Абай – мәңгіліктің феномені

770 Views

Абай дүниетанымы руханияттың қазығы. Жаның жабырқаған сәтте хакімнің шығармаларын оқысаңыз болғаны, рухың оянып сала береді. Қандай ғажап құндылық, неткен жойқын күш дейсіз сосын. Көз сүйсінеді, жүрек толқиды. Абай шығармаларының бабатанымның баспалдағы іспетті биік те мұнарлы болуының басты себебі осында жатқан шығар, бәлкім. Арқаңа қанат біткендей алға ұмтыласың да тұрасың әйтеуір. Қабырғалы қара сөздері біз секілді жастарға бағдаршам, адасқан өмір жолаушысына жетіқарақшыдай жәрдемші. Қысқасы, Абайдың әлеміне үңілген сайын ұлтқа деген сүйіспеншілігің еселенбесе, кемімейді.
Ұлт әдебиетіне өшпестей із қалдырған Абай Құнанбайұлы өлеңінің өрісін кеңейтіп, халықпен бірге мәңгі жасаса беретін құнды шығармалар жазды. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» екенін тұжырымдады. Шыңғыстаудың етегін тұтас жапқан төрт түлік пен шені бар шенеунік әкенің дәулетін «әсіре қызыл тез оңар» өткінші дүние екенін жасынан пайымдады. Өнері асқан бегзадалармен бірігіп, талай тойдың көркіне айналды. Көрігін қыздырды. «Шыңғыстаудың етегін шарлап, өзен бойындағы нуларға қабыландай әбжілдікпен кіріп аң аулады. «Қансонарда бүркітші шығады аңға, тастан түлкі табылар аңдығанға» деп сайын далада серілік салып, құс бөктерді. Жалған дүниенің жарығымен жанар, қызығымен көңіл суарған ол ең соңында «Сап, сап көңілім, сап көңілім!» деп жастықпен өткен жалын шақтың қызуынан арылып, өмірдің ғибратты болуы – нәпсіні тыю, адами есті жиюдан деп білді.
Абай атамыздың діни көзқарас­та­ры өмір мен өлім жайындағы философиялық ой толғауларын айтса­ңызшы. Мәселен, хакімнің «Адам – бүгін адам, ертең — топырақ» деген сөзі бар. Бұны оқыған сайын Абайдың «Ескендір» поэмасындағы Аристотельдің айтқан:
«Тоя ма адам көзі мың-мың санға…
Қанша тірі жүрсе де өлген күні
Өзге көзбен бірдей-ақ болады» деген өнегелі сөзі еске түседі. Шынтуайтында, түсіне білген жанға адамның адамшылығы атақта емес, адамгершілікте екенін ұқтырып, бейопа жалғанда сәулелі һәм ғибратты ғұмыр сүруді меңзеп тұр емес пе?..
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты» деп жазған болатын. Расымен де, ұлыны ұлықтау — ұлт үшін кемеңгерлікке қадам, арманға жетудің алтын көпірі. Хакімнің сүбелі сөздері саясаттың да шырмаулы түйінін шешуге өз септігін тигізері анық. Яғни, Абай хакім әрбір азаматтың көкейдегі ойын дөп басып, ақиқатқа ұмтылудың дара жолын ұсынады.
Өз басым Абай шығармаларын оқи келе, оның мәңгіліктің ақыны екеніне көзім жетті. «Рухани жаңғыру» негізінде осындай ұлы тұлғамыздың соңынан қалдырған асыл мұраларынан үлгі алуымыздың өзі зерделілік деп білемін. Ел басқарып отырған азаматтардың хакім Абайды темірқазық етіп алуы – оның қаншалықты маңызды тұлға екенінен хабар береді емес пе? Біз, Абайды насихаттау арқылы бүкіл қазақтың мәртебесін көтереміз деп ойлаймын.
Алтын шыққан тауды үңгіп қазып, қаншама ғалым кенен тұлғаның кемел туындыларын саралап жатса да, Абайды ұлықтасақ та, шын бағасын сол ғалымдардан, мына бізден гөрі данышпанның өзі беріп кеткендей көрінеді кейде. Абай: «Әрбір ғалым хакім емес, әрбір хакім ғалым» деген. Яғни, хакімдіктің ғалымдықтан да жоғары екенін айқындаған. Сондықтан біз де Абайдай мұхиттың тереңіне түпкілікті бойлай алдық деп айта алмаспыз тегінде.
Бүгінгі таңда Абайдың дүниетанымын тануға деген көзқарас айтарлықтай серпін алып келеді. Біз секілді білімге құштар оқушылар хакімнің ілімін кемелдендіріп, Жидебай көгінен жалпақ жұртқа жарық шашқан дара жұлдызды бағдар етуіміз керек. Сонда ғана ұлылық кәусарына қанып, шын мәнінде рухани жаңғырмақпыз.

Дариға Құрманалы,
№1 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: