Тоқсан алты жастағы майдангер

765 Views

Менің әкем Шәмін тірі болғанда ол да бүгін 96 жасқа келген болар еді. Егер әңгімемізге арқау еткелі отырған Шалдамбай ақсақал 1942 жылы қыста Сталинград майданына барып түссе, менің әкем 72 күндік Ленинград блокадасын басынан кешіріп, елге жеңіспен оралды. Ал, бүгінгі таңда Жаңатұрмыс ауылында қалған жалғыз майдангер Шалдамбай Шаңбаев соғысқа өзінің ауылдастары Смағұл Әлди­беков пен Нәрікбай Батықұлов үшеуі бірге кетіп, қиян-кескі ұрыс жүріп жатқан «Курск доғасынан» бір-ақ шықты.
– Біз Ершовта вагоннан түскен соң параходқа мініп Николаевкаға келдік. Онда төрт ай оқу-жаттығуда болдық. Осы жерден бізді формировать етті. Смағұл екеуіміздің Саратовта жолымыз екі айырылды. Ал, Нәрікбай соғысқа сол кеткеннен оралмады, хабарсыз кетті. Желтоқсанның 27-сі болатын, қалың омбы қарды күреп тастап окоп қазуға кірістік. Немістер күндіз-түні бомбалауын тоқтатар емес, оған да үйрендік. Кейде қалың тұман түсіп, айнала төңірек көрінбей кетеді. Бізге алдыңғы шеп те көрінбейді, әйтеуір атыс-шабыс. Бір күні: «Немістің генералы Паульстің дивизиясы қоршауда қалып бүкіл әскерімен тұтқынға алынды» деген хабар жетті. Бұл кезде мені конвойный ротаға ауыстырған. Телпегін теріс киіп, бұрын-соңды орыстың аязын көрмеген фашистер екі аяғын тепкілеп, бейшара күйге түскен. Біз тұтқындарды үш этапқа бөліп, Днепропетровскіге, одан соң Кривой Рогқа, үшінші бір тобын Харьковке «теплушкаларға» отырғызып, алып бардық,-дейді қарт жауынгер өткенді көз алдынан өткізіп.
Жасы шау тартып қалса да сөзі түгел, жады да мықты ма, майдандағы алты жыл салт-сүреңін жаңылыспай айтып отыр ол. Осы ауылдан майданға аттанып, омырауына әскери Даңқ ордендерін тағып оралған Әбдікерім ақсақал мен Әбен ақсақалдың әңгімесін балалар баяғыда ынтыға тыңдайтын. Ал, Шәкең ғой тірі фрицті екі жыл штыкпен айдап, әбден құмарын қандырған-ау, әлі де олар туралы әңгіме болғанда отырған орнынан қопаңдап тұрып-тұрып кетеді. Бірақ көзі нашарлағаны болмаса, жүрісі ширақ менімен әңгімелесіп болған соң бала құсап көшеге шығып кетті. Шіркін, жарық дүние-ай, десеңізші…Қолындағы кенжесі Бахтияр: «Көшеге шығып, жұртпен әңгіме-дүкен құрғанды ұнатады. Құлағы да естімейтін болған соң аппарат салып бергенбіз. Әкеме арғы жылы Тараздан бір бөлмелі пәтер берген. Шешеміз Мәйкө былтыр қаза болды. Біз болсақ ауылдамыз, ол кісімен бірге сол үйде-ақ отыра берейін десек, үй тарлық етеді. Әйтпесе, әкеме осы жасқа келгенде күтім керек қой. Кейінгі кезде ол кісі ауылға келгіштеп кетті. Өйткені ауылға келсе көрші-қолаңмен сөйлесіп, жаны жадырап қалады» дейді ол.
Шәкең орыс пен украинның ормандарын аралап, батпағын кешіп Берлинге дейін барды. Запарожье, Одесса қалаларын жау қолынан азат етіп, Румыния мен Венгрияның да жұртын басқыншылардың боданынан босатуға барын аямады. Оның ротасында бірде бір иісі мұсылман жауынгер болмағандықтан ба ол елге таза орысша сөйлеп оралды. Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінен басқа оның кеудесінде маршал Жуковтың, Германияны, Сталинградты азат еткені үшін медальдары жарқырап тұр.
Елге оралғанда өзінен бұрын майданға кеткен ағасы Тоқтаған әлі соғыстан келмепті. Ол сол кеткеннен із-түзсіз, хат-хабарсыз, туған жерге қайтпады. Шешесі Налханның маңдайына түскен әжімдерді көріп Шалдамбай бір күрсінді. Бірақ, бауырлары Зағипаны, Әлібай мен Оңласынды, Тоқтагүлді көріп, тағы қуанды.
Ол әскери шинелін шешіп үлгермей сол кездегі «Сазқұдық» колхозының бастығы Қоңқабаевтың кеңсесіне келді. Сегіз кластық білімі бар, орысша сайрап тұрған сержантқа бастық салған жерден: «Трактор бригадасына есепші болып барасың ба?» деді. Жаудан қайтпаған Шәкең жәй шаруадан қайта ма? Қайта ауылдағы қойдың қоздағанын, інгеннің боздағанын сағынып қалған оған дала төсін дүбірлетіп, егін салып жүрген диқандармен бірге болу қызық көрінді. Сөйтіп, ол екі жыл үзбей бригада есепшісі міндетін қылаусыз атқарды.
Екі жыл өткен соң бастық ауысып, ауылға Шәуе Сәлімбаев басшы боп келді. Бұл кезде «Жить манап» («Жить по новому») колхозы мен «Сазқұдық» колхозы бірігіп «Жаңатұрмыс»колхозының шотын қаға бастаған. Шалдамбай ақсақал 1958 жылға дейін егіншілердің есебін түгендеп, шотын қақты. Шәуе Кешубайдың қызына үйленіп, басқа колхозға кетіп қалған. Орнына Бексейіт Мақатов бастық болып келіп Шалдамбайды Жамбылдағы ауыл шаруашылығы мектебіне бухгалтердің оқуына Қылышбеков Сайлау екеуін бірге жіберді.
– Бір жыл оқып келген соң бірден помбұғалтер етіп тағайындады. Содан зейнетке кеткенше есеп-қисап жұмысын жүргіздім. Қали Мұсаев, Бейсембай Сабаев, Абдулла Хайдаров, Тұрсан Есіркепбаев, Базарбай Сүлейменов сияқты басшылармен қызметтес болдым. Бірақ, кейбіреулер құсап қоғам мүлкіне қол салған жоқпын. Ел: «Сталиннің солдаты» деп атап кеткен Спан Рысмедетов қалай таза жүрсе, мен де солай жүрдім,-дейді Шалдамбай Шаңбаев кәрие маңдайындағы әжіміне тұрып қалған терін сүртіп.
Иә, бір ғасырға таяу жасқа келген абыздың әңгімесі шаңырақ көтергеніне 90 жыл толған ауылдың экономикасын көтеруге кеткен терімен, өсірген малымен, тіккен талымен өлшене ме? Ауылдың қақ ортасындағы паркті трактормен жыртқызып, Шәуе бастықтың сілтеуімен тал-дарақ отырғызып еді-ау. Шот қақса теріс қақпай ұжымның пайдасына қаққан шығар. Осынау ісіне адал ақсақалдың өз отанында алты ұлы мен үш қызынан тараған бір қауым ел өсіп келеді. Шәкең солардан 15 немере, төрт шөбере сүйіп отыр. Қызын қияға, ұлын ұяға қондырып отырған әулеттің ғана емес, бүкіл Қожай елінің ең үлкен, сыйлы да қадірлі кәриесі. Ең бастысы Шәкең сонау сұрапыл соғыстан аман қалғандарға, Отан үшін қасық қаны қалғанша шайқасып, майдан даласында опат болған қарулас жолдастарына күн құрғатпай бата жасап, құран бағыштап қояды.

С.Қожеке.
Суретте: 96 жасқа келген қарт майдангер Шалдамбай Шаңбаев.

Поделиться ссылкой: