Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405 «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңы және ҚР 30.06.2017 №80-VI Заңымен енгізілген өзгерістерге сәйкес Қазақстан Республикасында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толық енгізілді. Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың денсаулығы үшін жоғары жауапкершілігін қамтамасыз етуге, сонымен қатар медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін, бірінші кезекте, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің әрі жеке медицинаның дамуы және медицина ұйымдары арасындағы бәсекелестіктің артуы есебінен жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына сәйкес азаматтарға медициналық қызмет пакеттерінің 2 түрі ұсынылады:
Біріншісі – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің тегін кепілдендірілген көлемінде көрсетіледі. Бұл бәріне тиісті. Бұл пакет Қазақстан азаматтарының барлығына қолжетімді болады. шұғыл көрсетілетін қызметтердің бәрі жатады:
Жедел жәрдем;
Санитарлық авиация;
Созылмалы ауруы барларды бақылау;
Шұғыл көрсеткіштер бойынша стационарлық көмектің орнына көрсетілетін қызметтер.
Паллитаивті және мейіргерлік күтім қызметі
Оған қосымша айналасындағы адамдарға аса қауіпті жұқпалы аурулар мен төмендегі әлеуметтік-маңызы бар ауруларды емдеу де кіреді:
Туберкулёз;
СПИД;
Созылмалы вирусты гепатиттер және бауыр циррозы;
Қатерлі ісіктер;
Қант диабеті;
Психикалық бұзылулар, мінез-құлық бұзылулары;
Церебралды сал ауруы;
Миокард инфаркті (алғашқы 6 ай);
Ревматизм;
Дәнекер тіндердің жүйелі зақымдануы;
Нерв жүйесінің дегенеративті аурулары;
Орталық нерв жүйесінің демиелинизді аурулары;
Орфандық аурулар.
Медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша жұрттың бәрі бірдей емханаға жүгініп, стационарда емделе алады, диагностикадан өтеді. Барлық азаматтарға шұғыл медициналық көмектер көрсетіледі, оның ішінде терапевттің қабылдауы мен (созылмалы аурулар мен олардың асқынулары) салауатты өмір салты отбасын жоспарлау мәселелері бойынша кеңестері, сондай-ақ диагностикалық қызметтер кіреді.
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне тар бейінді салалық мамандардың қабылдауы кірмейді.
Екіншісі –Медициналық сақтандыру қорынан көрсетіліетін сақтандыру пакеті. Осы пакетті алу құқығы жарна төлейтін барлық азаматтарға және ҚР аумағында тұрақты түрде тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар мен шетелдік азаматтарға да беріледі. Сақтандыру пакеті сақтандырылған тұлғалар үшін төмендегі медициналық көмектердің кеңейтілген көлемін пайдалануға құқық береді:
Консультативті-диагностикалық көмек, оның ішінде қымбат лабораториялық қызмет;
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің үстінен амбулаториялық дәрілермен қамтамасыз ету;
Ауруханада емделу және жоспарлы стационарлық көмек;
Медициналық оңалту;
Қалпына келтіру кезеңінің соңғы сатысында емдеу;
Қымбат тұратын диагностикалар түрі көрсетімдеріне байланысты: компьютерлік томографиядан өту, лабораториялық анализдер, полимеразалық тізбек реакция. Бұл сақтандырылған тұлғаға зор мүмкіндік.
Стоматологиялық қызметтер (18 жасқа дейінгі балаларға, мүгедектер, зейнеткерлер мен көп балалы аналар);
Бүкіл республика деңгейінде барлық азаматтар 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін шартты сақтандырылған азаматтар санатында. Сондықтан да барлық азаматтар медициналық көмекті толық алуда. Ал сақтандырылмаған немесе сақтандыру мәртебесі анықталмаған азаматтар үшін сақтандыру пакетіндегі медициналық көмек түрлері 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап қол жетімсіз болады. Мысалы: дербес төлеушілер үшін жарна мөлшері 2125 теңге. Егер ол азаматқа жүрегіне жоғары технологиялық қымбат ота қажет жағдайда құны 2-3 млн теңгенің отасы Сақтандыру қорындағы қаражат есебінен тегін жасалады, яғни дені сау адам ауру адам үшін төлем жасайды.
Әрбір азамат Сақтандыру жүйесінде сақтандырылған болуы үшін ең алдымен сақтандыру жүйесіндегі мәртебесін анықтауы қажет, оны барлық емханалдарда регистратурадан тіркеу регистры арқылы немесе 1406 сенім желісі арқылы анықтауына болады. Жұмыс істеушілер, азаматтық –құқықтық келісім шартпен жұмыс істейтін адамдар үшін жұмыс берушілер жарна аудару арқылы сақтандырылады. Дара кәсіпкерлер, ЖШС басшылары, жеке практикамен айналысатын адамдар өздері үшін және қарамағындағы адамдары үшін аударым жасау арқылы сақтандырылады. Ал халықтың 15 осал тобы үшін сақтандыру жарнасын мемлекет өз қамқорлығына алған. Жоғарыда аталған санаттарға жатпайтын азаматтар өздері үшін өздері жарна төлейтін – дербес төлеуші болып саналады, яғни өздерін сақтандыру үшін сақтандыру қорына жарнаны өздері төлейді, жарна төлемі кемінде соңғы 3 ай болуы және үзбей төленуі міндетті.
Медициналық сақтандыру қорына қаражатты кім, қанша көлемде құяды?
Жұмыс беруші өз қарамағындағы жұмысшылар үшін аударып отыр. Сомасы жалақы көлемінің 2020 жылдан бастап 2 пайызды құрайды. 2020 жылдан бастап жұмысшылардың өздері де 1 пайыз көлеміндегі жарнаны табысынан төлейді. Алайда бұны олар өз бетімен төлемейді – жұмыс беруші айлығынан ұстап қалады да, қорға аударады.
Ал азаматтардың осал топтағы 15 санатына (шамамен 11 млн адам) сақтандыру қорына жарнаны мемлекет аударады, яғни мемлекет өз қамқорлығына алады:
Балалар;
Ресми түрде тіркелген жұмыссыздар;
Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
Баласы үш жасқа толғанша оны тәрбиелеуіне байланысты уақытша жұмыс істемей отырған баланың заңды өкілдерінің бірі;
Жүктілік және тууға байланысты, жаңа туған баланы асырап алуына, сондай-ақ бала үш жасқа толғанша баланы күтуге байланысты уақытша демалыста отырған баланың заңды өкілдерінің бірі;
Мүгедек баланы бағып отырған жұмыс істемейтін азаматтар;
Бала кезінен бастап І топтағы мүгедек баланы бағып отырған жұмыс істемейтіндер;
Зейнетақы төлемдерін алушылар- зейнеткерлер, соның ішінде ҰОС қатысқандар мен мүгедектер;
Қылмыстық атқару жүйесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар;
Тергеу изоляторында отырған бас бостандығынан айырылғандар;
Жұмыс істемейтін оралмандар;
«Алтын алқа», «Күміс алқа» немесе «Батыр ана» атағын алғандар, сонымен бірге І және ІІ деңгейдегі Ана даңқы орденінің иегерлер;
Мүгедектер;
Орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары, сонымен қатар ЖОО кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитын тұлғалар;
Атаулы әлеуметтік көмекті алатын жұмыс істемейтіндер;
Дара кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысатын адамдардың жарналары 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жарналарды есептеу объектісінің 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 1,4 еселенген мөлшері дара кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысатын адамдардың жарналарын есептеу объектісі болып табылады.Және мынаны баса айтқан орынды, пайыздардың жалпы сомасы 15 минималды еңбекақыдан артпайтын болады.
Дербес төлеушілердің жарналары 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жарналарды есептеу объектісінің 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалардың жарналары ауылды елді мекендерде айлық есептік көрсеткіштің 0,5 еселенген мөлшерінің 40 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Дербес төлеушілерден бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші жеке тұлғалардың жарна мөлшері ай сайын 1326 теңгені құрайды. Казпочта немесе екінші деңгейдегі банктардан бірыңғай жиынтық төлем (1326 теңге) ай сайын үзбей төленуі міндетті. Сақтандыру пакетіне ие болу үшін кемінде соңғы 3 айда төлем болуы шарт.
Егерде тұрғындар бірыңғай жиынтық төлемді төлемесе өзін өзі сақтандыру үшін Сақтандыру Қорына сақтандыру жарнасын (2125 теңге) ауруханада орналасқан Сбербанк терминалдары арқылы төлеуіне де мүмкіндік бар.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың принципі – бюджет қаржысын ғана емес, қазақстандықтардың да жарнасын тарту. Бұл қаражаттар пациенттерге сапалы қолжетімді қызмет көрсету үшін медициналық ұйымдарға жұмсалады. Сондықтан әр тұрғын өз денсаулығына жауапты қарауға, өз денсаулығын сақтандыруға мүмкіндігі зор.
Ш.Мырзалиев,
аудандық орталық аурухананың бас дәрігері.