ОҚ АТЫЛДЫ АУҒАНДА… ұмытуға бола ма?

771 Views

Иә, осы кезде Ауған Үкіметі мен қарулы оппозиция арасында яғни моджехедтер­мен азаматтық соғыс жүріп жатқан. АҚШ моджехедтерді қаруландырып, қолдап отырған соң кеңес армиясы Ауғанстан Демократиялық Республикасы қарулы күштерінің жағында болды. Былайша айт­қанда Кеңес өкіметі Нұр Мұхаммед Таракиді қолдап, 1979 жылғы 25 желтоқсан­да ауған шекарасын Термез-Құндыз-Кабул бағытында кесіп өтті. Сонымен қырқыншы армияның құрамында арғы жаққа 108-ші және 5-ші мотоатқаштар дивизиялары мен 105-ші әуе-десант дивизиясы алғаш­қылардың бірі болып кірді. Олар «ә» дегеннен-ақ, Кабул мен Баграм қалаларына басакөктеп кірді.
Егер сол кезде КСРО Таяу Шығыстағы Ауған мемлекетін қорғап қалмаса оның әлем алдындағы абыройы айрандай төгілетін еді. Ол кезде моджехедттердің кім екенін ешбір кеңес әскері білген жоқ. Моджехед – ол мұсылман дінін қолдаушы, бірақ Ауған саяси режиміне қарсы шыққан адамдардың тобыры еді. Ал, кеңес әскерлерінің құрамында душман­дар­ға яғни моджехедтерге қарсы шыққан қарулы жауынгерлерді интернационал­дық борышын өтеушілер деп атады. Міне, сол «жарияланбаған» соғысқа Қазақстаннан 22 мың ер азамат қатысты. Солардың 749-ы жат жерде көз жұмды. Мыңнан астамы мүге­дек болып қалды. Мың сарбаз соғыс біткен соң елге келіп, қаза болды.
Міне, кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылған күні қарсаңында, дәлірек айтқанда 15-ші ақпан алдында Каменка ауылындағы мәдениет Үйінде осы соғысты көзі көрген жеті азамат бас қосты. Кешті аудандық мәслихаттың депутаты, осы мә­дениет ошағының директоры Зәйтүнә Оразалиева ұйымдастырып, оның сценарийін жазыпты.
Жүректі сыздататын сахналық көрініс­пен шымылдық ашылды. Қобыз үні сарнап тұр. Жан жарын күткен ана, бесікте шырылдап жылаған бала. Бәрі де шынайы, бәрі бірінші дүниежүзілік соғыс басталғандай әсер қалдырады.
Қара шаш бүгін аппақ қырау болды,
Дүние белгісі жоқ сұрау болды.
Әр күнім сені күтіп, жолға қарап,
Әр түнім ағыл-тегіл жылау болды… Иә, расында солай-ау, Ақыртөбеге ауған соғысында атақты «Қара майордың» (полковник Борис Керімбаевтың) батальонында соғысқан Базарбай Ахметовтың мәйіті келді. Дене тітіркеніп, жан түршігеді. «1945-те аяқталған соғыстың енді мына Таяу Шығыста тұтанғаны ма?» деп, әлгіндей алай-дүлей күйге түскен ананың зарын есту қандай жаман.
Иә, бұл жәй ғана сценарий ғой. Бірақ, қандай әсерлі. Түйдек-түйдек айтылып жатқан өлең жолдары да жаныңды тебі­рентеді. Сахнаның бір бұрышында осынау сұрапыл соғыстың көріністері бей­нелента арқылы көз алдыңнан өтіп жа­тыр, өтіп жатыр. Залда сол соғысты өз көзімен көр­ген, омырауы орденге толы ауғандық жауын­герлер отыр. Жәй отырған жоқ. Тебіреніп отыр. Кеудесінде Қызыл Жұлдыз ордені жарқырап, авторота командирі Манарбек Тілепов отыр. Оны көріп, атақты Саланга асуы есіме түседі. Бір кезде жүргізуші қыздың: «Порван провинциясы. 1987 жыл. «Черная гора» операциясы басталып, бүтіндей бір колонна биік асуда келеді. Кенет…күшті жарылыс болып взвод командирі Игорь Колесниковтың бір аяғын мина жарықшағы жұлып әкетті. 45-ші саперлер ротасының жүргізушісі Мұрат Тақлышев сасқан жоқ, ол осы жолы дала командирі Максум Заденің тапсырмасын мүлтіксіз орындады. Осы батылдығы үшін оған «Ерлігі үшін» медалі берілді. Ол– залда отыр» дегенде жұрт тегіс омырауы медальге толы бойшаң жігіт ағасына назар аударды. Қандай ұқсастық десеңізші…Манарбек Тілепов те дәл осындай жағдайға тап бо­лып еді-ау.
Осы омыраулы топтың ішінде сонау 1979 жылдың жазында әскерге бірге аттанған үш азамат отыр. Солардың арасынан Ораз есімді иықты жігіттің палуан бітімді тұлғасы ерекшеленіп көрінген соң оны әңгімеге тарттым. Ораз Әшірбайұлы Сұлтанов аспай-саспай: — Осы Каменка ауылынан бес жігіт ауғанға бірге аттандық. Олар: Жеңісбек Қалдарбеков, Бақытжан Мейманханов, Жолдасбек Айнабеков, Андрей Радионов және мен болатынмын. Бәріміз бірдей Гератқа түстік. Есімде қалған екі оқиғаны айтайын…Қала шетіндегі кішігірім қыстаққа тапсырма алып бара қалдық. Базар деуге келмейтін жұрт көбірек топтанып отырған тұстан өтіп бара жатып паранжы жамыл­ған біреудің етегінің түрілгенін және оның әйел заты емес екенін аңғардым да әл­гінің жамылғысын ашып жібергенім сол еді патруль мені мылтығының дүмімен жағымнан періп қалды. Мен жерге ұшып түстім. Өйткені бұл елдің заңы бойынша әйел адамның бетін ашуға тиым салынған. Артынша өзімнің іс-әрекетімнің ақ екеніне әлі де болса сеніп тұрған соң әлгінің паранжысын жұлып алдым. Сөйтсем, әлгі ағылшын тыңшысы болып шықты. Маған қысқа мерзімді демалыс берілді. Ауылға барып қайттым. Осы батылдығым үшін кейін «Ерлігі үшін» медалін алдым. Тағы бір уақиға әлі есімде… елге қайтуымызға санаулы күндер қалған. Осы үшеуіміз БТР-ге міндік. Екі дуалдың ішімен келе жатқанымызда бір душман гранатамедпен атты. Құдай жарылқап оқ жарылмай қалды. Орыстар мұндайды: «В рубашке радился» демей ме? Сөйтіп, көретін сәулеміз бар екен, елге келген соң отыз жыл полиция қызметінде болып, зейнетке шықтым. Бес балам, 16 немерем бар» дейді ол. Каменкалық сарбаздың омырауындағы «Бауыржан Момышұлы» ордені ғой оның нағыз қайсар жігіт екенін тағы да бір айғақтап тұрғандай. Оның қандыкөйлек достары Бақытжан мен Жеңісбектің де ұл мен қыз өсіріп, бақытты отағасы болып отырғандарына сүйсіндік.
Осы шараны өткізуге атсалысқан Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің оқушыларына, Жаңатұрмыс ауылдық клубының меңгерушісі, жезкөмей әнші Гүлмарал Қорабаева мен Абай ауылдық клубының меңгерушісі Жұмабек Сәменқұловтың өнеріне жұрт тәнті болды. Әсіресе, өзі өлең шығарып, өзі барлық істің басы-қасында жүрген Зәйтүнә Оразалиева ханымға келген жұрт шын алғыстарын айтты. Ауған соғысы ардагерлері де шын ықыласын білдірді.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: