1 259 Views
Бүгінгі күні ұлы Абайдың сан-салалы өнері ұрпағының рухани азығына айналғаны ақиқат. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық.Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді»деген болатын. Бұл ретте рухани болмысты қайта тулатуда хәкім Абайдың орны бөлек екені шүбәсіз.
Қазақтың данышпан ақыны Абайдың артына қалдырған мұрасы – халқымыздың өркениеттің өріне маңдай түзер темірқазығы, асыл қазынасы. Әрқайсымыздың жан-жүрегімізге жақсылық, ізгілік нұрын себетін ұлы ақын — қазақ халқына ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ мәңгілік тұлға.
«Қалың елі, қазағы» егемендік алып, дербес мемлекет ретінде шаңырақ көтеруі ұлттық ой-сананың дамуындағы үлкен серпіліске жол ашты. Осынау ширек ғасырда тәуелсіз қазақ елінің мәдени-рухани құндылықтары биік белестерді бағындырғанының куәсі болып отырмыз. Өмірдің қай қырын алсақ та Абай мұрасынан өзімізді толғантып отырған көптеген мәселелерге жауап табамыз. Ұлы ақын қамтымаған сала жоқтың қасы: поэзия, музыка, философия, өнер, тарих, этнография, эстетика, педагогика, дін, заң мәселелері тағы басқа салалар. Дана ақынның өсиеті әрқайсымызға өзіміздің түпкі болмысымызды түсіндіру арқылы оны жетілу жолына бағыттауға арналған.
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап тоқы көңілге,
— деп ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, перзенттік парызымызды ақтаудың негізгі жолы да — күнделікті тыныс-тіршілігімізде Абайға үңілу, оның асыл мұрасын өскелең ұрпақтың бойына сіңіре білу. Осылайша ұлы ақын өсиетіне адал, парасат биігіне ұмтылған Абай ұрпақтарын тәрбиелеу.
Бүгінде балабақшадағы бүлдіршіндерден бастап студенттерге дейін ұлы ақын мұрасы арқылы рухани азық алуға мүмкіндіктері бар. Осы тұрғыдан қарасақ, 1942 жылы негізі қаланған абайтану пәнінің ұлтымыз үшін маңызы ерекше. Бұл — Абайды бүкіл өмірінің мағынасына айналдырған жазушы, халқымыздың кемеңгер ойшылы Мұхтар Омарханұлы салып берген сара жол.
Абай қалдырған бұл мұра – күні бүгінге дейін баға жетпес аса үлкен даналық. Абай – жас бала дүниеге келген сәттен бастап, дүние салғанға дейінгі тура жолды нұсқап, сызып, көрсетіп кеткен. Әлемде ешбір жан өзі таңдаған мақсатына өз бетінше қайрат пен жігер салмай жете алмайды. Абай шығармалары осындай терең ойлы мағыналарға толы.
Ол өз өлеңдерінде ғалым болу мен адам болуды бір-бірімен ұштастырып тұрады, бұл екеуінің түпкі тамыры бір. Ғалым болудың басты шарты – не нәрсе болсын таразысына салып өлшеу, ақыл сенген нәрсеге ғана сену және көзің анық жеткен шындықты тура айтудан тайынбау. Қазақты тану үшін Абайды оқу қажет, ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт. Абайды тану – қазақтың өзін-өзі тануының басы да, соңы да.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім,
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды дөп сермесем өстер ме едім?
Жастардың қазіргі ең басты әлсіздігі – өз мүмкіндігін бағаламауы, білгенін пайдаланбауы. Дана Абай сол кездің өзінде-ақ бұл індеттің болашақта тұқым жаярын біліп, бұл дерттің дауасын айтып кеткен. Тек сол дәріні қолға алып, қолдану қана қалды, оның өзі қазірде үлкен жетістік.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла,
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Ұлы ақын Абай болашақ ұрпаққа сөзін осылай арнады. Бұл өткеннің құлазыған ғасырларынан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жарқын болашаққа сенімді жол салған ақынның айтқан сөзі еді. Даланы торлаған надандық түнегіне ол шамшырақтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз xалқына толмастан көрсетті. Абай – қазақтың көріпкелдігі мен шешендігі, тапқырлығы қатар жүрген данагөйі. Мен Абайдың он сегізінші қара сөзіндегі осы бір жолдарды өзіме үлгі етемін: «…Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық». Расында, қылғаның адал болмаса, барар жерің белгілі, олай болса, неге сонша алтын уақытымызды қайтымсыз іске жұмсаймыз?! Бірер сәтте жоқ болар дүниелерді өміріміздің мәні көреміз? Адамдық қасиет болмаса – басыңдағы ақылсыз білімнің де, қалтадағы уақытша ақшаның да керегі шамалы. Әрбір өскін ұрпақ осыны ұғып, нәтиже шығарса екен деймін. Қорытындылай келе, Абай өлеңдері оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі. Оны оқи отырып адамгершілік мінберіне көтерілесің, өзіңді-өзің тәрбиелейсің, әдемілік әлеміне шомасың. Абай өлеңдерінен тәлім алу, оны ұғынып бойына сіңіру – бүгінгі ұрпақ алдындағы міндет.Сол үшін «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» -деген сөз әрбіріміздің ұстанымымыз болу керек.
А.ҮмбетӘлиев,
аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының қосымша білім беру педагогы.
Поделиться ссылкой: