Ерікті жастар — ел тірегі

546 Views

«Волонтерлер» жылына орай ау­дандық «Жастар ресурстық орталығы» ком­муналдық мемлекеттік мекемесі жаны­нан «Жалынды жастар» ерікті­лер корпусы құрылған болатын. Осы орайда, біздің тілшіміз жастар ре­сурс­тық орталығының директоры Ай­бек Сәрсеханұлынан сұхбат алып, «Ерік­ті­лер» жылында аудан аумағында қандай жұмыстар атқарылатыны жөнінде сұрап білген еді. Ендеше, әріптесіміздің сұхбатына зер салыңыздар.

— Айбек Сәрсеханұлы, тәуелсіз елдің жастары қандай болуы керек? Осыны нақты мысалдармен айтып беріңізші…
— Әрбір елде, әрбір қоғамда жастардың орны ерекше. Себебі, олар халықтың, ұлттың болашағын айқындайды. Алаш зиялысы, қазақ ұлтының көсемсөз зергері Жүсіпбек Аймауытұлының «Қазақ азаматтарына нақ қазір мына үш қасиет айрықша керек. Біріншісі – ұлтшылдық, екіншісі – табандылық, үшіншісі – білімділік» деген сүбелі сөзі бар. Тәуелсіз елдің жастары осы үш қасиетті берік ұстанса, мемлекетіміздің мерейі үстем болары анық.
– Өте орынды пікір. Өзіңіз бас­шы­лық жасап отырған аудандық «Жас­тар ресурстық орталығы» КММ-сі жанынан «Жалынды жас­тар» еріктілер корпусының құрыл­ғаны­нан хабардармыз. Бұл корпуста қан­ша ерікті жас бар?
– Ауданымызда өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келе жатқандығын баса айтқым келеді. Бүгінде әлем халқының 970 миллионы волонтер болса, оның ішінде әрбір сегізінші қазақстандық еріктілер қатарын толықтыруда.
«Еріктілер» жылына орай аудан бойынша 14 және 29 жасты қамтитын азаматтар мен азаматшалар арасында ау­дандық «Жастар ресурстық орта­лығы» КММ-нің жанынан «Жалынды жастар» еріктілер корпусы құрылып, өз еркімен ұлтымыздың патриоты боламын деген белсенді жастармен жасақталды. Қазір біздің корпуста 200- ден аса ерікті жастар бар.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еріктілер» жылында көзделген 7 жалпыұлттық бағытты атап өтті. Бұл тұрғыда біз сөз еткен еріктілер корпусы қандай жұмыс атқармақ?
– «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қам­қор», «Үміт», «Саулық», «Білім», «Са­­бақ­тастық» сынды бағыттар ел Пре­зи­дентінің Жолдауында айтылған бола­тын. Біз Президент межелеген ауқымды жұ­мыстар бойынша тынымды тірліктер ат­қаруға тырысамыз.
Жыл басында 7 жалпыұлттық жо­ба шеберінде аясында ауданымызда «Ерік­тілер» жылын өткізу жөніндегі 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспары жасалынды. Жеті бағыт аясында атқа­ры­ла­тын 7 жоба да нақтыланды. Атап айтар болсақ:
І. «Таза әлем» жобасы. «Birgemiz: Taza Álem» жобасын іске асыру мақ­сатында жыл бойы волонтерлерді тар­та отырып, «Біз таза ауыл үшін» атты экочелленджін, ҰОС ардагерлері мен соғыс құрбандарына, белгісіз сол­даттарға, тыл еңбеккерлеріне арнайы қойылған ескерткіштерге тазалық жұ­мыстарын жүргізу, сонымен қатар, «Менің аулам, менің көшем» атты ак­цияға аудан тұрғындарын жұмылдыра оты­рып, сенбілік ұйымдастыруды іске асыра­тын боламыз.
ІІ. «Асыл мұра» жобасы бойынша аудан аумағында тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау мақсатында «Birgemiz: Asyl mura» жобасын іске асыру. Яғни, «Туған жердің тарихы – тұнған шежіре!» атты тарихи-танымдық экскурсиясы барысында ауданның тарихи-мәдени орындарына экскурсия жұмыстарын іске асыру, танымдық бейнематериалдар түсіру, аудан аума­ғындағы орналасқан ескерткіштер мен ежелгі қала орындарына және қорымдарға арнайы белгі тақталарын орнату, ауданнан шыққан танымал азаматтар мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтардың, ардагерлердің құнды заттары мен құжаттарын облыстық және аудандық музейге қоюға жинақтауға атсалысу жұмыстарын жүргізуді көздеп отырмыз.
ІІІ. «Қамқор» жобасы бойынша аудандағы тұрмыстық жағдайы төмен, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, жалғызілікті аналарға, ардагерлерге көмек көрсету мақсатында «Birgemiz: Qamqor» жобасын іске асыру. Аудан аумағында құрылған «Жан жылуы» қайырымдылық қорының еріктілер тобымен бірлесе «Мейірімділік жүректе» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастыру, «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасын жүзеге асыру, ауданға қарасты барлық ауылдық округте әр ауланы, отбасын аралау, отбасының тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын зерделеу, тұрмысы өте төмен отбасын анықтау бойынша жұмыстар жүргізу, ҰОС ардагерлері мен жалғызілікті қарттар мен еңбек ардагерлеріне тұрмыстық-әлеуметтік көмек беру, «Мейірім» әлеуметтік дүкенін қайта жандандырып, жұмысын жалғастыруды қолға алуды жоспарлаған едік. Бұл жоба бойынша жыл басынан бері біз көптеген жұмыстар атқарып үлгердік.
IV. «Үміт» жобасы бойынша «Парыз» қоғамдық бірлестігі және аудандық ішкі істер бөлімімен бірлесіп, жоғалған адамдарды іздеу, оның ішінде біздің отандастарымыздың Ұлы Отан соғысындағы ерлігі туралы баяндайтын құжаттарды (хаттар, медальдар, наградалар, құнды жәдігерлер) іздестіру жобаларына волонтерлерді тарту жөніндегі «Birgemiz: Úmit» жобасын іске асыру. «Парыз» қоғамдық бірлестігі мүшелерімен бірге 15 ауылдық округте хабарсыз кеткен ҰОС қатысушы жауынгерлердің деректерін іздестіріп, осылайша олардың туыстары мен жақындарын табуға көмек беру, еріктілердің қатысуымен әр ауылда іздеу шараларын жүргізуді алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз.
V. «Саулық» жобасы бойынша денсаулық сақтау саласына волон­терлерді тарту, науқастарға көмек көр­сету мақсатында «Birgemiz: Saýlyq» жоба­сын іске асыру. Жастарды игі іске тарту және медициналық көмек көрсету мақсатында «Донор бол – өмірді құтқар!» атты акция ұйым­дас­тыруды, «Дені саудың-жаны сау» акциясы, жас дәрігерлердің ау­дан тұрғындарын қабылдауын, меди­цина­лық консультациялық кеңес беруді, «Қыз бала-болашақ ана» атты кездесу са­ғаты, «Денсаулық» атты ашық есік күнін ұйымдастырып, еңбек ардагерлері мен қарт зейнеткерлерді білікті дәрі­гер­лердің қабылдауына жет­кізу, дәрі­герлік кеңес беруді қам­тамасыз етуді жоспарлап қойдық.
VI. «Білім» жобасы бойынша тиісті мамандығы бар волонтерлерді тар­та отырып, ауылдық жерлердегі орта мектептердің жоғары сынып оқу­шыларына ҰБТ-ға дайындық, ағыл­шын тілін, компьютерлік және құқықтық сауаттылықты оқыту бо­йын­ша көмек көрсету, әр мектепте арнайы курстар құру, кестеге сай сабақ оқытуға мүмкіндік жасау, оқушыларды тар­ту мақсатында «Birgemiz: Bilim» жобасын іске асыруда білім бө­лімі қызметкерлерімен бірлесе іс-шаралар атқаруды көздеп отырмыз. Ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен аз қамтылған отбасы балаларына тегін ағылшын тілін үйрету курстарын өткізіп, тереңдете оқуына көмек беру, сондай-ақ, информатика пәні мұғалімдерін ұйымдастыра отырып, тегін компьютерлік сауаттылық курстарын өткізуге ықпал жасаймыз.
VII. (Акция, қайырымдылық шаралар, мерекелік кеш, байқау) сынды түрлі сипаттағы «Birgemiz: Sabaqtastyq» жобасын іске асыру бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға, өмірде қиын жағдайға тап болған балаларға психологиялық көмектер ұйымдастыруды да жоспарладық.
– Жасыратын несі бар, әлемді әбігерге салған коронавирус ін­де­ті жаһандық БАҚ-тың басты та­қы­рыбы болып тұр. Бұл індетке қарсы «Жалынды жастар» еріктілер корпусы нендей үлес қосып жатыр?
– Иә, дұрыс айтасыз. Мен жаңа сөз басында 200-ден аса еріктілер мүшесі бар екенін атап өткен едім. Алдағы уақытта осы тізімнің қатарын көбейтеміз деген ауданымыздың белсенді жастарын әрқашан қолдауға әзір екенімді айтқым келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қазақы ұстанымды жұқамыр жүрекке бекіте отырып, алға мақсат етіп қойған жүйелі жұмыстарды бірге атқарамыз деген ойдамын. Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен «Жалынды жастар» еріктілер корпусы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының індетке байланысты жолдаған Үндеуін халық арасында кеңінен насихаттап жатыр. Әлеуметтік желіде түрлі форматта видео-роликтер түсіріп, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға ұдайы көмек қолын созып келеді. Бұл қиыншылықтан да аман шығатынымызға өз басым сенемін. Мұндай сәтте біз бір-бірімізге тіреу болуымыз керек. Мемлекет міндеттеген межелі істі барынша қолдағанымыз жөн. Себебі, ақын Қүләш Ахметова жырлағандай «Қашанда Ай астында, Жер үстінде, Қазақтың жанашыры – қазақ қана». Биылғы жыл «Еріктілер» үшін — тарихи сәт. Ең бастысы, осы жылда жастардың жасампаз үні әрдайым жарқын болсын!
– Айбек Сәрсеханұлы, тұшымды әңгімеңізге алғысымды білдіремін. Өзіңіз айтқандай, «Еріктілер» жылында жалынды жастарымыздың үні жарқын болсын.

Сұхбаттасқан М. Диханбай.

Поделиться ссылкой: