Сенбілік жұмыстарына қатысты
27 ViewsАуданда сенбілік жұмыстары жалғасуда. Өткен сенбіде аудан әкімі Ернар Есіркепов Құлан ауылының шығыс бөлігінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер маңында тұрғындармен бірге тазалық жұмыстарына қатысты.…
«Алғыс айту» күні елімізде 2016 жылдан бері тойланады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған мереке жыл сайын өз маңыздылығын арттырып, жоғары деңгейде аталып келеді. Көктемнің алғашқы мерекесі өткен аптаның жұмасында ауданда да ұйымдастырылды. Оған аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев, Қоғамдық кеңестің төрағасы Пазыл Сүлейменов арнайы барып қатысты. Сонымен қатар мерекелік жиынға ауылдық округ әкімдері, білім, мәдениет, денсаулық, әлеуметтік сала қызметкерлері, бөлім және мекеме басшылары, ерікті жастар мен студенттер, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің қызметкерлері ұйымдастырған іс-шара жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушылар іс-шара қонақтарын өнер ордасының фаесінен күтіп алып, әр ұлттың тағамдарынан дәм таттырды. Өзге ұлт өкілдерінің қолөнерлері көрмеге қойылып, салт-дәстүрі мен ас мәзірі жайында мағлұматтар берілді.
Жалпы аудан аумағына ең алғашқылардың бірі болып, өзге этнос өкілдерінен орыс, украин шаруалары 1888-1890 жылдары қоныс аударыпты. Олар Каменка, Подгорное, Луговой селоларын құрып, алғашқы еңбек жолдарын осы елдімекендерде бастаған. 1892-1917 жылдары орыс, украин, басқа да этнос өкілдерін күштеп қоныстандыру саясаты жүзеге асырылып, аудан аумағына мыңдаған ұлттар мен ұлыстар келіп қоныстанған. Осылайша өлкеміз сол жылдары полиэтносты өңірге айналды. Аталмыш мәліметтердің барлығын өзінің құттықтау сөзінде аудан әкімі Ерболат Садырқұлов мәлімдеді. Сонымен қатар, аудан басшысы 1920 жылдарда қазығы қағылған Түрксіб-Сібір теміржолына 30-дан аса ұлт өкілдерінің қатысқанын айтты. «1926-1941 жылдары аралығында елімізге Украинадан, Ресейдің ішкі губернияларынан, Солтүстік Қырымнан, Беларуссиядан, Дағыстан мен Шешен-Ингуштан орыс, украин, неміс, поляк, қарашай, балкар, ноғай, фин, әзірбайжан, армян, өзбек, грек, кәріс, түрік, күрд, иран, татар ұлты өкілдері депортацияланды. 1939 жылғы санақта Луговой ауданында 23 313 халық болса, оның 5160-ы орыс, 2803-і украин, 168-і өзбек, 22 дүнген, 266 татар, 204 кәріс, 544 басқа этнос өкілдері болған. Ал, 1945-1956 жылдары шаруашылықтарды нығайту мақсатында өзге этнос өкілдерін қоныстандыру шаралары қарқынды жүргізілді. Луговой ауданында Подгорный, Қорағаты, Ленин колхоздарының құрылып, өзге ұлттар қоныстанғаны аудан тарихынан белгілі. 1955-1956 жылдары Қытай Халық Республикасынан этникалық қазақтар Луговой ауданының Тельман, Калинин, Карл Маркс колхоздарына келіп тұрақтады. Еңбекке етене араласып, жергілікті тұрғындармен туыс болып кетті» деп тарих қойнауында жатқан тың деректермен бөлісіп, республикадағы ұлттар мен ұлыстардың басын біріктірген Қазақстан Халықтары Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуын атап өтіп, аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.
Шарапаты мол іс-шара аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты. Дәлірек айтар болсақ, сахнада өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлері дәріптеліп, халықтық әндері айтылды. Өзге ұлт өкілдеріне сөз беріліп, олар сонау қиын кезеңдерде құшақ жая қарсы алған қазақ халқына шексіз ризашылықтарын жеткізіп, аспаннан алғыс жаудырды.
Иә, басынан талай зұлмат пен қиындықты кешірген өзге ұлт өкілдері ауданымызға тұрақтанып, сол жылдары елдің әлеуметтік–экономикалық дамуына сүбелі үлес қосты. Еңбек майданының көрігін қыздырып, араларынан Социалистік Еңбек ерлері мен колхоз, совхоз басшылары шықты. Осылайша еңбекпен есімдері еленіп, бүкіл одаққа танылды. Тіпті, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туған жерлеріне оралмай, өздеріне жайлы қазақ жерін таңдады. Дәл қазіргі таңда аудан аумағында 20-дан аса ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Халықтың 6,4 пайызын құрайтын өзге этнос өкілдерінің өмір сүруіне бүгінде барлық жағдай жасалған. 4 этномәдени бірлестік, 1 филиал жұмыс атқарып келеді. Олардың өз ұлтының салт-дәстүрі мен ғұрпын, тілі мен дінін ұрпағына насихаттауына ешқандай кедергі жоқ. Бір сөзбен айтқанда, өзге ұлт өкілдері бірлігі мен ынтымағы жарасқан елде өмір сүріп келеді.
Жәнібек СӘДУАҚАС.