Көкжөтел дегеніміз не?
43 ViewsЖоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының зақымдалуымен және ауыр жөтелдің пайда болуымен сипатталатын жедел инфекция көкжөтел деп аталады. Көкжөтел — жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығын…
Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Жарлысу ауылын қазір білмейтін жан жоқ. «Елдің атын ер шығарады» демекші, ауылдың аты атымтай жомарт азамат Сайрамбай Дөненбаевтың арқасында асқақтап тұр. Ауылға екі бағытта кіруге болады. Ақыртөбе ауылын қақ жарып тіке тартсаңыз да, Құмарық ауылын көктей өтіп алты қырдан ассаңыз да алдыңыздан жуан ауыл шығады. Адаспайсыз. Ауылдағы сәні мен салтанаты келіскен зәулім сарайлар еріксіз көз арбайды. Балабақша, интернат, саяси қуғын-сүргін құрбандарын және Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіш пен сәулеті бөлек мешітті дәулеті ерек Сайрамбай салғызып, ел игілігіне берді.
«Қазақстанның Еңбек ері», «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Әліқұлұлының өмір жолы мен еңбегін ел біледі. Елдің білгісі келетін бір дүние тау етегіндегі «Тау қымыз» емдеу-сауықтыру орталығы. Бұл да біз сөз еткен «Еңбек ерінің» еңбегі. Жыл басында ашылған орталықта қазір бас дәрігерден бастап қарапайым қызметкерге дейінгі 15 адам тұрақты еңбек етіп келеді. Ал, орталықтың өзі бір мезетте 40 адамға дейін қабылдай алады. «Емделушілердің 4 мезгіл тамағы, 3 мезгіл саумалы, бір реттік қымызы, жататын орны мен еміне кететін бір күндік құны 10 мың теңгені құрайды. Барлық сауықтыру орталықтарындағы емдеу-сауықтыру түрлері бұл орталықта да қамтылған. Қазіргі таңда 10 адам ем қабылдап, тау бөктерінде, таза ауада тынығып жатыр» дейді сауықтыру орталығының директоры Кенен Дөненбаев.
Орталықтың ең басты ерекшелігі қымызында ғана емес мұндағы балшық пен суында да болып тұр. Себебі, орталықтағы балшық та, емдік суы да сырттан тасымалданбайды. Оның барлығы ауыл іргесіндегі Сұмқайтты даласынан алынады. Қырық жылдан аса еңбек өтілі бар бас дәрігер Әліқұл Мырзагелдиевтің айтуынша бұл балшықтың емдік қасиеті бар. Көрші Ресей елінің Томск қаласындағы арнайы зертханалар сынама алып, пайдалануға болатыны жөнінде сертификат берген. Балшықтың құрамы сонау Ресей елінде зерттелуінің себебі бұндай зерттеу орындары біздің Қазақстанда жоқ екен.
Бүгінде кәсіптің түрі көп. Ақша табудың сан алуан жолы бар. Жеке басына ғана пайдасы тиетін, ауадан ақша жасайтын кәсіпкерлерді көз көріп жүр. Кейіпкеріміздің еңбегі адал. Ауылындағы қаншама әлеуметтік нысандарды ел игілігіне тегін бергенін жоғарыда айттық. Енді емдеу орталығына келсек, бұл бизнестің де халық үшін пайдасы зор. Адамдар денсаулығын нығайтып, таза ауада демалып қайтады. Бір сөзбен айтқанда «Тау қымыздың» қымызы дертке дауа.
Мереке Ержанұлы.