өйткені халықпен етене жақын жұмыс істеп, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсы біліп отыруды мемлекет басшысы үнемі ескертіп отырады. Ауыл әкімінің есебінен соң залда отырған жұрт оған әр түрлі райдағы сұрақтар қоя бастады. Бірақ ол сұрақтарды орынды деп айта алмаймыз. Мәселен, Ынтымақ көшесінің тұрғыны Карентаев: «Бізге қашан газ келеді?» дейді. Баяндамада айтылғандай кенттегі 1923 отбасы көгілдір отынды пайдаланып отыр. 23 жағдайы нашар отбасының үйіне ғана газ қосылмаған. Осыған орай М.Сванов: «2016 жылы газ кіргізіле бастағанда сіздің көшеге газ тарту ақысы өте қымбат болған. Біз сіздерді ұмытқан жоқпыз, көшелеріңізге газ тартуға ұсыныс жасадым. Енді сіздер әскери қалашыққа газ тартылған кезде ғана отын алуға мүмкіндік туады» деді. Ал, зейнеткер А.Тоқтанаев көше шамдарының өшіп қала беретінін, тұрғындарға жайылымдық жер керек екенін қынжыла айтты. Сондай-ақ, М.Горький атындағы орта мектепке барып оқитын оқушыларға саяжол салу туралы да тұрғындар мәселе қозғады.
Ауыл әкімі мен аудан әкімінің бірлескен есеп беруі ауыл жұртшылығының оған зор белсенділікпен қатысуымен өтті. Аудан әкімі өзінің жылдық есебін слайдттар мен кардиограммаларға сүйене отырып, әр салада қол жеткен табыстарға терең талдау жасады. Баяндамашы өз сөзінде: -Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Онда: «Жамбыл облысында жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуды ынталандыру бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Таяу жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару 34 пайызға өседі» деді. Осы пилоттық жоба біздің ауданымызда да кеңінен өріс алуда. «Құмарық-тау» өндірістік кооперативі құрылып, оған 599 аула тартылды. 238 аулаға 2,5 пайызбен несие берілетін болды. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, бір ауылға 8 мың қой келеді екен. 90 миллион теңгеге жаңа техника сатып алынады. Осының барлығы ауыл халқына көрсетіліп отырған ауқымды қолдау емес пе,-деді баяндамашы.
Әкім астықты ауданның проблемаларын әбден зерттесе керек: «Ілгеріде, кеңес өкіметі тұсында шығар, 18 канал болған көрінеді. Сол кезде суармалы жер көлемі сегіз мың гектарға жетіпті. Ал, қазір суармалы жеріміз үш мың гектарға әрең жетеді. Иә, біз өткен жылы 145 мың гектар жердің 106 мың гектарына масақты дақыл егіп, одан айтулы өнім алдық. Алайда суармалы жеріміз көп болса қамбамызға түсетін астық та мол болатын еді деп ойлаймын. Сондықтан каналдарды қалпына келтіруді келешек жоспарымызға енгіздік.
Баяндамашы өз сөзінде 42 елді мекеннің 24-не көгілдір отын келгенін, енді 11 ауылға 4 жоба әзірленіп жатқанын, Жаңатұрмыс пен Қарақыстақ округіне енетін ауылдарға «газ кіргізіп беремін» деген желеумен елдің қыруар қаржысын қалтасына салып әкеткен кәсіпкерді сот арқылы жеңіп, енді биыл бұл ауылдарға газ кіргізілетінін баса айтты. Сондай-ақ, әкім күн тәртібінен түспей тұрған бір мәселеге ерекше тоқталып өтті. Ол: «Осы уақытқа дейін ауданда бірде бір пәтер пайдалануға берілмепті. Мемлекет басшысының кезекте тұрған көп балалы отбасыларына пәтер беру жөніндегі тапсырмасын назарға ала отырып, биыл бес қабатты яғни, 80 пәтерлі 2 үй салатын боламыз. Сөйтіп, тұрғын үй мәселесін шешеміз» деді.
Баяндама бойынша жарыссөзге шығып сөйлеген ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалдығұл Қойшыманов теміржол разьезінен аспалы көпір салу туралы күрделі мәселе көтерді. Оның бұл ұсынысын залда отырған жұрт түгелдей қолдады. Зейнеткер Рысбек Алшабаев ауылдан спорт кешенін салу, саяжолдарды кеңейту мәселесін қозғады. Олардың екеуі де баяндамашылардың жасаған есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.Иә, жиналыста өте ауқымды мәселелер қозғалып, олардың келешектегі жоспары бекітілді. Сөйтіп, үлкен ауылдың үлкен проблемаларын шешудің алғышарты жасалды.
С.Қожеке.
Суретте: аудан әкімі Е.Садырқұловтың жиналыстан соң пікіралысу сәті.