Ағаш көшеттері отырғызылды
48 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай ауданымыздың әр ауылдық округінде жастар құрамынан еріктілер тобы жасақталды.
Ерікті (волонтер) — адамның өз еркімен қоғамдық жұмыстарға белсене араласуы деген сөз. Еріктілер өзінің көрсеткен жәрдемі үшін ешқандай ақы талап етпейді. Олар көмектесуді парыз деп санайды. Бір сөзбен айтқанда, «еріктілер» адамгершіліктің ақ туын көтерген қоғамдағы белсенді топ. Еріктілер мынадай әлеуметтік санаттағы азаматтарға: егде адамдарға, жалғызілікті қарияларға, қамқорлықсыз қалған балаларға, баспанасыз азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетеді. Көшелер мен ауланы абаттандыру, ағаш, өсімдіктер, көшет отырғызу, экологияны жақсарту мақсатында сенбіліктерді ұйымдастырады. Қайырымдылық концерттер, нашақорлық, жасөспірімнің айыпкерлігін алдын алуға арналған әңгімелерін жүргізу жұмыстарында белсенді атсалыса білуі қажет. Қоғамның көпшілігі «ерікті» сөзін қазіргі заманның термині деп қабылдайды. Алайда, бұл біздің қазақ халқына жаңа, тансық дүние емес деп нық сеніммен айта аламын. Оған дәлел ретінде «Асар» сөзін айтуға болады. Көрші-қолаң, ауыл-аймақ болып мұқтаж жандарға қолдарынан келгенше тегін көмек көрсетуді халқымыз «асар» дейді. Ол сонау ата-бабаларымыздың дәуірінен бері жалғасып келе жатқан дәстүр.
Ағымдағы жылдың басында Жастар ресурстық орталығының Ақыртөбе ауылдық округі бойынша жастар ісі жөніндегі инспекторы Нышанкүл Сәрсенбаеваның жетекшілігімен «АСАР» еріктілер тобы құрылған болатын. Сол топтың құрамында мен де бармын. Қазіргі таңда тобымыздың құрамында 14 ерікті жас бар. Алдағы уақытта қатарымыз толығады деп үміттенемін. Біздің еріктілер тобының «АСАР» деп аталуы тектен текке емес. Ақыртөбе ауылы бір рудың емес, бірнеше ұлттың өкілдері қоныс тепкен құтты мекен. Бұл факт біздің ауыл тұрғындарының өзара тату-тәтті өмір сүруіне еш кедергі болған емес. Бабаларымыздан мирас болып келе жатқан дәстүрді қайта жаңғыртпақ ниетте тобымыздың атын «АСАР» деп қоюды жөн көрдік. Жыл басынан бері түрлі форматтағы іс-шараларға атсалысып келеміз. Мысалы өткен аптаның басында біздің еріктілер тобының жастары мәдени іс-шараға қатысты. Ал аптаның соңында, яғни, 1 наурыз жексенбі күні «Жақсылық жаса» атты қайырымдылық іс-шарасын өткіздік.
Өткен жылы аудан орталығынан «Мейірім» атты әлеуметтік дүкен ашылғаны баршамызға аян. Ол дүкенге адамдар қазіргі уақытта өздері қолданбайтын, сапасы жақсы сақталған тұрмысқа қажетті дүниелерді өткізеді. Кейін сол дүкеннен ауданның тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылары барып өздеріне қажетті дүниелерін тегін алуына болады. Бұл өте жақсы бастама. Алайда біздің ауылдың тұрғындары үшін қиындау. Себебі, аудан орталығы мен Ақыртөбе ауылының ара қашықтығы 60 шақырымнан асады. Бұл шалғай жатқан елді мекендегі аз қамтылған отбасылардың басым бөлігі үшін қолайсыздық туғызады. Сондықтан біз, еріктілер, осы әлеуметтік дүкеннің бастамасын қоштап, жергілікті тұрғындардың өз еріктерімен тапсырған дүниелерін ауылымыздағы аз қамтылған отбасыларға үлестіріп беруді қолға алдық. Игі бастамамызды жүзеге асыру мақсатында Ақыртөбе ауылдық округі әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасына хабарландыру берген болатынбыз. Соның нәтижесінде екі апта көлемінде халық арасынан біршама кәдеге жарайтын заттарды жинап, мұқтаж отбасыларға таратып бердік.
Бұл іс-шара әлі де жалғасын табады. Ол үшін біз көп болып жұмылып, бірлесіп еңбектенетін боламыз.
Салтанат Акишева,
Ақыртөбе ауылдық клубының
мәдени іс-шара ұйымдастырушысы.