Коронавирус: Ғалымдар не дейді?
Әлемде кәдімгі тұмаудан жылына әлдеқайда көп адам қайтыс болады. Алайда, емі болмағандықтан жаңа инфекция одан да қауіпті.
Бүгінде Қытайда ғана емес, бүкіл ғалам әуежайларында осы елден жеткен жолаушыларды скринингтен өткізу жұмыстары күшейтілді. Ал, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдік деңгейде төтенше жағдай жариялау және коронавирусқа халықаралық деңгейде жауап қайтару мәселесін бүгін қайта қарайды.
Планетаны осынша дүрліктірген бұл қандай дерт? Өзекті сауалға ғалымдардың қысқаша жауабы төмендегідей:
Бұл неткен вирус?
Ғалымдар оған жаңа коронавирус деген анықтама беріп отыр. Бұл – латынның «crowns» (тәж) немесе «halos» (шеңбер) деген сөздерінен пайда болған атау. Өйткені, коронавирус микроскоппен қарағанда, осы екеуінің қосындысын еске түсіреді. Бұл вирустар тобына адамға зиянын тигізетін бірнеше түр кіреді. Олардың бірі тұмауға шалдықтырса, өзгелері жарқанаттар мен түйелерден және жануарларда кездесіп, бүгінде ғылымда SARS (Ауыр әрі өткір респираторлық синдром) және MERS (Таяу Шығыс респираторлық синдромы) деген акрониммен белгілі болып отыр.
Ол қайдан келді? Қытайдың орталығындағы Хубей провинциясының Ухань қаласында пайда болды. Оны алғашқы болып жұқтырғандардың көбі теңіз өнімдерін сататын базарға барған немесе сонда жұмыс істегендер. Бұл сауда орны дереу тергеуге жабылды. Қытайдың медицина мамандары әуелде коронавирустың жануарлардан адамға берілетінін ғана мәлімдесе, қазір оның адамнан адамға да жұғатынын мойындауға мәжбүр.
Симптомдары қандай?
Бұл вирусқа тән симптомдар – тұмаурату, бас ауруы, жөтел және дененің қалшылдауы. Сонымен қатар, АҚШ-тың ауруларды бақылау және олардың алдын-алу орталығының мәлімдеуінше, коронавирустың едәуір қауіпті түрін жұқтырғандар демігеді, қалтырайды, ал ауруы асқынған жағдайда пациенттер пневмонияға шалдығуы мүмкін.
А.Аманжолов,
аудандық ТКҚСҚБ басқарма басшысының орынбасары.