Ағаш көшеттері отырғызылды
38 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Көке – деген сөз көне түркі тілінде әке деген мағынаны білдіреді. «Менің көкем», — деп мақтанатын едім бала күнімде. Есейіп, ер жеткенімде олкісі жалғыз менің көкем емес, бауырларының, ағайын – туыстың елдің көкесі екенін білдім. Жұмыс барысында, болмаса құдандалы ел болып, Қазақстанның қай түкпіріне барсаң да көкемді танитын кісілер кездесе кететін.
Мен көке деп еске алып отырған Нұрсейіт аға біреуге асыл жар, біреуге әке, біреуге бауыр жүрегі жайсан, кісіден көмегін аямайтын ақкөңіл азамат еді.
Қазақстан жоғары оқу орындарының ардагері, белгілі педагог-ғалым, физика- математика ғылымдарының кандидаты, доцент Ақүрпеков Нұрсейіт Мұсабекұлы 1936 жылы, 20 сәуірде Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылына қарасты Алғабас бөлімшесінде дүниеге келген.
Көкем дүние есігін ашқанда нағашы ағасы Көктеубай өмірден озған екен. Көктеубай сол кезде небары 14-15-тегі бозбала Меркіде оқып жүрген кезі болатын. Шешесі Нүрпия өмірден түңіліп, үш күн нәр татпай, қара жамылып жатып қалады. Күні жетіп отырған қызы Ақлия босанып, өмірге ашық маңдай, аппақ ұл келеді.
Күйеу баласы Мұсабек пен қызы Ақлия ақылдаса келе, баланы аналары Нүрпияның етегіне салып тұрып: «Осы сені бағады, бұл дүниеде сенен сұрамаймыз»,-деп уағдаласқан екен. Өмірден баж кешіп, етегі жасқа толып отырған әжемнің аналық махаббаты оянып, басын көтеріп, Нұрсейітті бауырына басқан еді. Әжесі Нүрпияның Нұрсейіт дегенде шығарда жаны бірге болатын. Әжемді Нұрсейіт баласы Алматының төрінде жүз жасқа келгенше бағып, о дүниеге арулап аттандырды.
Нұрсейіт ағаның балалық шағы Ұлы Отан соғысы мен оның зардаптарын қалпына келтіру кезеңімен тұспа – тұс келді. Сол кездегі замандастары сияқты еңбекке ерте жастан араласты. Нұрсейіт аға білім алуды ең басты мақсатым деп ойлады. Білімге деген құштарлығы соншалық алғырлығының арқасында комиссия шешімімен 1 – сыныптан кейін 3 – сыныпқа көшірілген. Орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң балаң жігітті арманы Алматыға жоғары білім алуға жетеледі. Ол Алматы медциналық институтына оқуға түсті. Бірақ ол мұнда жаңылыс келгенін түсінді. Өйткені жаны нәзік, жүрегі жұмсақ Нұрсейіт ағаға тәжірибе жұмыстарында бақа сойып, өлген адамдардың мәйітін көру ауыр тиді. Осындай күйде жүргенде Семей қаласындағы педагогика институтына студенттер іріктеп жатқанын естіді. Ойланып жатпады медициналық институттағы құжаттарын алып, Семейге аттанып кетті. Семей педагогика институтына қабылданып, физика – математика факультетін үздік бітіріп шықты.
Нұрсейіт аға еңбек жолын Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы білім бөлімінде инспектор болып бастады. Осында жүріп,өмірлік жары Сәрсенкүл жеңгемізді кездестірді. Ол туралы жеңгем былай деп еске алушы еді: — Мен 10-сыныпта оқып жүргенімде ата-анасымен біздің үйге келіп құда түсті.Жоғары білімді жас жігіттің ата – анасының лестіріп келіп, құда түсуі, әрине маған алғашында ерсі көрінді. Сөйтсем ол мені сыртымнан бақылап жүреді екен. Біз тез түсіністік. Оның аузын ашса жүрегі көрінетін жігіт екеніне көзім жетті. Сол жылы Абай атындағы педагогика институтының биология факультетіне оқуға түстім. Сонымен қатар сол жылы басыма ақ орамалсалып, келін атандым. Нұрсейіттің қамқорлығының арқасында, ақ әжімнің тәрбиесін ала жүріп, оқуымды күндізгі бөлімде оқып бітірдім. Нүрекеңмен 47 жыл отасып 4 ұл, 1қызды дүниеге әкеліп, ел қатарына қостық. Екеуміз от басы, ошақ қасында қалмай көркем өмір кешіп, жақсы адамдармен араластық. Өмірдің қуанышты сәттерін де, қиыншылығын да бірге көрдік, деп көзіне жас алып қалатын.
Нұрсейіт аға ғылым жолында ұзақ ізденді. Ленинград, Москва қалаларында білімін жетілдірді. Ташкент қаласында Орта Азия университетінің аспирантурасын тәмамдап, кандидаттық дисертациясын 1975 жылы қорғады.
Аталмыш тақырып, ядролық физика саласындағы жабық тақырып болатын. Сол кездегі КСРО-ның ядролық физика саласындағы ғалымдары бұл еңбекке жоғары баға берді. Ғалымның осыдан кейін екі кітабы жарық көрді. «Көрінбейтін сәулелер», «Физика ауыл шаруашылығында».
Нұрсейіт аға шын мәнінде нағыз патриот еді.Өмірінің соңына дейін туған ауылымен, ауданымен тығыз байланыста болды. Нұрсейіт аға ауыл, аудан жастарының жоғары білім ауылына көп еңбек еткен азамат. Үйінде жатып оқығаны бар, жетектеп жүріп оқуға түсіріп, жатақханаға орналастырғаны бар. Үйінен күндіз – түні кісі арылған емес. Олардың бәріне ақылын айтып, жөн сілтеп отыратын Аудан басшылары ғалымның Алматы қаласының төрінде орналасқан шаңырағында жиі болып, аудан өңіріне қатысты мәселелерді талқылап, ақыл – кеңес алып отыратын. Нұрсейіт аға сол кездегі республика басшыларына танымал болғандықтан ауданға қажетті мәселелердің оң шешілуіне зор ықпал жасады.
Табиғатынан ұстаз еді. Ол кісінің риясыз қамқорлығын, бауырмалдығын көріп өстік. Кейбір адамдардың атақтары дардай болғанымен, артында өсиетті іздерін көрмейсің, ал бұл кісінің қасиетін еліміздің түкпір – түкпірінде өзі оқытқан шәкірттерінің жүрегінен іздеу керек болар.
Өмірден озар алдында бауырлары, балалары көңілін сұрай барып, түгел жиналдық. Сол күні айтқан аманаты менің жадымда мәңгі жатталып қалды.
– «Мен кейбіреулер сияқты дүние жинағаным жоқ. Байлықтың артына түспедім. Менің байлығым балаларым, бауырларым. Адам өмірге келген қонақ. Бұл өмірден силасып өтіңдер»,-деп көзіне жас алып қалды Бұл менің көкемді соңғы көруім екенін қайдан білейін.
Нұрсейіт аға жетпіске қараған шағында дүниеден озды. Нұрсейіт ағаның өміріне көз жібере отырып, бай өмір кешкен – ау деп ойлайсың. Байлық біреу үшін ақша, біреу үшін – дүние. Ал таусылмайтын қазына – ол Құдай берген дарын. Дарынды адамдар өмірде үйде де, түзде де қарым – қабілетінің шуағын шашады.
«Жақсы адам – қазына» — дейді ғой. Нұрсейіт ағада сондай қазына еді. Нұрсейіт Ақүрпековтен дәріс алған шәкірттері ел өміріне белсене араласып, қоғамда өз орнын тапқан азаматтар. Олардың алды облыс, аудан әкімдері, белгілі ғалымдар, мамандар. Бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Нұрсейіт ағаның 45 жылдық ұстаздық еңбегі үкімет тарапынан лайықты бағаланып, бірнеше медальдармен, грамоталармен марапатталды.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» — деген сөз осындай азаматтарға арналып, айтылса керек.
Ө.Мұсабеков,
Құмарық ауылының тұрғыны.