Шоқ тілді Шона
20 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Қазақтың ең алғаш кереге жайып, шаңырақ көтерген жері Қашқандария яғни, Каспий теңізі болса керек. Иә, үш арыс ел өте дәулетті, бай болған. Батырлары мен билері де ел қамын ойлап, осынау сайын далада көшіп-қонып жүрген. Байшоралар яғни ұлы жүз ұлысы бүкіл Мауреннахрды: Ашхабад пен Марыны, Чарджоу мен Шашты, сонау Самарқан мен Сыр бойын, Сайрам мен Түркістанды, Хиуа мен Хорезмді, Отырарды билеген. Ислам дінін таратушы арабтар Отырарды Фараб шахары деп атаған. Осы тілде ол: «әсем, көркем» деген мағынаны білдіреді екен. Әбу Насыр әл Фараби бабамыз осы шаһарда дүниеге келген. Отырар ойшылының биыл туғанына 1150 жыл толуын бүкіл еліміз атап өтеді. Оны ғалымдар: «Аристотельден кейінгі екінші ұстаз» дейді. Ғұламаның шын аты-жөні — Әбу Нәсір Мұхаммад бин Мұхаммад бин Тархан бин Узлағ әл Фараби.
Араб, парсы шежіре-деректеріне сүйенсек әл Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырдарияға құяр тұсында тұрған Фараб (Отырар) шаһарында туған. Иә, иісі мұсылман дүниесінің орталығы ол кезде Месовотамия (тарихшылар Месопотамия деп те жазып жүр) болған. Десек те Әбу Нәсір алғашында Шаш пен Самарқанда, Бұхара шаһарларында білімін көтеріп, Ирандағы Мешһед, Нишапур, Рей мен Исфаһан халқының мәдениетімен танысып, содан соң ғана сол кезде арабтар билеп отырған халифаттың мәдени орталығы болып саналатын Бағдатқа келеді. Әл Фараби медицина ілімі мен логиканы Йуханна бин Хайланнан, жаратылыстану мен грек тілін Әбу Башр Маттадан үйренеді. Осылардан Аристотель ілімінің негізін үйреніп, көп ұзамай Ирактағы Харран шаһарында біраз оқып, Бағдатқа қайта оралады. Сөйтіп, әуез, астрономия ілімдері туралы еңбектерін жарыққа шығарады. Аса ғұлама Ибн Халликан: «Ол аса ірі мұсылман фәлсафашыларының бірі. Ешкім де оның деңгейіне жеткен жоқ. Әбу Әли ибн Сина да (980-1037 ж) өзінің шығармаларын жазу үстінде оның еңбектерін пайдаланған, сол арқылы мәшһүрлікке жеткен» дейді. Әбу Нәсір әл Фараби Аристотельдің «Метофизикасын» 40 рет, «Жан туралы» еңбегін 100 рет, ал, «Риторикасын» екі жүз рет оқып шығыпты.
Орта ғасырлық тарихшылар оның қарапайым, аса қанағатшыл, жұпыны ғана киініп, той-думан, ырду-дырдудан бойын барынша аулақ ұстаған адам болғанын тәптіштеп айтады. Ол Аристотель еңбектерін тереңдете зерттеп, көптеген трактаттар жазады. «Шығыс Аристотелі» атанған сәуегей өмірінің соңғы жылдарын Шамның Халаб шаһарында, осы жердің әміршісі Сайф ад Дауланың сарайында өткізеді. Әміршінің дәрігері болғанға ұқсайды. Бірде ғұлама Мысыр шаһарынан келген бетте әміршінің мәжіліс құрып отырған үстінен түседі. Сайф ад Даула оған: «Отыр!» деп бұйырады. Нәсір: «Қай жерге?» дейді. Әмірші: «Өзіңе қай жер лайық деп тапсаң, сол жерге…» дейді. Әл Фараби әміршінің қасына келіп, оны сәл ығыстырып барып жанына отырады. Әмірші өзі және бірнеше нөкері ғана білетін тілде: «Мен қазір мына кісіге бірнеше сұрақ қоямын, егер оған жауап бере алмаса, жазалаңдар» дейді. Фараби іле-шала оған өзі жаңа әлгінде сөйлеген тілде: «О, әміршім сәл сабыр ет. Әр істің артын баққан жөн болар» деген кезде әмірші қайран қалып: «Апырай, сіз бұл тілді қайдан білесіз?» дейді. Сонда Фараби: «Мен 70-ке жуық тілді білемін» деген екен.
Тағы бірде әмірші сарайына әуезшілерді шақырады. Өнер иелерін зейін қоя тыңдап отырған ғұлама әредік оларға түзету жасап та қойса керек. Сонда Сайф әмірші: «Сіз бұл өнерді де білесіз бе?» деп сұрайды. Фараби сол кезде белінен кісесін алып, ішінен кішкентай ғана аспапты шығарып, оның күйін келтіре бастайды. Аспаптың құлақ күйін келтіріп болып ойнай бастайды. Жанға рахат саз отырғандардың кеуілін жадыратады. Енді ойшыл аспаптың күйін басқаша келтіріп, аса мұңды саз тартады. Отырғандар оған егіліп, жылай бастайды. Соңғы рет аспаптың күйін тағы бір ырғаққа түсіріп тартқанда отырғандар түгел ұйықтап қалады. Фараби отырғандарды мүлгіген қалпында қалдырып, сарайдан шығып кетеді.
Ғұлама бұл сарайдан кеткен соң 950-ші жылы Шам шаһарында қайтыс болады деген дерек бар. Ал, екінші бір деректе ғұлама Асқалан қаласына бара жатқан жолда қарақшылар шабуылынан қаза тапса керек. Кейін Сайф ад Даула қарақшыларды тауып алып, дарға асады. Қалай десеңіз де (Отырар) Фараб шаһарынан шыққан мәшһүрдің өмірі бүгінгі ұрпаққа жұмбақ болып қалмағаны жөн. Бұл ғұлама туралы белгілі шығыс танушы, филология ғылымдарының докторы Әбсәттар Дербісәлі: «Отырар перзентінің 22 жолдан тұратын бәйіттерінің 12 жолының бұрын-соңды еш жерден кездестірмеп едім, Шығыс Аристотелі атанған әл Фарабидің еңбектерін 1975-76 жылдары Мароккодағы Рабат шаһарында Мұхаммад-Ү университетінде оқып жүргенімде оқу орнының кітапханасынан көріп, фотоға түсіріп алған едім. Сондықтан да Ибн Халликанның «Аса ірі фәлсафашы», Ибн Саид әл Қифтидің «Шамнан шыққан дәрігер» атты естеліктері мен тарихи құжаттарын ықшамдап болса да қазақ оқушыларына таныстыруды борышымыз деп ойлаймын» деп жазады Әбсаттар Дербісәлі.
Қазақ елінде Әбу Нәсір әл Фарабиден кейін ел аузында қалған екі адам бар. Ол Абай Құнанбаев пен «Жиырмасыншы ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл Жабаев. Әрине, біз Асан Қайғының фәлсафалық ой өрімдерін әл Фараби құсап қадалып оқыған жоқпыз. Өйткені ол кезде көшпелі ел ауызба-ауыз естіп, ақын-жыраулардың айтқандарын ғана жадында сақтайтын болған.
С.Қожеке.