Барлық салада өсім бар

603 Views

Аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, халық алдында есеп беру кездесулері аяқ­талуға жақын. Бұл жолы аудан бас­шысы Ақниет, Көгершін және Абай ауылдық округтеріне барып, өт­кен жылда атқарылған жұмыстарға сарап­тама жасап, тұрғындар алдында есеп берді.
Жері ауылшаруашылығына қолайлы бо­лып келетін Т.Рысқұлов ауданында агро сала жыл сайын ілгері дамып келеді. Ауданда өткен жылғы өндірілген өнім көлемі 33,4 млрд. теңгені құраған. 2018 жыл­мен салыстырғанда бұл көрсеткіш 6,3 млрд. теңгеге артық. Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы өндірілген өнім көлемі 27,1 млрд.теңгеге жуық болған. 33,4 млрд-тың 18,5 млрд.-ды егін шаруашылығына тиесілі болса, 14,8 млрд. теңге мал шаруашылығы арқылы өндірілген. Аудан аумағына былтыр 52000 гектар күздік бидай, 54600 гектар жаздық арпа, 120 гектар жүгері, 8106 гектар мақсары, 400 гектар көкөніс, 125 гектар бақша өнімдері, 315 гектар қант қызылшасы, 547 гектар картоп, 9300 гектар жоңышқа себілген. Ал, 19500 гектар жерге пар айдалып, жалпы 145122 гектар егістік жер толығымен игерілген екен. Егілген дақылдардың шығымдылығы мен сапасын арттыру мақсатында, аудан бойынша 2420 тоннадан минералды тыңайтқыштар алынып, егілген егістіктің 24910 гек­тары, яғни 27,2 пайызы тыңайтылған.

Барлық салада өсім бар

 

Ауданда техника паркін жаңалау жұ­мыстары да ерекше серпіліспен жан­данып келеді. 2018-2019 жылдары 3,3 млрд. теңгеге 129 дана ауыл шаруа­шылығы техникалары алынған. Оның ішінде 39 дана егін орағы комбаины сатып алынып, ауданның ауыл шаруашылығы машина-тракторлар паркі 7 %-ға жаңаланған. Аталмыш жұмыстардың жандануына аудандағы шаруа қожалықтардың тигізген үлесі орасан зор. Соңғы жылдары ауданда зама­науи «су үнемдеу әдісімен» суға­рылатын алқаптың аумағы да кеңейіп келеді. Қазіргі таңда шашыратып, тамшылатып суғарылатын алқап 805 гектарға жетіп отыр.
Ауданда кәсіпкерлік саласы да қана­тын кеңге жаюда. Аталған сала­ның дамуына Қорағаты ауылдық округіне тиесілі «Көкқия» тауында алтын өндірумен айналысып жатқан «GOLDEN COMPASS CAPITAL» алтын өндіру кәсіпорнының қосқан үлесі орасан зор. Келешегі кемел кәсіпорын өткен жылы 408 кг өнім өндірген.
Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп айқындап, аталмыш буын өкіл­деріне үлкен сенім артқан болатын. Жал­пы алғанда осы «Жастар жылы» ая­сында аудан көлемінде жасалған жұ­мыстар өте көп. Солардың бірі — «Дипломмен ауылға» бағдарламасын іске асыру. Өткен жылы дипломдарын ауылға құшақтай келген 43 жас маман­ға тұрғын үй сатып алуы үшін несие берілген. Оған бюджеттен 162 862,0 мың теңге бөлініпті. Сонымен қатар, көтерме жәрдемақыға 81 жас қол жеткізген. Оған бас-аяғы 14922,75 мың теңге қарастырылған. Кәсіпкерлікпен айналысам деген жастарға да көр­се­тіл­ген көмектер өте көп. Мәселен, «Биз­нестің жол картасы-2020» бизнесті қол­дау мен дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасы шеңберінде 29 жоба өт­кі­зіліп, 3,0 млн.теңгеге дейін қайта­рымсыз мемлекеттік гранттар беріл­ген. Жалпы сомасы 20,2 млн. теңгені құрайтын қаржыға ауданнан 10 жас кә­сіп­кер қол жеткізіпті. Аталған мәлі­меттердің барлығын аудан әкімі Ер­болат Садырқұлов өз баяндамасында сөз етіп, атқарылған жұмыстарды ха­лыққа жеткізді.
Әкім баяндамасынан кейін, жиылған тұрғындар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салып, сауалдарын жолдады. Ендеше әр ауылдық округ тұрғындарының қозғаған мәселелерін кеңінен тарқатып көрейік. Мәселен, Ақниет ауылдық округінде көгілдір отын мәселесі өте өзекті. Сонымен қатар, ауданға жеткізетін үлкен жолдың да тозығы жеткен. Округ орталығына оқу­шыларды тасымалдайтын жолау­шылар көлігінің техникалық жағдайы да мәз емес.Одан бөлек ауыл тұрғындары төрт түлікті, әсіресе оның ішінде ірі қара малын асылдандыру, ұрықтандыру жұмыстары ақсап тұрғандығын да жасырмады. Ең бастысы ақниеттіктер ауыл аумағына Д.Қонаевтың ескерткіші бой көтергендігін қалайды. Аудан басшысы өзіне жолданған көгілдір отын, жол, тасымалдаудағы қиындықтар, асылдандыруға қатысты сауалдарға нақты дәлелдермен жауап қайтарып, кейбір мәселелерді толығымен сара­лау үшін хаттамаға енгізді. Ал, ауылға ескерткішті тұрғызуға қатысты сұраққа ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Нұржан Букетов жауап беріп, ескерткішті тұрғызуға демеушілік көрсететінін айтты. Сонымен қатар, ауыл іргесіне Д.Қонаевтың есімі жа­зыл­ған арка ақпан айының басына қарай қойылатынын жеткізіп, ауыл тұрғындарының қошеметіне бөленді. Ерболат Салқынбекұлы да өзінің атынан алғысын айтып, кәсіпкерге жол көрсету үшін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен ауыл әкіміне же­келей тапсырмалар берді. Жиында балабақша, денсаулық, әлеметтік көмектер көрсетуге қатысты сұрақтар көтерілді.
Ал, Көгершінде көп мәселе көте­рілген жоқ. Өйткені онда өзге ауыл­дардағы өзекті мәселелер әлдеқашан өз шешімін тауып қойған. Ауыл ақсақалдары керсінше аудан және ауыл әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Дегенмен, жиында интернет жылдамдылығының төмендігі, мәдениет үйінің жоқ­ты­ғы, мектепке күрделі жөндеу жұмыс­тарының керектігі туралы мәселелер айтылды. Ал, ауыл ардагері Серікбай Өтегенов тау суының ауылға келуі қиындап кеткенін айтып, аудан әкімінен осы мәселені шешуге ықпал жасауын өтінді.
Дәл осыған ұқсас сауалдар түстен кейін Мұратбек Арыстанбеков бас­шылық ететін Абай ауылдық округінде де көтерілді. Нақтылап айтар болсақ, мектепке күрделі жөндеу жүргізу және жиһаздар алу, интернет жыл­дам­дылығының нашарлығы, жерді жалға алу, тау суына қатысты мәсе­лелер көтерілді. Жиында ерекше сұрақ­тардың бірін ауыл тұрғыны Берік Қарақой­шиев қойды. Ауыл ағасы газет тарататын пошта қызметкерінің айлығы мардымсыз екенін айтып, тіпті оның мөлшері еліміздегі ең төменгі айлық көрсеткішінен де аз екенін жеткізіп, аудан әкіміне осы мәселені назарда ұстауын өтінді. Ал, ауыл ақсақалы Рысбек Секербеков ауылға балабақша салу және ұстаздық мамандықты таңдаған ауыл жастарының жұмыссыз жүргенін алға тартып, аудандық білім бөліміне өз өтінішін жеткізді. Сөз соңында Абай ауылдық округінде талай ілкімді істер атқарылғанын, оның бәрі аудан басшысы Ерболат Садырқұлов пен ауыл әкімі Мұратбек Арыстанбековтың арқасында жасалғанын айта келе, ауыл тұрғындары атынан алғысын жеткізді.
Бір байқағанымыз аудан әкімінің баяндамасындағы «Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы бойынша атқарылған жұмысты тұрғындар үлкен ықыласпен тыңдап отырды. Тіпті, үш ауылдық округтің тұрғындары да алдағы уақытта жоба өз нәтижесін беріп, өзге де елді мекендерде жүргізілетін болса, алғашқылардың бірі болып қатысуға ниетті екендіктерін байқатты.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Өзекті мәселелер айтылды

Аудан әкімі барлық аймақта тұр­ғындар алдына шығып есеп берді. Баяндамада өткен жылдың қол жеткен табыстарымен қатар әлі де шешіле қоймаған мәселелері айтылды. Барлық он бес округта аймақ әкімдері аудан әкімімен бірлесе отырып есеп берді. Халық әкімдерге өздерінің әділ баға­сын берді. Олардың жұмысы шы­нында да қанағаттанарлық деген баға­ға лайық деп айтуға болады. Жаңа­тұрмыс ауылының іргетасының қалан­ғанына биыл 90 жыл толды. Әрине, кеңес өкіметі тұсындағы ауыл мен қазір­гі ауылды салыстыруға бол­майды. Халықтың тұрмысы анағұрлым жақсар­ды. Әлеуметтік-мәдени салада түбе­гейлі өзгерістер бар.
Ауыл әкімі Нұрболат Жамалбеков өңірдің тыныс-тіршілігін түгел баян­дап берді. Халықтың әл-ауқатының жақ­сарғаны емес пе, бүгінде бір ауыл­дан өріске он үш мыңға тарта уақ мал, мыңға жуық жылқы, 1200-ден аса мүйізді ірі қара шығады. Ауылда 125 шаруа қожалығы, бір кооператив бар. Бүкіл аудан халқы шөпті осы ауылдан алады. Өткен жылы 800 гектарға жоңышқа егіліп, 4960 тонна өнім жиналды. «Құлбарақ» шаруа қожалығы 42 миллион теңгеге «Есіл-740» маркалы астық комбайнын, 12 миллион теңгеге «МТЗ – 1221» тракторын, 3,7 миллион теңгеге тайлап буатын механизм сатып алды. Қ.Әділов те «МТЗ» тракторын сатып әкелді. Н.Жамалбеков аймақтағы атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жасады.
Артынша жиналған жұрт аудан әкімі Е.Садырқұловтың есепті баян­дама­сын зейін қоя тыңдады. Өте мазмұнды жасалған есептен соң сұрақ қоюшылар да көп болды. Ауыл тұрғыны Қалдыбек Әділов алты жыл бойы әуре-сарсаңға түсіріп келе жатқан көгілдір отын мәселесін қозғады. Әкім өзінің баяндамасында осынау өзекті мәселені шешкенін «Аққар» фирмасының бас­шысы Т.Байдәулетовтың өз ық­тия­рымен қолхат беріп, жобадан бас тарт­­қанын, енді тек Жаңатұрмыс ауы­лына ғана емес, Қарақыстақ ауыл­дық округіне қарасты төрт елді ме­кен­ге де газ тарту­дың жаңа жобасын сарап­тамадан өт­кізіп жатқанын айтып берді. Аудан әкімі мұнымен қатар биыл бұл ауыл­ға ауыз су кіргізудің де жобасы дайын­далып жатқанын, биыл медпункт салынатынын, сонымен қатар клуб салуды қолға алатынын айтып өтті.
Әкім Е.Еркебаланов пен Қ.Тұрлы­баев­тардың айтқан сұранымдарын назарға алды. Ауыл ақсақалдары Жет­пісбай Көлбаев, Аманкелді Мол­дашевтар ауыл әкімі мен аудан әкімінің жұмысына лайықты баға берді.
Дәл осындай жиналыс Каменка ауылында да болып өтті. Онда да жұрт ауыз су мен көгілдір отын кір­гізу туралы өзекті мәселелерді қоз­ға­ды. Ауыл әкімі О.Тәнкеевтің есе­­­­біне де қанағаттанарлық баға бе­ріл­­­­ді. Жиналыста сөз алған тарих­шы-өлкетанушы Б.Әлі: — Біздің Ка­мен­ка ауылының ортасындағы сая­­жолдың салынғанына 60 жыл бол­­ды. Жол тозып кетті. Тағы бір ай­тайын дегенім, ауылдағы жағдайы жоқ­­тарға «асар» жасап, жылына бір үй салып берсек қайтеді? Жақында Же­ңіс­тің 75 жылдығын қарсы ала­мыз, ал, майдангерлердің есімі құл­пы­тас­тарға толық жазылған жоқ, соны ескергеніміз жөн. Сонымен қа­тар, ауыл­дың құрылғанына 90 жыл, Камен­ка ауылының іргетасының қалан­ға­ны­на 150 жыл толады. Осы айшық­ты атау­ларды ұмытпағанымыз жөн шы­ғар,-деді.
Жиналыста ақсақалдар А.Оразбаев, А.Қабыл­ханов, Ж.Айматов, С.Шілде­баев, Б.Қалымбетов, Қ.Дәулетов тағы басқалар сөз алып, ауыз су, газ мә­се­лелерін тағы да көтерді. Сөй­тіп, бар­­лығы есепті баяндамаға қана­ғат­­танарлық баға берді. Каменка ауы­лы­ның тұрғыны С.Шекеевтің де, О.Сұлтановтың да, Тасшолақ ауылынан кел­ген Ш.Иманжановтың да пікірлері назар­­ға алынды. Сөйтіп, бес ауыл халқы­ның өзекті мәселелерін шешудің жолдары қарастырылып, оларға тия­нақты жауап қайтарылды.
«Сұлутөр» кинотеатрында аудан әкі­мі Ерболат Садырқұловтың Құ­лан ауылдық округінің әкімі Мұрат Иманбаевпен 2019 жылдың қоры­тындысы бойынша бірлесіп өткізген есепті жиналысында халық залға лық толы болды. Иә, аудан орталығы болып есептелетін Құлан ауылы жыл өткен сайын өзгеше реңкке бөленіп, жаңаша келбетке еніп келеді. Ол рас. Орталық Жі­бек жолы көшесіне төселінген асфальт жолы болсын, кешқұрым орталықты нұрландырып жіберетін көше жарықшамдары болсын, ұлттық ою-өрнекпен әдіптеліп салынған орталық көшедегі аркалар болсын, Құланды кез келген қала типінен кем көрмейтіндей етіп әйгілеп тұрғаны сөзсіз.
Сондықтан да болар, есепті жина­лыста жергілікті тұрғындар қос әкімді сұрақтың астына алған жоқ. Тұр­ғындар тарапынан тек көше жолдарын асфальттау, қаңғыбас иттерді ау­лау, көше жарығын орнату, жол қауіп­сіздігі ережелері бойынша тиісті шара­лар­дың алдын алу, интернет жыл­дам­дығын арттыру сынды сауалдар қойыл­ды. Аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы әр қойылған сұраққа нақты мысал­дармен жауап берді. Жина­лыс соңын­да ауыл тұрғындары қос әкімнің қоры­тынды есебін қанағат­танарлық деп бағалады.

С.Қожеке.
Жаңатұрмыс және Қарақыстақ ауылдық округтері.

Поделиться ссылкой: