Сөзімізден сән, әнімізден мән кетіп барады…
«Опмай-опмай, мыналарың қайтед (і)…» Иә, бұл ән жолдарын өткен жылдың басында көп естідік. Қазақ эстрадасында ұмытылып бара жатып, бір әнмен қайта жарқ еткен қос топтың ортақ туындысы сол кездің өзінде нағыз хитке айналған еді. Қай жерге барсақ та, тіпті көлікке отырсақ та осы әнді естумен болдық. Бұл – бір. Екіншіден, үлкендерді айтпағанда тілі енді шығып келе жатқан бүлдіршіндеріміз осы ән қойылса болды әндетіп, секіре билей жөнеледі. Оған әлеуметтік желіде ырғақты әнге билеген бүлдіршіндердің сан түрлі бейнероликтері дәлел бола алады. «Оның сыры неде?» дейсіздер ғой. Мұның бір ғана жаубы бар. Себебі, әннің сөзі қарапайым, күнделікті қолданыстағы ауызекі тілде жазылған танымал әндердің үзінділерінен құралған.
«Опмай-опмай» деп аталатын туындыны жарыққа шығарғандар бұл әнді жайдан-жай жазылмағандығын алға тартады. Олардың ойларынша аталмыш ән қазақ эстрадасында мағынасыз әндердің саны көбейгендіктен жарыққа шығыпты-мыс. Ән мазмұнындағы «Əзіл əнге биле, сөзіне мəн берме, ренжіме біздерге!» деп айтылуы соның айғағы болар, бәлкім! Егер де ән шынымен осы келеңсіздікті меңзеп жарыққа шықса, онда құптарлық іс екен.
Бүгінде қарапайым сөзбен, күнделікті қолданыстағы тілде жазылған әндер шыныменде құмырсқадай қаптады. Тіпті, ән мазмұнында бір сөзді жиі қолданатын әншілер де көбейді. Өз басым кейінгі кездері «сүйдім-күйдім» деген жаттанды әндерді көбірек кездестірем. Ал, «биле» деген сөзге келгенде әңгіме тіптен бөлек. Түптеп келгенде үнтаяқ ұстағандар шоу-бизнесті ұмытып, той бизнеске ойысуынан осы «биле» деген сөз көбірек айтылып жүр ме деген ойда қаласың. Мәселен, бірер жылдар бұрын жарыққа шыққан
«Бірлік болсын әлемде,
Бірлік болсын елімде,
Сен аман бол халқым менің» деген әнді тыңдармандардың көпшілігі жақсы біледі. Себебі, ол ән басынан аяғына дейін тек осы үш сөйлемнен тұрады. Ойлап қараңызшы осы сөйлемдер әнде он бес рет қайталанып айтылады екен. Тек ырғақты әнді қорытындылау мақсатында ғана авторлар жоғарыда мен айтқан «биле» деген сөзді қосқан. Осы әнді жарыққа шығарған орындаушы кейіннен «биле» сөзін қолданысқа енгізіп, тағы да бір туындыны тыңдармандарына ұсынды. Ән «Құдағи» деп аталады. Аталмыш әнде «биле» сөзі әр тармақта кездеседі. Дәл осындай мысалдарды келтіре берсек, олардың саны шектеусіз.
Жүрегі жас жігіттің алтындай достары мен өзіне қымбат бауырларына арнаған әнді естіген боларсыздар. Иә, мен «Достарым менің золотой» атты ырғақты ән жайында айтып тұрмын.
«Жүрегім менің молодой,
Достарым менің золотой.
Бауырларым бар дорогой,
Пах, шіркін, ғажап қой!» — деп екі тілде жазылған ән тойдың төңірегінде шырқалып, әлі де қолданыста жүр. Шынтуайтына келгенде бұл әнде «пах шіркін!» деп «аһ!» ұратын, ғажап дүниені өз басым көріп тұрғаным жоқ. Керісінше, тілімізге төніп тұрған қауіпті ғана көруге болады. Өкінішке орай, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуық уақыт болса да, осындай форматтағы әндерді тыңдауға мәжбүрміз. Шыны керек осындайда Шәмшінің әндерін тыңдап өскен аға буын қандай бақытты деген ойда қаласың еріксіз.
Айта берсек, әндерімізде кездесетін дәл осындай мысалдар өте көп. Шаш бояп, құлаққа сырға таққан әншілердің шығармалары жайында сөз қозғауымыздың өзі артық болар. Дегенмен, қоғамның дертіне айналған бұл мәселені дер кезінде шешкеніміз абзал. «Ол үшін не істеу керек?», «Олқылықты орнына келтіру үшін қандай шара қолданған дұрыс?», «Сөзінен сән, әнінен мән кеткен тағы қандай шығармаларды білесіз?», «Жалпы бұл мәселе жайында сіз не дейсіз?» деген сауалдарды өздеріңізге жолдадық, ойы орамды оқырман! Айтар ойыңыз болса, парақ бетіне түсіріп, кері байланыс орнатады деген сенімдеміз.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.