Жақсының аты өлмейді немесе майдангер – ұстаз Нұрмағамбет (Нұрмаш) Сүлейменұлы туралы бір үзік сыр

622 Views

Міне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс туының желбірегеніне де 75 жыл толды. Арада бүтін бір ұрпақ алмасты. Қан майданда қаһармандық көрсетіп, бейбіт өмірде де лайықты іздерін қалдырып, бақилық болған әкелер рухы ешқашан ұмытылмайды. Бүгін біз әңгіме еткелі отырған Нұрмағанбет /Нұрмаш/ Сүлейменұлы атамыз да сол бір алапат соғыстың от-жалынынан аман-есен елге оралып, туған жерді көркейтуге көп еңбек сіңірген болатын.

Нұрмаш ағайдың әкесі Сүлеймен атамыз діндар адам болыпты. Кеңес өкіметінің шолақ белсенділері бір күні кәриеге:
— Сен шал жұртты дінге үгіттейді екенсің, бәлкім кеңес өкіметіне де қарсы шығарсың,- деп зіркілдейді.
– Қарағым-ау, қайдағы үгіт, нені айтып тұрсың? Құранды қолға алып, Аллаһқа сыйыну – бұл әркімнің ар-ожданының ісі, жүрегінің қалауы ғой, ал үкіметіңнің ісінде мүлде шатағым жоқ, — дейді Сүлеймен ақсақал ағынан жарылып.
Олар Сүлеймен атаның берген жауабына разы болмай оны алдына салып айдап әкетеді. Әйтеуір бір апта өткен соң әкесіне кінә арта алмаған болуы керек, босатып қоя берген екен. Сонда Нұрмаш ағай әкесінің айтқан мына өсиетін жадына мәңгі сақтап қалған:
–Балам, сен дінмен басыңды қатырма, мына өкіметіңнің дінге деген райы жаман екен. Сен енді осы заманның күйін күйттеп, тірлігін жаса. Балаларға білім берумен айналысып, қызмет ет,- дейді көпті көрген кәрие бір жағынан ұлының пәле-жаладан аулақ болғанын қалап. Нұрмаш осылайша әке ақылымен ұстаздық жолын Қарақаттағы үкідей ұйысқан бастауыш мектепте сабақ беруден бастайды. Бірақ бейбіт тірлік ұзаққа бармады…
Елімізге неміс–фашист басқын­шылары баса көктеп кіріп, сұрапыл соғыс басталғанда Нұрмаш атамыз небәрі 19 жаста екен. 1941 жылдың қоңыр күзінде ат жалын тартып мінген ауыл азаматтары қатарында ол да майданға аттанады. Өйтіп, от пен оққа оранған майдан даласынан бірақ шығады. Қатардағы жауынгер Нұрмағанбет Сүлейменұлы Воронеж майданындағы генерал С.В.Соколов басқарған 6-гвардиялық атты әскер корпусында қызмет етіп, небір шайқастарға қатысып небір шайқастарды басынан өткізеді. Әйгілі корпус 1943 жылы Украинаның Харьков қаласын жаудан азат етуде ерекше қимыл-әрекет жасап, ерлік көрсетеді. Осы ұрыстардың бірінде басына снаряд жарықшасы тиіп, Нұрмаш ауыр жараланады. Жаралы жауынгер сол жылы майданнан туған ауылына оралады.
Елдің жүдеп-жадағанын, ауылдағы ескі мектептің қирауға шақ қалғанын көріп, жаны құлазиды. Енді ол бейбіт тірліктің қамын ойлай бастайды.
— Әке, -дейді ол бір күні таңғы шай үстінде, — Енді мен өзіңіз маған өсиет еткендей балаларға білім берумен айналыссам деймін. Ол үшін кішілеу болса да мектеп үйін тұрғызбаса болмайтын сияқты,- дейді. Қашанда көпшіліктің қамын ойлап жүрген қарт баласының бұл ойын құптайды. Сөйтіп ол мектеп салуды қолға алады. Қиын-қыстау шақта құрылыс жүргізу оңайға соқпайды.«Әйтеуір ауыл болып, жұрт болып жүріп ауылдағы кәрі-құртаң, бала-шағаны ұйымдастырып, құрылыстың керек-жарағын өгіз арбамен тасып, қарлығаштың ұясындай ғана төрт сыныптық мектеп салынып бітті. Жаңа мектеп көпшілік көңілін бір жадыратып тастады»-деп еске алады ауыл қариясы Тұрғынбек Қарағаев ақсақал сол бір кездерді еске алып. Иә, сол аядай 4 бөлмесі бар мектеп кейін сол мектепте ұстаздық еткен Гериков Рамазанның құтты қонысына айналды. Бұл ғимарат әлі күнге дейін әжетке жарап тұр.
Қарақаттағы шағын мектеп орнына уақыт өте келе жаңа білім ошағы салынды. «Октябрьшаруа» мектебі 1960 жылы 8 жылдық, 1991 жылдан бастап 11 жылдық мектепке айналды. Жаңа мектептің де құрылысын қадағалап, төңірегін жасыл қоршаумен қоршатып, айналасына жеміс ағаштарын отырғызып, оның күтіп-баптауын қадағалап, мектепте биология-география алаңын жасатып, түрлі тәжірибелер жасауға мүмкіндік жасады. Ол кісінің еккен жеміс ағаштары әлі күнге дейін жеміс беріп тұр.
Нұрмаш ағай әділетті және талап қойғыш адам еді. Мен Қарақат ауылындағы мектепте 1972 жылы биология-география мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітіріп, ұстаз­дық жолымды бастадым. Сондағы ме­нің таң қалғаным мектептің оқу базасының биология-химия, география-тарих, физика, қазақ тілі кабинеттері түрлі зертханалық жұмыстарға арнал­ған препараттар, микроскоптар, реак­тивтерге толы болды. Соның нәти­жесінде түрлі зертханалық жұмыстар жүр­гізуге мүмкіндік алдық. Сол жұмыс­тардың нәтижесінде көп­теген мек­теп түлектері биология пәнін жақ­сы меңгеріп, медицина саласында, педа­гогикалық инстиуттарда ұстаз­дық жасап жүр. Нұрмаш ағай тек оқу­­шыларды ғана тәрбиелеп қоймай, ұстаз­дардың да ұстазы болды. Сол кездерде мектепте апта сайын саяси сабақ өткізіліп тұратын. Саяси картаны қабырғаға іліп, одақтас, социалистік елдерді, олардың астанасын, бірінші хатшыларын жатқа білуді талап ететін. Онымен қоса дүние жүзінде болып жатқан саяси жағдайлармен хабардар болып отыратынбыз. Ұстаздарға оқушы алдында өзіңді қалай ұстауды, сабаққа қандай уақыт болсын дайын болуды талап ете білді. Соның нәтижесінде аудан,облыс көлеміндегі тексерістер кезінде мектебіміз әрдайым алғысқа ие болатын. Нұрмаш ағайдың басшылық жасаған кезіндегі ұстаздар: Балтагүл Дарханбекова, Алшакүл Жанасова, Рамазан Гериков, Бейбіт Байгелов, Фатима Бейсенбетова, Бейсекүл Төлеу­шова және тағы басқадай ұстаздар жоғары санаттағы Қазақ ССР-не еңбегі сінген ұстаз, Білім Министрлігінің мақ­тау қағаздарына ие болған ұлағатты ұс­таздар болды. Біздің осындай жетістікке жетуіміздің өзі тікелей мектеп басшысына байланысты деп санаймын. Осыншама еңбек ете жүрсе де, марапат өзі емес мектеп ұстаздарына берілгенін қалайтын. Нұрмаш ағайдың тағы бір қасиеті – ол ешуақытта атқарған ісін, сіңірген еңбегін бұлдап көрген емес. Мектептің оқу-тәрбие жұмыстарында қаншама жетістіктерге қол жеткізіп жатса да, партия-кеңес орындарынан марапат дәмету оның қаперіне де кіріп шықпаушы еді. Иә, ұлағатты ұстаз жәйлі айтатын әңгіме өте көп-ақ.
Нұрмаш ағайдың ұзақ жылдар бойы жас жеткіншектерге саналы білім беріп, олардың бойына адами қасиеттер мен ізгілік нұрын құйғанын қалай ұмытарсың? Бәрінен де соңына ерген шәкірттеріне өмірдің айқын жолын көрсетіп беріп, өмірден өз таңдауын жасауына сіңірген еңбегі ұшантеңіз дер едім. Ақиқатын айтсақ, кәзіргі күнде ақыл мен парасаттылықты танытатын қарттарымыз да арамыздан алыстап кетті ғой. Осындайда Мұқағали Мақатаевтың мынадай өлең жолдары еске түседі:
Ақыл айтып жүрмесе қасымызда,
Сонда орнайды жетімдік басымызға.
Жалаңашқа шекпенін шешіп беріп,
Бір күлшесін бөліскен асымызға.
Арсыз күлкі тыйылмас, жылауың да,
Айтысың да басылмас, ылаңың да.
Араздасып ағайын кетер еді,
Бір қария болмаса бір ауылда.

Нұрмағамбет ағай өзі кірпішін қалаған мектептің тізгінін 40 жыл ұстады. Сөйтіп, сол мектептен зейнетке шықты. Осынау асыл азаматтың қалдырған ізін мәңгілік ету кейінгі ұрпақтың абыройлы борышы. Осы орайда айтарым, Нұрмағанбет (Нұрмаш) Сүлейменұлының есімі өзі еңбек етіп, ірге тасын қалаған қасиетті ордасы, алтын ұя – мектебіне берілсе деймін. Мұны ауыл тұрғындары да қуана-қуана қолдаған болар еді. Бұлай ету бұрыннан келе жатқан үрдіс. Олай дейтініміз ауданымызда бірнеше мектептің аты сол мектептерге еңбегі сінген айтулы азаматтарға берілген. Енді солардың қатарына Н.Сүлейменұлы ағайымыздың есімі беріліп жатса несі айып. Қайта қуаныш қой. Кел ағайын! Жаны жайсаң ағаның дидары жадымызда жаңарып тұрсын десек, есімін мәңгі есте қалдырып, ұрпақтық парызымызды өтейік. Себебі, бізден кейінгі толқын ол кісінің істеген еңбектерін білмейді, ал біз бірге қызметтес болғанбыз, біз білеміз. Сондықтан осы мәселені көтеріп отырмыз.

Мектеп ардагерлері атынан байырғы ұстаз Күләш Тлешова.

Суретте: Ұлы Отан соғы­сы­ның ардагері, ұлағатты ұс­таз Нұрмағамбет (Нұрмаш) Сүлейменұлы.

Поделиться ссылкой: