Туған жерін сағынған тұлпар немесе бұл Америкада болған еді…

650 Views

«Қазақ жылқы мінезді» деген рас-ау…

Екі қазақ жігіті сексенінші жыл­дары Америкаға іс сапармен бара қа­лады. Оның біреуі Луговой жылқы зауы­тының азаматы Мейілбек Биғазиев бола­тын. Олар бір дәмханаға тоқтап, та­мақ­танып алған соң сейілдеп қайт­пақшы болып ұзай бергені сол еді бір фермердің фазендасынан бір-ақ шы­ғады. Темекі тартып тұрған олар фер­мердің ат қорасынан шыққан жылқы дауысын естіп, солай қарай жақындайды. Сөйтсе, дикстің ішінде тұрған тұлпар аласұрып, байыз таппай тықыршып, үйірін тапқан күліктей арқырай кісінеп тұр екен. Ешнәрсеге түсінбеген олар қораға жақындай түседі. Ал, құйрық-жалы төгілген тұлпар бұларды көріп одан бетер тулап, жер тепкілеп, ноқтасын тартқылап, үзіп жібере жаздап, жан даусы шыға біресе кісінеп, біресе оқыранып, екі қазаққа тесіле қарап, тіпті иесін сарыла күткен адамша еміреніп, екі құлағын қайшылап тыным таппайды.
Абсент сияқты арғымақты көріп өскен Мейілбек тұлпардың мына мінезіне алғашында таңданған, енді жануар да болса сезімі бар екенін оның мөлт-мөлт еткен көз жасынан көріп, оған жақындап келді де маңдайынан сипады. Тұлпар ілкі сәт моп-момақан бола қалды. Ол ол ма, танауын кере терең күрсініп барып екеуінің де қолы мен жеңін мейірлене иіскеп тұрып алды. Есті жануар емес пе сағынышын білдіргендей басын иіп, сәлем ишаратын жасағандай болды. Осы бір сәтте жануардың көзінен жас парлап қоя берді. Екі жігіт те абдырап қалған, тегі тұлпар бұларды адам сияқты сағына күткен сияқты ма, қалай?. Мейілбек те көзіне жас алды. Сөйтті де дереу кетуге ыңғайланғанды, сол кезде күлік тулап қоя берді. Осы кезде фермер де келе қалды.
– Сіздер бұл жерге қалай келдіңіздер? Жылқыға не істеп қойдыңыздар?,-деп сұрақтың астына ала бастады.
– Біз Қазақстаннан келіп едік, мына жылқыңыз оқыс мінез көрсетіп жатқан соң жақын келіп, себебін білгіміз келді. Бар-жоғы осы ғана,-дейді жігіттер. Мән-жәйға қанған фермер:
– Бәрі де түсінікті болды. Бұл тұлпар сіздердің Луговой жылқы зауытынан сатып алынған. Шамасы жерлестерін танып тұрған ғой,-деді жайбарақат.
Бұл кезде екі қазақ жігіті де, тіпті тұлпар да үлкен күйзеліс үстінде болатын. «О, тоба! Мыңдаған шақырым жерден, жусан иісі аңқыған қазақ топырағынан келген жерлестерін танып, олардың қазақы сөзін естіп, тебіреніп тұрғанын көрмейсің бе? Сезімі бөлек жануарым-ай десеңші, неткен киелі едің. Сенің мұңға толы жанарыңдағы сағынышты Луговойыма ала кетемін де… менде басқа амал бар ма? Қош бол сәйгүлігім!» деп Мейілбек жанары жасқа толып атқорадан шыға берді.
Осыдан соң «қазақ жылқы мінезді емес» деп айтып көріңіз. Туған жерін тауып, соның топырағында құрбан болған Абсент қандай бақытты десеңізші. Сол Ақтангерді өле-өлгенше уысынан шығармай ұстап өмірден өткен бапкер Молдаш ата Әміреев осы көріністі өз көзімен көрсе еңіреп тұрып жылар еді-ау. Осындайда жат қолында өлім құшқан Абақан еске түседі. Ақбелек пен Айдар да туған жерден шетте көз жұмды. Десек те тұлпарлар тұяғы мұқалмасын деңіз. Америка құрлығында кісінеген жылқының дауысы қазақ жеріне естіліп тұрса, қазақтың сайын даласы қыл құйрықтылардан кенде бола қоймас.

«Instagram» «Shyndyk kz» парақшасынан алып, газетке ыңғайлап жазған С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: