«Қарақыстақта» жатқан қалмақтың ханы

596 Views

Бұл өзі расында қазыналы қойнау, қасиетті мекен. Сонау «Қарақырдан» «Әулие шоқыға» дейінгі аралықта көсіліп жатқан сала-сала, қырат-қырат белдер «Кіші және Үлкен Көкқияға» ұласып, «Әбдірәсілдің», «Шақанның», «Абай» мен «Жабайдың», «Қараның сайы», «Ақтасты» мен «Аршалы сай» болып барып «Әулие терек» пен «Бұзылған көлге», «Әулие көлге» барып тіреледі де оның қарсы бетіндегі «Шөлсайдан» бастап, «Бес сала», «Тұрлыбай», «Бұрханбай сайы», «Талдыбұлақ», «Шұқыршақ», «Қоянды сай», «Үңгір қора», «Шырғанақты», «Қарақатты», «Сатылы қора», «Қалмаққия», «Төлебай шоқы»,«Жылыбұлақ», «Қызыл қайнар», «Қызыл қия», «Ақ қия» боп «Қарақырға» кеп жамбастайды. Осы екі ортада өзен бойласаңыз «Жүз асуға», тура жүрсеңіз қасиетті Қоңыр төбеден дөп шығасыз. Қарақыстақтың қасиеті суында да, топырағында да, шөбінде де бар ма деймін. Мысалы, осы асуды асқан ел «Сусамыр» жайлауына барып жайлаулайды. Ондағы буырқанып ағып жатқан асау толқынды өзенді қырғыз бен қазақ «Сусамыр» деп атайды. Көп жасаған кісілер осы өзенге келіп қосылған екі арнаның суын сусамыр (қант диабеті) ауруынан жазылу үшін ішеді екен. Сол сияқты Қарақыстақтың суының да ерекше қасиеті бар. Онда кәдімгі патша балығы (фарель) жүреді. Мәдениеті өркен жайған Еуропа жұрты асқазан, ішек құрылысы ауруларына алтын мен күміс бірден бір ем деп асын алтын қасықпен ішеді. Мұны біздің ата-бабаларымыз ықылымнан-ақ, біліп, өзеннің суын емге ішкен. Ал, топырағының қазыналы екені сол емес пе, бүгінгі таңда Қарақыстақ өңірінен алтын қазылып алынуда. Қыс қатты болған жылдары бұл өңірдегі мал күнгей бетке жайылып шығады. Шөбінің қасиеті міне, сонда.
Тілеміс батыр Аршалы мен Ақтастыны, Қараның сайын өзіне қоныс етті. Асудың ар жағында жатқан қырғыздармен өріс үшін, барымта мал үшін талай жаға жыртысты. Қырғыздар Абылай ханның Ақшидегі алапат соғысынан кейін Жайыл сынды бас батырынан айырылып, сағы сынды. Тілеміс батыр одан кейін «Досқожа батырда кегім кетті» деп келген қырғыздың Маймыл, Сәтіке, Әжібай сияқты батырларына қарсы осы «Мөңке» мен «Бүргеде» шайқасып, олардың біздің жотадан сығалап қарауға шамасын келтірмей тастады. Қоқандықтардың да Черняевтің қолы келген соң біржола үні өшті. Тілеміс өзінің жанына жақын келіп қоныс тепкен соң Сыпатай батыр да оған көп жүк артып, небір қиын дауларды шешуге жұмсап отырды. Өйткені досы ойға жүйрік болатын.
Батыр шаруаға да ығы бар кісі екен. Жасы ұлғайған шағында жігіттеріне уық, кереге игізіп, әйелдерге киіз бастырып, киіз үй дайындатқан. Ал, бесторсық Ақшора жас кезінде Тілемістің қойын баққан. Сол жігіт өсе келе жылқы үйірін бағып, ат құлағында ойнайтын жаужүрек, алғыр әрі зейінді жігіт болады. Батыр да оған іш тартып жүреді. Көкқияның қырынан байқатпай келіп малды барымталамақшы болған талай барымташы Ақшораның құрығы мен сойылынан құтылмайды екен. Тілеміс әр түрлі жиын-тойға кетіп қалған кезді пайдаланып тобырымен шабуылдап, жылқыны үйір-үйірімен айдап кететін болған. Бірақ жас жылқышы жігіт батырдың малын қолды етпей талай жолы барымташыларды сойылға жығып, малын айдап келіп отырған. Ақшора өзі тұрқы биік, келбетті, нағыз батырларға лайық тұлғасы бар нарқасқаның өзі еді. Тілеміс осы батырға өзінің қызын береді. Кейін оны жеңгелері «Қарғабатыр» деп атап кетеді. Тілеміс күйеу баласына «Қарасайдың» тұсынан жер беріп, еншісін бөліп, бөлек отау етіп шығарады.
Тілеміс батыр қайда барса да жанынан Билібай палуанды тастамайтын. Оны жәй міністің аты көтере алмайды екен. Сондықтан өзі мінетін атты үйірден бөлек ұстайтын болған. Батырдың қонысы «Ақтікеннің» бауыздау алқымында,биіктеу жотада болса керек. Ол өткен-кеткенді тоқтатып, дұрыс сәлем бермесе, меспен су тасытып қояды екен. Ал, шақшам Бөрібай батырдың екі жолбарысы бар деседі. Оны ұнатып қалған құдайғұл елінің бір байының қызы Бөрібайдың досына:
Баласы Жәдік байдың Тоғабайсың,
Солқылдақ көлге біткен қоғадайсың,
Күніге жүзді беріп, мыңды алсаң да,
Бәрібір Бөрібайдай бола алмайсың,-десе керек. Ал, Нұрманбет бай Бөрібайдың жолбарысынан сескенген дейді.
Қарақыстақты батыр өзіне қысында қыстау, жазында жайлау етуінде не сыр бар? Өйткені ол «жау қайда деме, жар астында» деп, алты құлаш ақ найзасы мен садақ толы сайгез оғын сайлап, ел қорғаған ғой. Тілеміс жорыққа шығар алдында Доспамбет жыраудың мына бір жырын жанынан жарты елі тастамай айтып жүретін:
«Тоғынды сарты нар жегіп,
Көш түзедім өкінбен.
Ту құйрығы бір тұтам,
Тұлпар міндім өкінбен.
Туған айдай нұрланып,
Дулыға кидім өкінбен».
Ол осынау көделі қонысқа Ақшал биді де көшіріп әкелген. Онысы аузы дуалы ағадан ақыл-кеңес сұрап, кейде ел ішіндегі дауға бірге ала жүретін. Иә, үлкендердің кеудесі алтын сандық қой, шіркін. Осынау ақылдың кені, сөз алса сөзі мірдің оғындай діттеген жеріне дөп тиетін кәриені көңілі құлазығанда өзі іздеп келетін. Қазір де сол әбден ат тұяғы топырағын теуіп шығарған жалғызаяқ жолмен бидің үйіне келе жатыр. Астындағы қара ат та қамшы салдырмай өзінің үйреншікті сүрлеуімен сау аяңға салып сары желіп келеді.
Би батырды даладан тосып алды. Көктем жаңбырлы болып, айнала төңірек масатыдай құлпырып тұр. Ақшал бидің қонысы «Мешіт» деп аталып кеткен «Бұрханбай төбеден» аса алыс емес. Тілеміс қой, өзеннің арғы бетінен, «Аршалыдан» келеді.
-Иә, батыр жол болсын!
-Әлей болсын! Қалайсыз? Мал жаныңыз аман ба?
-Е…е «Байдың аты тұяғының күшімен, кедейдің аты қамшының ұшымен жүреді» демей ме? Біздікі жәй қоңыртөбел тірлік қой. Өзің ел аралап жүрсің ғой, не жаңалығың бар?
-Ақсақал, осы «Бақ адасса батпаққа қонады» деген сөздің мәнісі не?,- деп ол биге қарсы сұрақ қойды.
-Бақ ер жігіттің басына үш айналып қонады. Егер соны ұстап қала алмаса, батпаққа қонбағанда қайда қонады деп ойлайсың? Сен менің сұрағыма жауап бермедің ғой…
Тілеміс еңістегі елдің жайын біраз қозғап келіп, биден Қарақыстақтағы Қоңтәжінің (қалмақ Қонтайшысы) соңғы бір аяғына дейін айтылмай қалған әңгімесін айтып беруді өтінді. Ақшал би расында шежіреші, қиссашы, дастаншы болатын. Сегіз қанат киіз үйдің алдына шығып алып қамшысын өріп, құйысқанын тартып отырған еді ол әлгінде батыр келердің алдында. Енді сол орнына жақсылап қайта жайғасып отырып алған соң асықпай-аптықпай әңгімесін бастады. Ал, Тілеміс болса қолына өткір кездік алып, сиырдың қалың қоң терісінен таспа тілуге кірісті, бірақ құлағы кәрие жақта.
-Оның несін сұрайсың, өзің де сол көзі қысық түленшілердің қалған-құтқандарына алдаспан ойнатып едің ғой. Қолынан бес қаруы түспеген жауынгер халықтың жұқана ұрпағымыз ғой. Шыңғыс ұрпақтары қазақты үш ықылым бойы билеп, төстеді. Ата-бабаларымыз тіршіліктің қыл шылбырын мойнына түсірмеу үшін белдеуіне найзасын қадап, қашан көрсе қарауыл төбеге шығып: «жау қайдан кеп қалар екен» деп алаңдаумен өмір кешті емес пе.
Ақшал би әңгімесін тым әріден қайырды, шамасы сонау бір бейдауа заман еске түскенде өзінен үлкен Әсет би, Ақтал би мен кейінгі Тыңғұлы билердің сұңғылалығы жанына маза бермейтін тәрізді. Өзі де осы қырғыз бен қазақтың жер дауы мен жесір дауына араласып, талай бәтуәлі бітімін жасаған. Енді міне, көненің сандығын ашып:
— Анау белде жатқан «Қалмаққия» асуы. Ол жолды қазақтан қашқан қалмақ салған. Біздің аталарымыз «Көтенүзбе» асуымен асатын. Өзің шақшам жұртына алып берген «Ойрандыда» Әбілхайыр бастаған үш жүздің қолынан ойсырай жеңілген Қалдан Церен қалайда шепті бұзып өту үшін жанталасты. Сөйтіп, «Ақсарайға»қарай өтті. Бірақ, «Молалысай» жақтан жаудың алдын бөгеген біздің әскер қалмақтарды «Көтенүзбеге» жібермеді. Содан соң лажы қалмаған қалмақ сарбаздары «Көкқыр» жақтағы тұйық шатқалға бүкіл әскерімен лап қойды. Қабанбай мен Бөгембай, Қарасай батыр, Сәмен батырдың қол астында жүзбасы болып соғысқан Тоғызақ батыр осы шайқаста жауды қынадай қырды. Сәмен садақшылары шынында асқан ерлік көрсетті. Желмаяға мініп жауын жайпаған қожайдың Тоғызақ батыры жоңғардың бір ноянымен жекпе жекте мерт болып, оны сарбаздары Сәмен батыр ту тіккен «Әулие бұлақ» басындағы қорымға жерледі.
Қонтайшы әскерінің алдыңғы шебінде қазақтан барымталап алған малы мен жоңғардың қатын, бала-шағасы келе жатқан. Тұйық шатқалдың ұшар басына келгенде малдың алды жақпар тастарға кеп тіреліп, иіріліп тұрып қалады. Осы кезде қонтайшының бәйбішесі шұғыл шешімге келіп: «Мына боз биені ұстаңдар. Осы табынның анасы сияқты»дейді. Сөйтіп, «шу» асауға құрық салып, құйрығына сиырдың қаудырлақ қоңын байлап, шыңғыртып, құзға айдап салады. Бір кезде қалың жылқы боз биенің артынан ілесіп, құлама құзды талқандап, төмен қарай қия-қия жол салады. Осылайша қонтайшының қанды қырғыннан аман қалған әскері Қарақыстақ даласына түседі. Қалдан Церен осы шайқаста Қабанбай батырмен бетпе-бет келіп қалып қылыш сілтеседі. Қазақ батыры қонтайшының оң қолын шауып түсіреді. Содан болар қалмақ әскері Қарақыстақта алты ай жатады, өйткені қыс түсіп кетіп, оның үстіне ханның жарасы қағынып (гангренаға айналып), лажсыздан аялдайды. Қалдан Церен осы жерде көз жұмады. Қонтайшыны өзен жағасына жерлейді. Сөйтіп, қалмақтар біржола қазақ жерінен жаралы, қаралы көшке ілесіп, еліне ауады. Бұл қалмақтардың соңғы ышқынуы еді. Өзің білесің, одан кейін қазақ жеріне келіп киліккен Қоқан шүриттері ғана.
Осыдан соң Ақшал би Тілеміс батырды ертіп, өзен бойындағы қонтайшы жерленген қорымға барды. «Міне, мынау жатқан Шыңғыс ханның соңғы ұрпағы» деді өңкей шағал тас үйіліп жатқан қорымды көрсетіп. Иә, Қарақыстақ қойнауы да жақпар тасының астына талай сырды жасырып жатқанын сездіріп, қажыған сыңай танытып, түк білмегендей томпайып жатыр. Алайда, осынау томпақ тастардың астында жатқан пенденің талай елді қан қақсатып, қанын ішкенін кейінгі ұрпақ біле ме екен? Тілеміс батыр қарт бидің қасіретке толы жанарынан осыны ұқты.

С.Қожеке.  Автордан: Осыдан 750 жыл бұрын Шыңғыс хан құрған алып империя Ресей патшалығын да бағындырып, өзінің бодандығында ұстағанын тарихтан білеміз. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов тіпті Мәскеудің өзін Мосқау атты қазақ салдырғанын, Шыңғыс ханның түп атасы түрік болғанын айтады. Ендеше Қарақыстақ даласында жатқан қалмақтың (жоңғар) соңғы қонтайшысының атын анықтап, басына мәңгілік белгі қоятын мезгіл жетті деп ойлаймыз.

Поделиться ссылкой: