Қыз тәрбиесіне қырыннан қарап жүрміз бе?
Өзгені қайдам, өз басым «қазақ қызы» дегенде басына сәукелесін киген, аққудай мойнын төмен иген, ер-жігітке тіке қарай алмайтын, үйден қырық қадам аттаса, әрмен қарай бармайтын, қос бұрымды, бет-жүзінде ұяңдығы басым, салт-дәстүрді берік ұстанатын, бойына әдептілік пен инабаттылықты, сыпайылық пен мейірімділікті сіңіре білген, ар тазалығын бәрінен де жоғары ұстайтын қылықты қыз көз алдыма бірден елестейді. Дегенмен, жоғары да мен суреттеген «қазақ қызының» нағыз үлгісі соңғы кездері көзді былай қойғанда, санадан ғайып болып бара жатқандай әсер қалдырады…
Жаңа жыл қарсаңында жақын таныстарымның бірі Тараз қаласына қонаққа шақырды. Шынымды айтсам, студенттік кезеңнен кейін қалаға арнайы барып, саяхаттамағаныма біраз болыпты. Тотыдай түрленіп, жаңаша жаңғырған тарихи қаланы көруге асыққаным соншалық, досымның ұсынысын қолдап, бірден келістім. Белгіленген күні аралықтағы жолды еңсеріп, тарихы тереңде жатқан шаһарға да жеттім. Көне қаланың жаңадан салынған тарихи нысандарын аралап, құдды бір өткен ғасырларда жүргендей күй кешеді екенсің. Қаланы әбден аралап болғаннан кейін, әлгі досым кешкі ас ішуге әрі аз да болса да сергіп қайту үшін шағын мейрамханаға баруды ұсынды. Баруын бардым-ау! Бірақ, қатты өкіндім.
Мейрамханаға жетіп, кірер сәтте ғимараттың ту сыртында тұрған екі бойжеткенге көз түсті. «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деп жырлаған Фирдоуси секілді тамсанғаннан көзім түскен жоқ. Шындығына келгенде, шығыс шайырының қазақ қызына берген жоғары бағасын әлгі бойжеткендер шылым шегіп, төмендетіп тұрғанына қатты қынжылдым. Иә, соңғы кездері қоғамдық орындарда темекісін тұтатып, түтіндетіп тұратын бұрымды қыздар көбейді. Мүмкін сәнге айналды ма, кім білсін?.. Бір белгілісі сол шылым бүгінгі бойжеткендер ертең ана атанғанда құрсағындағы сәбидің денсаулығына кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Құрсақтағы сәби демекші, қазіргі таңда кәмілеттік жасқа толмай жүкті болған қыздардың да саны артып келеді. Бұл түйткіл қазақ қызына қатысты мәселелердің ең өзектісіне айналып, күн тәртібінен түспей тұр. Бұл – бір. Екіншіден, қазіргі таңда әлеуметтік желілерді парақтап көрсеңіз небір сұмдыққа тап боласыз. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, ондағы кейбір қазақ қыздарының бір-бірімен жаға жыртысып, аузына келгенін айтып жүргендері анық әрі ашық түрде көрсетілуде. Қатты айтты демеңіз, тіпті, тәнін жалаңаштап, талайды «тәнті» етіп жүргендері қаншама?! Жаппай жаңалаштанып жатқандар мұнымен тоқтай қалсын ба?! Ең сорақысы олар «Мен қазақтың қызымын» деп ұрандатып, оның дәлелі ретінде басына ұлттық нақышта жасалған сәукелені киюден де тартынбайды. Осы бір бейберекетсіздіктерге қарап, ата-бабаларымыз айтып кеткен «Қызға қырық үйден тиым», «Қыз қылығымен сүйкімді» деген нақылдар бүгінде өз күшін жойғандай көрінеді маған. Тіпті, күнделікті күйбең тіршіліктен бас алмай, қыз тәрбиесіне келгенде қырыннан қарап жүрміз бе деген ойда қаласың, еріксіз.
Ұлтты тәрбиелеу тікелей нәзік жандыларға байланысты. Сондықтан, теріс оймен, бұрыс жолда жүрген бұрымдыларымыз болашақта ана атанғанда қандай ұрпақ тәрбиелеп шығаратынын ойлаудың өзі қорқынышты. Дер кезінде шара қолданбасақ, ертеңгі күні бармағымызды тістеп қалмасымызға кім кепіл?
Көзі ашық, орамды ойы бар оқырман! Қара көз қарындастарымыздың бұндай қадамдарға баруына не себеп? Олардың жіберген қателіктеріне кім кінәлі? Мәселеге тосқауыл болатындай амал бар ма? Жалпы қыз тәрбиесі жайында сіз дейсіз?..
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.