Бүгінгі жағдай бізден нақты әрекеттерді талап етіп отыр

520 Views

Бердібек Сапарбаев коронавирусқа қарсы іс-шараларды күшейту туралы айтты

Жамбыл облысында коро­на­вирустық инфекцияның таралу деңгейінің тұрақтылығы сақ­талуда. Алайда, шектеу шара­ларын қолдануға байланысты өзекті мәселелер туындауда. Бұл туралы бейнеселекторлық режимінде өткен облыстық же­дел штаб отырысында айтылды.
Штаб басшысы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қа­уіп­­ті инфекция анықталған аза­мат­тар оқшауланып, қажетті меди­циналық көмек алып жат­қан­дығын, олардың денсаулық жағ­дайлары тұрақты екендігін атап өтті.
Статистика көрсеткендей, ауыр­­­ғандардың басым бөлігі біз­дің облысқа өзге өңірлерден кел­­­гендер. Осыған орай, блок-бе­кет­тердегі жұмысты кү­шейту қажет. Кеше мен кейбір блок-бекеттерде болып, он­да­ғы жұмыстардың өте әл­сіз ұйымдастырылғанына көз жет­кіздім. Көлік пен аза­мат­тардың қозғалысын бақылау нашар жүргізілуде, көбіне сал­ғырт қаралуда. Мұндайға жол бе­руге болмайды. Әсіресе, Қыр­ғыз Республикасымен ше­кара­дағы Қарасу және Айша бибі өткізу пункттерінің жұмысын барынша ширату тиіс, — деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бек­болат Орынбеков халықты жұмыс­пен қамтуды қамтамасыз ету және тө­тенше жағдай аясында қабылданып жатқан әлеуметтік төлемдер жө­ніндегі ұйымдастыру ша­ралары туралы баяндады. Оның айтуынша, Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 690 инфрақұрылымдық жоба анық­талса, оларды жүзеге асыру үшін 56 млрд. теңгеден астам қаражат қарастырылған. Нәтижесінде 18,7 мың уақытша және 1100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Ол сондай-ақ, төтенше жағ­дай кезінде табыстан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындауға байланысты бір­қатар жайттарға тоқ­талды. Соның бірі – екінші деңгейдегі банктердің кеңселерінде және «Қаз­пошта» бөлімшелерінде шот ашуға ниет білдірген адамдар қарасының қалыңдығы. Бұл орайда Ұлттық банктің облыстық филиалы мен «Қазпошта» АҚ басшылығына тиісті шаралар қабылдау тап­сырылды.
Сондай-ақ, басқосуда облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев коронавирусты инфекцияға қарсы ісшара­лардың ағымдағы жағдайы туралы ақпараттармен бөлісті.
6 сәуірдегі ахуал бойынша каран­тиндік режимде гос­питальда 1190 адам жатыр. Үй карантиніне 813 адам алынған. Ал, 35 азаматтан корона­вирустық инфекция табылған. Анық­талғандай, олардың барлығы респуб­ликаның басқа аймақтарында және ше­телде болып келгендер. Облыс бо­йынша науқас және ауруға кү­дікті аза­маттар үшін 1364 төсек-орын да­йын­далған десек, оның 490-ы ре­зервте тұрғандар. Инфекцияның ал­дын алу мақ­сатында ҚР Үкіметінің резер­вінен Жамбыл облысына меди­циналық препараттарды сатып алуға 536,9 млн.теңге бөлінген. 3 мың экспресс-тест сатып алынды. Өңірдегі фар­мацевтикалық фабрикада және ша­ғын цехтарда медициналық маскалар шығарылуда.
Тараз қаласында карантин ен­гі­зілуіне байланысты қабыл­данған іс-шара­лар барысы ту­ралы шаһар басшысы Айтқазы Қарабалаев мәлімдеді.
— 7 сәуірден бастап облыс ор­та­лығында карантин ен­гі­­зіледі. Осыған байланысты же­дел штаб құрылды, оның құра­мына полиция, санитарлық-эпи­демиологиялық қадағалау және басқа да қызметтердің өкілдері кірді. Қала периметрі бойынша 7 блокпост орнатылды, олар қажетті байланыс құ­рал­дарымен қамтамасыз етіл­ген. Карантин кезінде бар­лық автокөлік түрлері мен аза­маттардың қозғалуы, қо­­ғам­дық көлік қозғалысы шек­теледі, — деп атап өтті қала басшысы.
Жиын барысында облыс әкі­мі мемлекеттік аумақтық және облыстық органдар бас­шы­ларына бірқатар нақты міндеттер жүктеді.
— Ең алдымен, халық ара­сында түсіндіру жұмыстарын кү­шейту керек. Бұл мақсатта газеттер мен телеарналарды ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік желілерді, басқа да мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Инфекцияның алдын алу бойынша брошюралар мен жаднамалар шығарып, жаппай тарату керек, — деп атап өтті ол.
Бердібек Сапарбаев тиісті сала бас­шыларына блок-бекет­терінің жұмысын кү­шейтуді, олардың материалдық-тех­никалық базасын нығайтуды тап­сырды. Бекеттер бейнебақылау камераларымен, тиісті ғима­раттармен жабдықталуы тиіс. Оларда кез-келген адамдар емес, түрлі жағдайларда жедел әрі оң шешім қабылдай білетін, дұрыс әрекет ете алатын мамандар кезекшілік етуі тиіс.
Өкінішке орай, бұл бе­кет­тердегі тәр­тіп әлі күнге әл­сіз. Әлеуметтік желі­лерде аза­мат­тардан түрлі пікірлер түсуде. Облыс басшысы ондай келеңсіз іс-әрекеттердің бірден жолын кесу керек­тігін баса айтты.
Ол сондай-ақ бірінші кезектегі қа­жетті азық-түлік бағасының тұрақты мониторингінің ма­ңыз­дылығына на­зар аударды. Мемлекет бірқатар әлеуметтік маңызы бар өнімдерге шекті бағаны енгізді. Соңғы уақытта су­пермаркеттердегі бағалар күрт көтерілгендігі байқалады. Жағдайды қатаң бақылауда ұстау қажет. Төтенше жағдай мем­лекеттік органдарға сауда­герлердің заңсыз әрекеттерін қадағалауға құқық пен өкі­лет­­тіктер беріп отыр. Тиісті орындар оны тиімді пайдалану керек. Сонымен қатар азық-түліктерді үйлерге, әсіресе көп қабатты тұрғындарға жеткізіп беру қызметін жолға қою аса маңызды.
Б.Сапарбаев дәл қазір ба­рынша жедел әрі батыл әрекет ететін сәт екендігін алға тартты. Мұндай жағ­дайда салғырттық пен босаңсуға жол берілмеу ке­ректігін, сонымен қатар, пан­демия әлі шырқау шегіне жетпегендігін тілге тиек етіп, жұмыла жұмыс жасау, күшей­тілген режимде әрекет ету қа­жеттігін баса айтты.

Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: