Сібір жарасы – аса қауіпті ауру

810 Views

Сібір жарасы қойда – топалаң,жылқыда – жамандат, ірі қарада – қараталақ, түйеде – ақшелек, қарабез аурулары аттарымен таралған аса қауіпті жұқпалы ауру. Онымен адам да (түйнеме, күйдіргі) ауырады. Қоздырғышы – «Bacillus anthracis», cібір жарасын тудырушы бацилла, капсула түзетін аэробты микроб, сыртқы ортаға өте төзімді, спора түрінде топырақта жүз жылға дейін белсенділігін жоғалтпайды. Топалаңнан өлген малды сойған кезде оттегінің әсерінен қоздырғышы спораға айналатындықтан мұндай малды жарып көруге қатаң тыйым салынады. Өйткені өлген немесе сойылған малдың терісі, жүні, еті, зәрі арқылы індет қоздырғышы сыртқы ортаға тарайды. Спора әр түрлі химиялық заттар мен физикалық құбылыстарға аса төзімді. Ол тікелей түскен күн сәулесінен төрт күнге дейін өлмей шыдауы мүмкін. Қайнаған суда 45-60 минутқа дейін 10 пайыздық күйдіргіш натрий ерітіндісінде екі сағатқа дейін төзеді. Тұздалған теріде тіршілік ете береді және сыртқы ортада сапрофит ретінде өмір сүріп, шаң-тозаң, ағынды су, қан сорғыш кенелер арқылы бір жерден екінші жерге ауысып індет ошағын таратуы мүмкін. Малдар ластанған жайылымдар арқылы, шөп, су арқылы ауырады. Індет негізінен жаз айларында өршиді. Сібір жарасы ауруы – өте кең тараған ауру. Онымен ірі қара, ұсақ малдар, жылқы, түйе, жабайы шөп қоректі жануарлар, шошқа сиректеу, ит пен мысық бациламен көп мөлшерде залалданғанда ауырады. Ауру адамға (95 пайыз) ауруға шалдыққан малмен, мал өнімдерімен қатынасқанда(тері арқылы), спорамен демалса өкпе қабыну түріндегі ауруға шалдығып, оны жұтар болса, ішектің зақымдану белгілері пайда болады. Сепсистік формаға қарағанда терілік формасы жеңіл өтеді. Малда ауру білінбейтін және білінетін болып екі түрде жүреді. Білінбейтін түрінде мал 1-2 күнде өліп тынады, ауру жіті түрде өтеді, көп ретте ішектер қабынады. Екінші түрінде мал денесінде жара мен тері және тері асты ісіктері пайда болып, ауру 5-7 күнге созылады. Мал ісігін ауырсынады, ісіктің ортасы сарғыш тарта бастап қатерлі жараға айналады.Ауру мал тісін қышырлатып, денесі құрысады, аузынан, артқы ішегінен қанды көбік ағады да көп ұзамай өледі. Ауру аса жіті, жітіден төмен, сирегірек жітіден төмен түрлерде өтеді. Аса жітіде мал кенеттен аурудың белгілері байқалмай тұрып ақ өліп кетеді. Жіті түрінде жылқымен сиыр еліріп қайта басылады, қой ентігіп, дірілдеп, қалшылдап, орнында секіріп барып құлайды. Мұрны мен аузынан қанды көбік ағады. Созылмалы түрі шошқада кездеседі, шошқа арықтайды, жұтқыншақ бездері қабынады, алқымы ісіп, жұтынуы қиындайды, жөтел пайда болады. Аурудан сақтану жолы– ауылшаруашылық жануарларын имунизациялау. Барлық мал ауруға қарсы егілуі керек және егілген малды он төрт күн ішінде союға болмайды. Жануарлардан ауру белгілері байқалса, ауруға күдік туған жағдайда, мал дәрігерін шақырту керек. Мал сою мал дәрігері қарағаннан кейін жүргізіледі. Мал етін алдын ала тексеруден өткерілген, зертханадан тексертіліп, сатылуға шығарылатын базарлардан алу керек. Сатылып жатқан еттің «тексеруден өтті» мөрінің болуына, ветеринариялық анықтамасы болуына назар аудару қажет. Мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері, жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға осы ауруға қарсы жыл сайын егу жүргізу керек. Малмен қатынаста жеке бас гигиенасының сақталуы өте маңызды.

С.Аубакиров,
мемлекеттік ветеринариялық дәрігер.

Поделиться ссылкой: