«Жоғары» деген дәреже алды
Тоқсан жеті жылдық тарихы бар оқу орны табалдырығымыздан аттаған жылды сәтті қадаммен бастады деуге болады. Сонау 1923 жылы Орынборда отау тіккен арнаулы орта оқу орнына биыл жоғарғы колледж статусы берілді. Иә, бір жылдары тарауға шақ қалған техникумды Ехмат Қасымбайұлы «шаруашылық есеппен жүргіземін» деп алып қалса, Жұмакүл Бүкірова елеусіз бола бастаған білім ордасын елге танымал етті. Ауыл шаруашылығы саласына маманданған мемлекеттік коммуналдық мекеме енді агротехникалық жоғарғы колледж деген атқа ие болды.
Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов оқыған білім ордасында қазіргі таңда 79 оқытушы 639 студентке сапалы білім, санлы тәрбие беруде. Соңғы жылдары колледждің материалдық-техникалық базасы анағұрлым жақсарды. Мемлекет тарапынан бөлінген 400 миллион теңге қаражат есебінен ветеринарлық клиника, дәнекерлеу цехы, агрономиялық зертхана, сүт және ет өнімдері цехтары, интенсивті саябақ ашылды. Енді автономды жылыту қазандығы салынады. Колледж директоры Саясат Керімбекұлы Есеевтің басшы болып келгеніне көп бола қойған жоқ. Десек те ағарту саласында әжептәуір тәжірибе жинақтаған оның ең алдымен оқу процессіндегі тәртіп пен үлгірім мәселесін, дуальды оқыту жүйесін мықтап қолға алғаны байқалады. Мұны біз басшының бүкіл колледж ұжымы мен ата-аналар алдында берген есебінен байқадық.Есеп беру жиналысы жатақхананың мәжіліс залында өтті. Өйткені жаңа басшы студенттердің тұрмыстық хал-ахуалына да бейберекет қарамай ең алдымен студенттердің жатын орны мен тамағын назарға алып, есік пен төрге дейін жөндетіп, жастардың еңсесін көтеріпті. Директор өзінің есепті баяндамасында шындықты, оқу орнындағы келеңсіздіктерді де жасырмай айтты.
-Біз тоғыз мамандық бойынша ауылға мамандар даярлаймыз. Қазақ Ұлттық аграрлық Университетімен, Скрябин атындағы Қырғыз Ұлттық аграрлық Университетімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. 17 педагог шетелде біліктілігін арттырып, әлемдік деңгейдегі оқытудың озық тәжірибелерін меңгеріп келді. Жақында бізге Германиядан мамандар келіп өз тәжірибесімен алмасады. Осының барлығы білім сапасын жоғарғы деңгейге көтеруге деген талпынысымызды білдіреді. Біздің студенттер енді нашар немесе орташа оқымауы керек. 2018 жылы білім сапасы 84 пайыздық көрсеткішке жеткен екен, 2019 жылы яғни өткен жылы үлгірім 69 пайызға түсіп кеткен. Неге? Біз осы олқылықтармен жұмыс істеп жатырмыз. Сол үшін де тест орталығын аштық. Студенттер мен оқытушылар қазір ғылыми бағытта жұмыс істей бастады. Ата-ана мен оқу орны арасындағы байланысты нығайту мақсатында жатақханадан ата-аналар бөлмесін аштық. Қазір дуальды оқыту жүйесі бес мамандық бойынша жүргізілуде. Озат студенттерге атаулы шәкіртақы тағайындалып, алты шаруа қожалығының басшысымен мемарандумға яғни келісім-шартқа отырдық. «Шәушен», «Қайқы» және «Ал-Рай» шаруа қожалықтары бізге үнемі демеушілік көрсетіп отырады. Сонымен бірге жыл басынан бері педагогтар мен студенттердің табыстары да 25 пайызға артты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазаққстан халқына арнаған Жолдауын біз қуаттаймыз, қолдаймыз. Биылғы «Еріктілер жылын» студенттер игі шаралармен қарсы алды. Колледжде «Тәтті нан», «Телестудия», «Кешкі кездесу», «Жәрдем», «Қамқорлық», «Үлкеннен кішіге» жобалары жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, жастар газеті мен радиосы жұмыс істейді,- деді баяндамашы.
Ол өзгелерге үлгі болатын Денис Гордеев, Төремұрат Елубаев, Кирилл Сычев, Ердәулет Әшенов, Аяужан Өсербаева, Гүлім Мұхажан, Руслан Төленалы сынды студенттердің әр түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарып жүргенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, «Үздік педагог» атанған Бірлік Срайылов пен Еркебұлан Ертаев туралы да жылы лебіз білдірді.
Жиналысқа колледж ұжымымен қатар қамқоршылық кеңесінің мүшелері де қатысып отырды. Жиналыс соңында сөз алған Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов колледж директорының жасаған есебіне қанағаттанарлық деген баға бере келіп, оның алдағы қызметіне табыс тіледі.
С.Қожеке.