Облыс әкімі шаруалармен кездесті

704 Views

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі шаруа қожалық бас­шыларымен кездесіп, олардың мәсе­лелерін тыңдап, шешу жолдарын тал­қылады.
Кездесуде ҚР Еңбек Ері, «Шәу­шен» шаруа қожалығының басшы­сы Сайрамбай Дөненбаев мал шаруа­шылығын дамытудағы мәселелерді кө­тер­ді. Ол алдымен кадр тапшылығын алға тартып, бүгінде қожалықта 120 жұмыс­­шының орны бос тұрғанын жет­кізді. Онда қызметкерлерге жақсы жалақы төленіп, тегін тамақпен қам­та­ма­сыз етілсе де мамандар бір жыл­дан артық тұрақтамауда. Әсіресе, меха­низа­тор­лардың жиі ауысуы техниканың тез тозуы­на әкеп соғуда.Сондай-ақ, саладағы өзекті мәселе­лер­дің қатарында ахуалды іс жүзінде дұрыс бағамдай алмайтын ауыл әкім­дері­нің әлсіз жұмысы, жердің жетіс­пеу­шілігі, техника құнының қымбаттығы да бар. Айталық, бір комбайнның құны 85 миллион теңге десек, ол шығынды ақтау үшін басқа орындарда да жұмыс істеуге тура келеді. Сонымен қатар, өнімді өткізудегі қиындықтар да өз ал­дына бөлек мәселе. Бүгінгі таңда қайта өндеу­шілер шаруаларға 500 миллион тең­геге жуық қарыз.
С.Дөненбаев шаруалар тек ауылша­руашылығына шоғырлануы үшін дайын кеңселер жүйесін қайта құруды ұсынды.
Басқосуда «Түрікпен» агро фир­ма­сы­ның басшысы Бауыржан Әбілдаев Шу ауданының билігіне қатысты шағымын білдірді. Онда 2018 жылғы қазандағы конкурс бойынша жеңіп алған жерге мемлекеттік акті берілмеген болып шық­қан. Кейіннен иесі белгілі жерге де конкурс ойнатылғаны анықталған. Енді әкімдік дұрыс емес мәліметтерді ұсынған жер қатынастары басқармасына айыппұл салмақ. Бердібек Сапарбаев заң бойынша шаралар қолданып, кінәлілерді жазалауды тапсырып, инвес­тордың тиісті жерге қол жеткізуін қамта­масыз ету керектігін баса айтты.
Сондай-ақ, «Бурное сүт компа­ния­сы» ЖШС директоры Әбдібек Пошкаев «Та­раз» ӘКК-нен құны 500 миллион теңге тұратын құрал-жабдықтарды сатып алуға қол ұшын беруді сұрады.
Ал, Меркі ет комбинаты басшысы Берік Егембердиевтің айтуынша, кәсіп­орын өнім көлемін бес есеге дейін арттыруға дайын, бірақ ол үшін 40-50 мың басқа арналған бордақылау алаңдары желісін құру қажет екен. Бұл орай­дағы мәселе – көлемді алқаптарды ие­леніп алып, не өзі пайдаланбай, не өзге­ге бермейтіндерге қатысты болып отыр.
«Қызылша» ЖШС-і голландиялық инвес­­торлармен бірлесе отырып 500 миллион еуроға ирригациялық желі­лерін жүргізіп, Шу ауданында қант қызыл­­шасын және картоп фриін өнді­ретін зауыттар құрылысын бас­тауға дайын. Ол үшін «Тас өткел» магис­траль­ды каналының бойынан 5 мың гектар жер қажет мекен. Сондай-ақ, серіктестік Белбасар ауылында 22 қойма, Шу қаласында вахталық кент салуды жоспарлап отыр.
– Басты мәселе – жердің жетіс­пеу­ші­­лігі болып отыр. Біз бұл тұрғыда жер­­лерді барынша тиімді пайдалану мақсатында толық тексерулер жүргі­земіз. Еңбек өнімділігіне, жаңа тех­но­логияларды енгізуге, сапалы тұ­қым мен заманауи техниканы сатып алу­ға ерекше назар аудару қажет. Тағы бір көңіл бөлетін жайт – ша­руа­­лықтардың ұсақталып кетуі. Мен үздік агроқұрылымдар тәжірибесін бөлісу мақсатында арнайы семинарлар өт­кізу, кеңселер жүйесін құру жө­ніндегі ұсы­ныстарды қолдаймын. Кол­ледждер кадрларды тек сіздердің сұраныс­та­ры­ңыз бойынша дайындауы керек. Басты міндет – импортты төмендету және өңіріміз өзін-өзі азық — түлікпен қамтамасыз етуге барынша қол жеткізу, — деді Бердібек Сапарбаев.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызмет.

Поделиться ссылкой: