Бақ дарыған Байзақ жері

1 068 Views

Өр тұлғалы Алатау мен қазыналы Қаратаудан қуаттанып, арынды Таластан нәр алған Байзақ ауданы Жамбыл облысының оңтүс­ті­гі­не орналасқан.
«Батырлар мен ақындардың, спорт­шылардың елі» атанған аудан­ның тарихы шежіреге толы. Өңір­де Кіші Бурыл тауының та­сына Қобыланды батырдың жүй­рігі Тайбурылдың тұяғы тигендігі тарихтан аян. Ырысты мекеннің топырағында 1730-40 жылдары жауы­на арыстанша атылып, Абылайдың жансерігі атанған Мәмбет Күнбасұлы, қа­зақ-жоңғар соғысының айтулы қаһар­маны, «ақ сауытты, алмас қылыш­ты» Қосы батыр Сәмбетұлы, Сеңкі­бай би Қабанбайұлы, 60-қа тарта каналдар қаздырып, халқын отырық­шылдыққа баулыған Байзақ датқа, әділ би атанған Мәдімар Райымбекұлы, жаужүрек Ақмолада батыр, 1937-38 жылдары «халық жауы» деген жаламен атылып кеткен қоғам қайраткерлері Сыдық Абланов, Намазбай Ақшабаев, Жақаш Мамыров, Жүніс Науатовтың кіндік қаны тамған.
1936 жылы Қазақстанға одақтас республика мәртебесі берілуіне орай онда жаңа облыстар, аудандар құ­рыла бастайды. 1938 жылы 4 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облыстық Советі ат­қару комитетінің шешімімен Мир­зоян ауданынан бөлініп шыққан ау­данға Свердлов есімі берілді. Еліміз тә­уелсіздікке қол жеткізгеннен соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылғы 20 желтоқсандағы №2696 Жарлығымен Свердлов ауданының аты Байзақ ауданы болып өзгертілді.
Байзақ ауданы Тараз қаласына өз­гелерге қарағанда жақын орна­лас­қандықтан тарихы Таразбен тамырлас. Аудан аумағындағы Түймекент, Оххум, Қостөбе сынды ежелгі қала­лардың жұрнақтары өркениеттің дамығандығын көрсетеді. Облыс аумағы сол кезгі аса қуатты мемлекет болған Түрік қағанатының қол астына қараған VI ғасырда ірі сауда орталығына айналған Тараз қаласына іргелес орналасқан өңір Таразды азық – түлікпен жабдықтап келді.Аудан аумағындағы жүзден астам археологиялық ескерткіштерге жүргізілген зерттеулер егіншіліктің өте ерте замандарда дамығандығын көрсетеді. Ауданның негізгі саласы — ауыл шаруашылығы, соның ішінде, басым бағыты — егіншілік.
Бағалы техникалық дақыл — қант қызылшасын өсіру ісі облы­сы­мыз­да өткен ғасырдың отызыншы жыл­дары­ның бас кезінде қолға алына бастады. Бұл жаңа істі игеруде үлгі танытқан да Свердлов ауданының қызылшашылары болды. 1936 жылы «Ленин» ұжым­шарының звено жетекшісі Сәмен Өтепбергенов қант қызылшасының әр гектарынан 1410 центнерден өнім алып, әлемдік рекорд жасады. 1937 жылы (Кеңестер Одағына) өткен тұңғыш сайлауда Жоғарғы Кеңеске депутат болып, қант қызылшасының бригадирі Жақсымбет Өтепбергенов сайланды.
Аудан еңбеккерлері 1941-45 жыл­дардағы Ұлы Отан соғысы кезінде Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты.Сол жылдары ауданнан 3237 ер-азамат қолына қару алып, ұрыс даласына аттанды. Олар барлық майдандарда шайқасып, ерліктерімен танылды. Солардың ішінен Қарасу ауылынан шыққан Ақәділ Суханбаев Польша жерінде теңдессіз ерлік жа­сап, қаза тапқаннан соң оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Даңқты батырдың есімі туған ауылына, оқыған мектебі мен көшелерге, сонымен қатар, аудан орталығындағы саябаққа беріліп, ескерткіші орнатылды.
Батыста қиян — кескі ұрыс қимыл­дары жүріп жатқан кезде аудан қызыл­шашылары еңбекте ерлік танытты. Ал, тылда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен еңбек көрігін қыздырғандардың өнегелі істері аудан, облыс, республикадан асып Одаққа да танылды. Кеңес Хабарлау Бюросы (Совинформбюро) «1944 жылғы 26 желтоқсанда “Қазақ КСР – інің Жамбыл облысы. Мұнда биыл 112 ұжымшар және 2 кеңшар қант қызылшасынан мол өнім өсірді. «Қарасу» ұжымшарында Түменбаев пен Амановалардың звенолары гектарына 900 центнерден қызылша жинады» – деген хабар таратты. Ауданның кейбір ұжым­шар­ларында қант қызылшасының әр гектарынан 460 — 490 центнерден өнім алынғанын сол кездегі газеттер жарыса жазып жатты. Аудан шаруа­шылықтарын қамтитын Свердлов МТС-іне осындай табыстары үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, республика Халық Комиссарлар Кеңесінің Ауыспалы Қызыл Туы берілді.
Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқ­талған соң да ауданда қант қызылшасын өсіру ісі жалғасты. 1950 жылы ұсақ ұжымшарлар біріктіріліп 13 ірі, көп сала­лы шаруашылыққа айналды. Енді олар балтамыр ғана емес, дәнді дақылдарды, көкөніс, картоп өсірді. 1948 — 1950 жылдары аудан еңбеккерлерінің бір тобы егіншіліктегі еселі табыстары еленіп, Социалистік Еңбек Ері жоғарғы атағын алып, кеуделеріне Алтын жұлдыз тақты. Олардың арасында соғыс жылдары қант қызылшасы мен картоп өсіруде жоғарғы көрсеткіштерге жеткен Мінтай Айтжанова, Айтжан Бөгембаев, Орынкүл Атабекова, Алтынкүл Әлібаева, Сейдекүл Байдешова, Әлиман Бітаева, Жәмилә Божбамбаева, Зоя Николаевна Ва­силенко, Василий Алексеевич Гон­чаров, Наужан Дидарбекова, Күнімай Жайлауова, Шоқан Көкеева, Мәрзия Ибрагимова, Дариға Жантоқова, Сындыбала Оңғарбаева, Кан Хе Сук, Керімбай Мырзақұлов, Мұқаметқали Нұрбаев, Әлімқұл Сейдалиев, Қанымқыз Тортаева, Гульминус Хамиулиевна Шерімбаева, Патия Шидақова, Рустем Шөпенов, Ян Чун Сик және тағы басқалары болды.
Аудан орталығы — Сарыкемер ауылының басты көшесіндегі «Батырлар аллеясында» ауданнан шыққан 27 Социалистік Еңбек Ерінің және Кеңестер Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың, бейбіт күнде ерлік жасаған «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтың суреттері ілінген. Егіншіліктегі табыстарымен аты шыққан аудан өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары астықтан, қант қызылшасынан, көкөністен мол өнім алуымен танылды. Әсіресе, қант қызылшасы берекелі дақылға айналып, бал­та­мыр алқаптарының көлемі ұл­ғая түсті. Әр гектардың түсімі 400 центнерден жоғары болды. Өндірістегі үздік табыстары үшін 1965 жылы «Трудовой пахарь» ұжымшарының төрағасы, білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Александр Львович Нахмановичке, 1971 жылы «Октябрьдің 40 жылдығы» ұжымшарының звено жетекшісі Нұрмаш Түйтебаеваға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Жүздеген адам КСРО-ның орден, медальдарымен марапатталды.

Өңірде егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да өркендеді. 1973 жылы осы саладағы еселі табыстары үшін ауданға КОКП Орталық Комитетінің, КСРО Министрлер Кеңесінің, ВЦСПС-тің және КЛКЖО Орталық Комитетінің Ескерткіш Қызыл туы мен бірінші ақшалай сыйлығы тапсырылды. Осы жылы «Жамбыл» қызылша кеңшарының сауыншысы Елена Иосифовна Свинковская Социалистік Еңбек Ері атағын алса, көптеген малшылар орден, медальдармен марапатталды.
Ауданнан ел мақтанышына ай­налған ақындар, жазушылар, ғалым­дар, спортшылар көптеп шыққан. 1980 жылы Мәскеу Олимпиада­сын­да топ жарған Тегістік ауылының түлегі Жақсылық Үшкемпіров алтын медаль жеңіп алып, Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чем­пионы атанды. Аудан орталығы – Сарыкемер ауылында Жақсылық Үшкемпіров атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұ­мыс істейді. Сондай-ақ, Атланта және Сидней Олимпиадаларының жүл­дегерлері Болат Жұмәділов, Болат Ниязымбетов, самбо күресінен әлем чемпионы Алмас Мұсабеков, балуан Досан Тамбиевті аудан халқы туған жерінің атын алысқа танытқандар ретінде мақтан тұтады.
Бірлігі мен тірлігі жарасқан мерей­лі мекеннен көптеген саяси тұлға­лар, мемлекет және қоғам қайрат­кер­лері, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, өнер майталмандары шықты. Жамбыл драма театрының негізін қалаған байзақтық Шәріпбай Сәкиев, белгілі қоғам қайраткері, жазушы, журналист, ақын, драматург, «Парасат» ордені мен «Алтын барыс» омырау белгісінің иегері, алғашқы Жоғарғы Кеңесте, содан кейін тұңғыш сайланған Парламент Мәжілісінде депутат болған Арғынбай Бекбосын, ақындар Жақсылық Сәтібеков, Әсілхан Рахманов, айтыскер ақындар Мұхамеджан Тазабеков, Әзімбек Жанқұлиев, Алтынкүл Қасымбекова, ақындар Қасқырбай Нарбатыр, Нәзира Бердалы, танымал актерлер Тұңғышбай Жаманқұлов, Ардақ Әмірқұлов, жазушы Тұрсынхан Толқынбаев, ғалымдар Нығметулла Киікбаев, Кеңесбай Табылдиев, Талас Омарбеков, Өмірзақ Жүсіпбеков, Әскер Есенқұлов, Қосы Сматов, Орал Әбдірахимов, Оразалы Балабеков, Мәкәрім Асаубеков, Асқар Абдуалиев, Күмісқали Жаңабеков, Марат Садуов, Бескемпір Сейдалиев, Болат Үсенбаев, Мұрат Әлиев, Мейірхан Жаманбаев, сынды тұлғалармен ел мақтанады.
Аудан халқы өткен ғасырдың өтпелі қиындықтарын еңсере біл­ді. Компартия көсемінің, оның се­ріктерінің есімдері берілген шаруа­шылықтар мен елді мекендерге байыр­­ғы тарихи атаулары қайта­рыл­ды, бірқатары өлкемізден шыққан көрнекті тұлғалардың аттарын ие­лен­ді.
Байзақ батырдың ескерткіші Сарыкемер ауылына кіреберісіне ор­натылып, Талас өзенінің жаға­сын­да­ғы сөрісі жаңаланып, сәулетті ке­се­не тұрғызылды.
Байзақ батыр Мәмбетұлы 1789 жылы қазіргі Тараз қаласы­ның маңында, Абылай ханның серігі болған Мәмбет Күнбасұлының отбасында өмірге кел­ген. Мәмбет батыр­дың сегіз ұлының бірі болған. Байзақ ба­тыр­дың кіндігінен оннан аса ұл тараған.
Байзақ Мәмбетұлы – еліміздің оңтүстік өңі­­рінде Қоқан ханды­ғына және Ресей им­периясына қарсы ұлт-азаттық көте­рі­лісті ұйым­дас­ты­рушы, қазақтың соң­ғы ханы Кенесары Қасымұлының қол бас­таған серігі болған. Оның сарбаздары Кенесары қолына қо­сылып, Қоқанның бір­неше бекінісін алып, Созақ аймағын азат етуге қатысқан. Сондай-ақ, ел­ді отырықшыландыруға көп күш жұмсап, Оның өзі және бауырлары, балалары қаздырған 60-тан астам тоған, канал­дар тұтас аймаққа нәр жеткізіп, нуға бө­леп, күні бүгінге дейін ел игілігіне жа­­рап келеді. Су диірменін, мешіт, мед­ре­селер салдырған. Саяси-әлеуметтік мәселелердің бел ортасында болып, елдің мүддесін бәрінен биік қойған хас батыр Қоқан ханы Әлімқұлдың бұйрығымен зеңбірек аузына бай­ланып атылған. Ал батырдың денесі­нен қалған саусағын ұлы Ақмолда батыр Сарыкемер ауылының маңы­на жерлеген. Бұл жерді көнекөз қария­лар «Байзақ сөрісі» деп атайды.
Байзақ датқаның және оның әкесі Мәмбет батырдың ерліктерін хал­қымыздың атақты ақындары Майлықожа, Мәделі, Досқожа, Нысанбай жырға қосып, көпке үлгі еткен.
1998 жылы Сарыкемер ауылының кіреберісіне Байзақ батырдың қо­ңыр граниттен қашап жасалған биік ескерткіші (суретте) тұрғызылды. Облыс орталығында, Алматы мен Астана қалаларында үлкен көшелер бабамыздың есімімен аталады. Баба өмірі мен ерліктеріне арналған кітап­тар шығарылып, тың деректер табылу үстінде.
Қазақстан Республикасы Ұлт­тық музейінің жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерт­теу орталығының «Қазақстанның жал­пыұлттық киелі орындары» жобасы 100 нысанының тізіміне «Байзақ баба» кесенесі енгізілген болатын. Аталған кесене «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі бойында орналасқан.
Батыр кесенесін шаңырақ көтер­ген жас жұбайлар мен жас отбасылар­дың, туристердің тағзым ететін қа­сиет­ті орнына айналдыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Со­ның нәтижесінде бүгінгі таңда аудан аумағындағы киелі орындардың бірі саналатын «Байзақ баба» кесенесіне тағзым етушілер қатары күн санап өсіп келеді. Олардың ішінде алыс және жақын шетелдерден және еліміздің түкпір-түкпірінен келген туристер де бар. Туристер ғана емес, жергі­лік­ті тұрғындар мен жастарды ба­тыр бабамыздың ұлт тарихында ала­тын орны, елдікті сақтаудағы өне­гелі өмірі, күрескерлігі мен текті­лігі қызықтыруда.
Бабамыздың салдырған канал­дары бүгінгі күні елге қызмет етуде. Ағымдағы жылы аудан аумағында­ғы 72 каналдар «КазСуШар» шаруа­шылық жүргізу құқығындағы рес­публикалық мемлекеттік кәсіп­ор­нының Жамбыл филиалы Байзақ аудандық бөлімшесінің теңгеріміне беріліп, оларды жөндеуден өткізуге 9 млрд. 410 мың теңге қаражат бөлі­ніп, жұмыстар атқарылуда.
Қойнауына құт дарыған, бірлігі бекем Байзақ батыр атауын иелен­ген өңірдің ірге көтергеніне 80 жыл­дан асты. Аумағы 4,5 мың шаршы шақырымды алып жатқан өңірде 106 мыңнан астам халық тұрады. Аудан­да 43 елдімекен, 18 ауылдық округ бар. 30-дан астам этнос өкілдері тату-тәт­ті ғұмыр кешіп, ел игілігі жолында еңбек етуде.
Халықтың қуаты-бірлікте. Тұрақ­тылық – тұғырымыз. Бірлік — баға жетпес басты байлығымыз. Қоғам­дағы ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылық — ең әуелі Отанымыздың дамуы мен ел тыныштығының кепі­лі. Көпұлтты ауданымызда татулық­ты нығайту, этносаралық төзімділік пен достықты нығайту мақсатында «Қоғамдық келісім» орталығы» пай­далануға берілді. Бүгінгі таңда атал­ған орталықта түйінді мәселелер ше­шімін тауып, ел бірлігін нығайту, этносаралық келісімді сақтау ба­ғы­тындағы жұмыстар жандана түсуде.
Қорыта айтқанда, Тараз қаласы­мен іргелес орналасқан Байзақ баба есімін иеленген аудан халқы ел бір­лі­гі мен татулығын нығайта отырып, егемен еліміздің мәртебесін биік­те­те беретін болады.

Дәулет Прімқұлов.
Байзақ ауданы.

Поделиться ссылкой: