Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Республика бойынша «Жамбыл — менің жай атым, халық – менің шын атым» атты ақындар айтысы өтіп жүргені баршаға белгілі. Суырып салма ақындар жарысқа түсетін бұл додада аудан намысын лайықты түрде қорғап жүрген жерлестеріміз де жетерлік. Солардың бірі – Айтбек Тұрсынбай. Айтыстың басы-қасында жүрген Жүрсін Ерманның шәкірті атанған Айтбекпен жуырда кездесіп, әңгімелескен едік. Ендеше, ойы орамды оқырманның назарына сәті түскен сұхбатымызды ұсынамыз.
— Айтбек, әңгімеміздің әлқиссасын өзіңнен бастасақ. Жалпы өзің, туып өскен өлкең жайлы әңгімелеп берсең.
— Мен өздеріңіз жақсы білетін Жарлысу ауылының тумасымын. Көп балалы, қарапайым отбасында дүниеге келдім. Сонда өсіп-өніп, 8 сыныпқа дейін білім алдым. Мектеп қабырғасында оқып жүріп, айтыс өнеріне машықтана бастадым. Аудандық, облыстық жарыстарға қатыса жүріп, барынша шыңдалдым десем болады. Бірақ, ең алғаш рет үлкен айтысқа қатысуым студенттік кезеңде орын алды. Дәлірек айтар болсам, осыдан 7 жыл бұрын айтыс сахнасынан көріндім. Қазақ айтысының негізін қалаушылардың біріне айналған Жүрсін Ерман ағамызбен сонда алғаш рет кездестім. Республикалық студенттер айтысында Жүрсін ағамыз қазылар алқасының құрамында болып, маған бас жүлдені берді. Сонымен қатар, екі аптадан кейін Атырау қаласында болатын халықаралық айтыс аламанына жолдама беріп, сенім білдірді. Осылайша жастығыма қарамастан, шыңдалған ақындар жарысқа түсетін додаға қосты. Содан бері үлкен айтыстарға шақырту алып тұрамын. Қазіргі таңда Алматы қаласының тұрғыны бола тұра осы күнге дейін Жамбыл өңірінің атынан айтысып келемін.
— Бәрекелді! Туған өлкесінен жырақта жүрсе де ұмытпай, мақтан тұтатын өзіңдей ұлдар көп болсын. Айтбек, білесің бе? Жалпы соңғы кездері облысымызда «Елдік елге байланысты» форумында қабылданған Үндеу өз ауқымын кеңейтіп, жұмысы жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. Аталмыш бастама жайында сен не дейсің?
— Мен «Елдік елге байланысты» форумында қабылданған Үндеумен жақсы таныспын. Әсіресе, ондағы туған жерді қадірлеу, оның табиғатын аялау сынды бастамалары менің көңілімнен шығады. Жалпы алғанда өз басым туған жеріме жиі келіп тұруға тырысамын. Бірақ, бәріміз пенде емеспіз бе?! Күнделікті күйбең тіршіліктен қолымыз басамай жататыны жасырын емес. Дегенмен, туған жерімнен жырақта жүрсем де, шыққан тегімді, ауылдастарымды, тәлім алған ұстаздарымды ешқашанда ұмытқан емеспін.
— Айтбек, ендігі сауалымыз ақындардың дайындығы жайында болмақ. Дәл өзіңдей суырып салма ақындар айтысқа қалай дайындалады?
— Өте орынды сұрақ қойдыңыз. Белгілі бір аламанға қатысу үшін ақындар ең алдымен айтыс өтетін өлкенің тарихымен, тыныс-тіршілігімен, халқының жағдайымен, мәселелерімен жақын танысып, зерттеу жүргізеді. Себебі, айтысып отырған сәтте жергілікті халыққа байланысты ақпарат айтпасаң, айтқан сөзің өтімді болмайтыны түсінікті. Сонымен қатар, «айтыскер ақын боламын» деген азамат кітаптарды көп оқуы керек. Әсіресе, тарихи бағытта жазылған кітаптарға жақын болғаны абзал. Тарих пен әдебиетті мықтап меңгерген әр адам тасада қалмайды деген ойдамын.
— Ауданда өзіңдей айтыс ақындарын тәрбиелеу үшін не істеу қажет?
— Жасыратын несі бар?! Соңғы кездері аудандық айтыстың жағдайы мәз емес. Ілгері даму жоқ десем де болады. Ауданымыздан шығып, республикалық аламандаға қатысып жүрген айтыскер ақындардың қатарында Асхат Қылышбек, Аруна Керімбек қана бар. Одан кейін жарқ етіп жарыққа шыққан ешкімді білмейміз. Осыған қарап-ақ, өз басым аудан айтысының қазіргі жағдайына қатты алаңдаймын. Енді сауалыңызға жауап беріп көрейін. Ауданда айтыс ақындарын тәрбиелеу үшін көптеп үйірмелер ашу керек. Сөзге шебер, тапқыр, өлең жазуға икемі бар, домыра шерте алатын баламен жеке жұмыс жасау керек. Ондай дарынды балалар ауылдық жерлерде бар екендігіне сенімдімін. Оларды іріктеу, шыңдау мақсатында арнайы додалар ұйымдастырып отырған жөн. Егер де дәл осындай жұмыстар жүргізілетін болса, арнайы келіп, шеберлік сабақтарын өткізуге өз басым дайынмын.
Сұхбаттасқан
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.