СПОРТ САҢЛАҒЫ

815 Views

Әр ауылда жасөспірімдер спорттың әр түріне бейім болады. Мәселен, Атланта Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовқа еліктеушілер ауданымызда тым көп. Біз әңгімемізге арқау еткелі отырған Ұланбек Омарбеков осы әлемге аты әйгілі спортшы атындағы мектепті басқарады. Өзінің таңдаған спорты — еркін күрес. Туған ауылы — Жалпақсаз. Каменка елді мекені Қарақыстақ ауылдық аймағына қарасты Қазақ, Тасшолақ, Жалпақсаздан келіп оқитын ұландарды спортқа баулитын орталық десе де болады. Мұнда еркін күрес дамыған, ал, Қазақ ауылының аты аяқдоппен яғни футболмен шыққан. Осында тұсауын кескен «Урожай» футбол командасы Одаққа әйгілі футболшылармен тізе түйістіргенін біз жақсы білеміз. Жұрт Әліш Мырзагелдиев, Қойшан Тәнікеев, Құдайберген Мүсірәлиев, Жекен Кәдірқұлов сынды футболшыларды әлі ұмытқан жоқ.
Сонымен біздің кейіпкеріміз Ұланбек он алты жасында еркін күрестен облыс чемпионы атанады. Осыдан соң 52 келі салмақ дәрежесінде Өскеменде өткен студенттер арасындағы біріншілікте үшінші орынды иеленіп қайтады. Оны спортқа баулыған спорт шеберінен үміткер Бекен Әбдірайымов болатын. Ол өзі жауырыны жерге тимеген нағыз палуан еді.
– Ол кезде айла-тәсілі мол Қаржау Иманбеков сынды самбо мен қазақша күресті меңгерген палуандарымыздың аты дүрілдеп тұрған. Әсіресе, спорт шебері Игорь Кудряшов пен Ертай Медербаевтарға тең келетіндер саусақпен санарлықтай еді. Мен әскерде яғни Берлинде әскери борышымды өтеп жүріп те күреске қатыстым. Спорт шеберлігіне кандидат нормасын орындадым. Келген соң Шымкенттегі физкультура техникумын, кейін Бішкектегі дене шынықтыру факультетінде оқыдым. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер атағым бар,-дейді Ұлан.
Иә, ол ұстаздық кәсіпті таңдамас бұрын алғаш колхозда құрылысшы болды. 1988 жылы Каменка орта мектебіне мұғалім болып, дене шынықтырудан сабақ бере бастады. 2004 жылы №1 спорт мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, одан соң №2 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2012 жылдан осы уақытқа дейін Ермахан Ыбырайымов атындағы спорт мектебінің директоры болып еңбек етіп келеді. Оның 41 жыл бойы спорт саласына төккен тері мен жаттықтырушылық, ұстаздық қызметі үкімет тарапынан жоғары бағаға ие болды. Ол «Білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық бизнес-рейтингісінің шешімімен «Экономика мақтанышы» орденімен марапатталған.
Ұланның шәкірттері қазір әлем біріншіліктеріне қатысуда. Мәселен, Әділет Дауланбаев еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол 2018 жылғы ересектер арасындағы республика чемпионы. Әділет Бішкек қаласында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Лас-Вегаста өткен Әлем чемпионаты мен әскерилер арасындағы Әлем біріншілігінің бірнеше дүркін чемпионы. Ол ауыр салмақта күресетін палуан болған соң жаттықтырушылар оны Монғолиядағы турнирге жіберді. Әділет турнир жеңімпазы атанды. Қазір ол Қазақстан құрама командасымен кезекті Олимпиадаға баруға дайындалуда. Жаттықтырушысы Ұланбек шәкіртін мақтан тұтады. Екеуі бір ауылдан болған соң жиі кездесіп тұрады. Каменка ауылынан Елдос Сметов сынды Олимпиаданың күміс жүлдегері шыққан. Бұл ауылда ережесіз жекпе – жекке қатысып жүрген Қарақұловтар да бар. Қалай десеңіз де бұл спорт сүйетін ауыл.
Ұланбектің екі ұл, бір қызы бар. Жолдасы Сәуле кәсіпкер. Үлкен ұлы Ерлан әскери қызметші. Самбодан спорт шебері. Екінші ұлы Айдос құрылысшы-инженер. Қызы Айнұр Алматыдағы Нархоз институтты бітірген. Ұланның жеті немересі бар. Бәрі де спортқа бейім. Балалар әкелері 60-қа толғанда бір қуанды. Әкелері «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай медаль алғанда тағы қуанды. Ұлан өмірде біртоға, салмақты жүретін жан. Бірақ үйінде балаларының мейірімді де сүйікті әкесі.

С.Қожеке.
Суретте: №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ұланбек Омарбеков.

Поделиться ссылкой: