Бір-бірімізге рухани қолдау көрсетейік

1 048 Views

Қазір халқымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөзін қаперден шығармай, елімізде жарияланған төтенше жағдайдың талаптарына бағынатын кез. Әлемге жайылған қауіпті індетпен күресудің бірден-бір жолы осы. Бүл асқан қаһармандықты қажет етпейтін, бірақ қоғам үшін ең жауапты қадам.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақаласында: «Тұтқиылдан келген жаман індет — коронавирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіруде. Қазірдің өзінде дүниежүзі бойынша 1,4 миллионнан астам жан осы сырқатқа шалдығып, ондаған мың адамның өмірі қиылды. Сондықтан әлем мемлекеттері қатерлі дертке бірлесе дауа іздеп, бүгінгі заманның бар күш-қуатын, ақыл-ойы мен ғылым-білімінің жетістігін ортақ мақсат жолына бірлесе жұмылдырып, ынтымақтаса әрекет етуде», деген сөзі қазіргі әлемдегі қалыптасқан ахуалдың шынайы бет-бейнесін көрсетеді.
Елбасы атап өткендей, Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кіріскенін біз қазір айқын сезініп отырмыз. Тиісті сақтандыру шараларының арқасында қауіпті дерттің жаппай таралуының алдын алдық. Көрші Ресейдің өзінде бір күнде 500-ге дейін жұқтыру дерегі тіркеліп жатқаны — біздің мемлекетіміздің төтенше жағдайды дер кезінде жариялағанын айқындап тұр.
Шындығына келгенде, коронавирусты жұқтыру дерегі туралы алғаш ақпарат жарияланған сәттен бастап, ешқайсымыз бұл жұқпалы індеттің елімізді де айналып өтпейтінін білгенімізбен, жағдай дәл осындай болады деп ойламағанымыз хақ. Сондықтан мемлекетіміз бұл бағытта қандай дайындық жүргізіп жатқанына немқұрайлы қарадық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тәжтажалды пандемия деп мәлімдегеннен кейін ғана селт етіп, шырт ұйқыдан оянғандай болдық. Елімізде дерт жұқтырған науқас анықталған күні ғана көпшілігіміз Президенттің қадағалауымен коронавирустың алдын алу іс-шараларына мән бере бастағанымызды жасырмаймыз. Дәл қазір біз бұл шешімдер уақтылы қолға алынғанын шын сезіндік.
Індеттің таралуы өршіп, жағдайы ушыққан Италия, Испания, Германия секілді дамыған мемлекеттердің тәжірибесі біздің елдегі шұғыл түрде шекарадағы бақылауды күшейту, қалаларды карантинге жабу, қоғамдық орындардағы қозғалысты шектеу сияқты қадамдардың дер кезінде жасалғанын көрсетті. Халықты індеттен сақтау үшін біз ел болып тойлайтын үлкен мерекеміз Наурызды атап өтуден бас тарттық. Бұрын бұл күндері ежелден келе жатқан салтымыз бойынша алқалаған ағайын бір-бірімен көрісіп, төс қағыстырып, ұлттық мерекеміз ұлан-асыр тойға ұласып жататын. Ал бұл мерекелік шараларға тоқтау салмасақ, тіркелген деректер қазіргі көрсеткіштен де көбейіп, дерттің дендеп кетуіне жол ашар едік. Елбасы мақаласында: «Еліміздің ең үлкен байлығы — адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені ұлт денсаулығы — мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі», деген сөзін мемлекетіміз іс жүзінде дәлелдеп отыр деуге болады.
Дәл қазіргідей қиын-қыстау кезеңде халықты рухани қолдау мәселесі де ұмыт қалмағанын атап өткен жөн. Жалпы көпшілік мекемелер қашықтан жұмыс істеу режіміне көшкенімен, мәдениет пен руханиятқа бағытталған іс- шаралар бір сәтке де толастаған жоқ. Цифрлы технологиялардың жетістігі арқасында мәдениет ошақтары көрермендерін репертуарындағы тамаша туындыларымен ел рухын көтеруге барынша үлес қосып жатыр.
Көрнекті өнертанушылар мен танымал өнер иелерінің сұхбаттары мен концерттері онлайн платформаларда барлығына қолжетімді екенін айта кету керек. Мәдениет министрлігі еліміздің кез келген тұрғыны үйден шықпай-ақ музейлерге виртуалды саяхат жасауы, театрлардың қойылымын, өнер жұлдыздарының концерттерін онлайн тамашалауға мүмкіндік туғызып отыр. Ютуб каналындағы «Карантиндегі жұлдыз», «Онлайн-өнер» жобалары — көпшілік үшін рухани қолдау. Бұл бастамаға өңірлердегі әншілер мен өнерпаздар да үн қосып, бір-біріне челлендж жолдап жатыр. Осындай күй тартыс, естен кетпес ескі әндерді бір мезгілде қосыла шырқау бастамалары да әлеуметтік желілер арқылы онлайн түрде жалғасып, жұрт көңілін аулап отырғаны шындық. Біздің М.Төлебаев атындағы аудандық саз мектебінің ұстаздары да өзара осындай онлайн жарыстар ұйымдастырып, мынадай кезеңде тұрғындардың үйден шықпай, дертті бірге жеңуіне ықпал етуде.

Бердібек БАБАСОВ,
М.Төлебаев атындағы саз мектебінің директоры.

Поделиться ссылкой: