Жұмыс жүйелі болса, табысқа жеткізеді
Өткен сенбіде ауданымызға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеевтің жұмыс сапары Ақыртөбе ауылындағы «Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен басталды. Аталмыш мекеме қызметкерлерінің жасап жатқан жұмысы көңіл көншітеді. Алайда, мекеме ғимараты әбден тозығы жеткен. Соған қарамастан, жұмысшылар тайлы-тұяғымен бір үйдің баласындай еңбек етуде. Мекеме басшысы облыс әкімінің орынбасарына осы мәселені айтты. Әңгіме барысында Мұратхан Шүкеев бұл мәселе өзінің қадағалауында болатынын жеткізді. Одан соң Мұратхан Жүнісәліұлы Сайрамбай Дөненбаев жетекшілік жасайтын «Шәушен» шаруа қожалығының егіс алқабына бас сұқты. Сайрамбай Әліқұлұлының туған жеріне жасап жатқан оңды істерін күллі Алаш жұрты біледі.Тіпті, жергілікті халықтың аузында «жомарт Сайрамбай» атанып кеткен «Шәушен» шаруа қожалығы басшысының еселі еңбегін еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жоғары бағалап, оның кеудесіне «Қазақстанның Еңбек Ері» төсбелгісін таққаны күллі қазаққа мәлім екені белгілі.
Дәл қазіргі уақытта ауданымызда көктемгі егіс жұмыстары қызу жүріп жатыр десек болады. Мұратхан Шүкеев іссапар барысында «Шәушен» секілді іргелі қожалықтың көктемгі егіс жұмыстарына тас түйін дайын екеніне көз жеткізді. Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаев облыс әкімінің орынбасарымен тілдесу барысында:
– Былтыр егін мол болды. Жасыратын несі бар, тіпті қамбаға сыйдыра алмадық. Соның бәрі тынымсыз еңбектің арқасы деп білемін. Биыл да қол қусырып қарап жатқанымыз жоқ. Құдайға шүкір, техникамыз жетеді. Өздеріңіз білесіздер, қыс мезгілі аса суық болған жоқ өңірімізде. Яғни, қар аз жауды. Бұл егінге кері әсерін тигізбей қоймасы анық. Алайда, жауын жауа түссе жақсы болар еді. Дана қазақ «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деуші еді ғой. Бірақ, адамның емес, Алланың дегені болады емес пе? Табиғат-Анаға ешкімнің әмірі жүрмейді. Еңбек етіп жатырмыз. Жұмысшыларға рахмет. Былтыр 11700 гектарға арпа және бидай өнімін бастырсақ, биыл екі өнімді қоса алғанда 5 мың гектарға дән екпек ниеттеміз,- деді «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы.
Өз кезегінде Мұратхан Жүнісәліұлы кәсіпкердің аудан, тіпті, облыс аумағына жасаған еңбегі ұшан-теңіз екенін айта келіп, ісіне береке тіледі.
Бұдан соң Мұратхан Шүкеев 9500 гектарға жуық егін еккен Александр Линник басқаратын «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабына бас сұғып, аталмыш серіктестік басшысымен өзара пікір алмасты.
«Луговой жылқы зауыты» ЖШС күн райының қолайлығына байланысты көктемгі дала жұмыстарын тіпті ерте бастап кеткен екен. Серіктестік жалпы жиынтық санын есептегенде 405 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің бас агрономы Дархан Қазбековтың айтуынша серіктестік жылдағы үрдіске сай жоғары сортты өнім егуде. Көктемгі егіс науқаны кезінде серіктестік ұжымы кейбір ұсақ шаруа қожалық өкілдері секілді техника жағынан қиыншылық көрмейді. Себебі, бұл серіктестікте техниканың көбі жаңа. Естеріңізде болса, егін оратын «Джондир» комбайнын ауданымызда алғашқылардың бірі болып осы серіктестік сатып алған болатын. Қазір бұл серіктестік ұжымы аталған марканың тракторы да бар. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары аймақ тұрғындарының табысын арттыру мақсатында жүзеге асып, пилоттық жоба шеңберінде құрылған «Құмарық тау» ауылшаруашылығы кооперативінің, аудандық тұқым зертханасының, Луговой ауылындағы «Wedo Energy» жеке шаруашылық серіктестігінің және «Луговой ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» қоммуналдық мемлекеттік мекемесінің атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Іссапар нәтижесінің қорытындысында Мұратхан Шүкеевтен сұхбат алған едік. Бізге берген сұхбатында облыс әкімінің орынбасары былайша сөз өрбітті.
«Ауа райына байланысты биыл облыс аумағында көктемгі егіс науқаны 5-7 күнге ерте басталды. Көктемгі дала жұмысының қандай қарқында жүріп жатқанын бақылау үшін арнайы іссапармен Тұрар Рысқұлов ауданына келіп отырмыз. Жалпы облыс бойынша биыл көктемгі егіс науқаны кезінде 479 мың гектар алқапқа егін бастырылады. Оның ішінде 208 мың гектар жаздық масақты дақылдар, 36 мың гектар көкөніс, 14 мың гектар бау-бақша және 213 мың гектарға мал азығына дайындалатын дақылдар егілетін болады. Ал Тұрар Рысқұлов ауданы 59 мың гектар жерге жаздық масақты дақылдар егуді жоспарлаған. Қазіргі таңда 18 мың гектар жерге егін егілді. Барлық шаруалар бүгінгі таңда көктемгі егіс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мен «Шәушен» шаруа қожалығы мен «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің науқан кезінде жасап жатқан тірліктерін көзіммен көрдім. Жалпы, атқарылып жатқан жұмысқа көңіл толды. Қос ұжымның науқанды уақытында аяқтауға толықтай мүмкіндіктері жетеді. Егер барлығы өз уақытымен орындалса, өнім жақсы болады деген ойдамыз. Сонымен қатар, Құмарық ауылында пилоттық жоба іске асып жатыр. Жоба бойынша біз тиісті кооперативке қаражатты бөлгенбіз. Техника да сатып алынды. Тұқымға, минералдық тыңайтқыштарға, химиялық өңдеуге байланысты қажетті заттардың барлығы да сатып алынды. Құмарыққа да бардым. Кооперативтің жұмысы ойдағыдай іске асып жатыр. Ең бастысы, қазір тұқымға көңіл бөлу керек. Тұқымның репродукциясы жоғары болуы маңызды. Сондай-ақ, ылғалдың жоқтығына байланысты биыл технологияға да өзгерістер енгізу қажет. Уақытылы күздік бидайды тырмалау керек. Өйткені, осы қарекеттің өзі ылғалды сақтауға мүмкіндік береді» деді Мұратхан Шүкеев.
Марат Диханбай.