Каменкадағы кітап көрмесінде

582 Views

Бір жылдары Каменка ауылында Файзолла Омаров деген азамат тұрды. Үйі тура ауыл орталығында, мәдениет үйіне қарсы бетте болатын. Іс сапармен келген сайын оған ұшыраспай кетпеуші едім. Өзі Арқа жақтан болуы керек, Абай туралы көп айтатын. Мерзімді басылымдарға көрген-білгенін жазып та жүретін. Біздің аудандық газетке де оның мақалалары мен өлеңдері жарияланып тұрды. Сол кісі бір күні маған: «Сіз білесіз бе, осы ауылда Абай Құнанбаевтың ағайындары бар» демесі бар емес пе. Сөйтсе… ол өзім күн құрғатпай көріп жүрген Тоқтарғазы деген азамат болып шықты. Расында бұл мен үшін тың жаңалық еді. Кейін марқұм Тоқаңның өзі де редакцияға келіп, кемеңгер Абайға қандай туыстығы бар екенін айтып берді. Оның әкесі Қапыш та, ағасы да Баянауылдан болып шықты. Бұл туралы аудандық, облыстық газеттерге кейін жаздық та, сондықтан оны қайталап жатпайық.
Жақында іс сапармен осы ауылда бо­лып, үлкен мәдениет үйінің фоесіне кіргеніміз сол еді ауыл кітап­ханашысы Тынышкүл Ақылбаева бір топ ауыл адамдарына Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай кі­тап көрмесін ұйымдастырып, соған библиографиялық шолу жасап тұр екен. Кітапханашылардың ой-өрісі кең ғой шіркін, жаңағы әңгімені сол жерден ес­тідім. Енді осы туралы жергілікті мек­тептерде кездесулер өткізіп, Абай мұра­ларын жас ұрпақтың санасына те­рең­дете сіңірсе ғой, әсіресе, жаңа­ғын­дай жергілікті материалдарды ұтымды пайдаланса нұр үстіне нұр-ау. Былайша айтқанда, біз ұлтымызды Абайша сүйіп, Абайша танысақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ай­тыл­ған өрісі кең өрелі пайымдарды көкіре­гімізге мықтап түйген болар едік. Осы тұрғыдан алғанда Каменка ауылындағы кітапханашы Т.Ақылбаеваның бас­та­масы қолдауға тұрарлық.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: