Бюджет қаражаты – халық игілігіне

454 Views

Ауылдың дамуы – елдің дамуы. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауының не­гізінде Әулиеата өңірі өркениет көшіне сай дамудың даңғыл жолына түсті. Соңғы жылдары аймақта тың жобалар жүзеге асып, ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Облыс орталығындағы ілкімді істер аудандарда, сондай-ақ, шалғай ауылдарда да лайықты жал­ғасын табуда. Ол үшін қазір мем­лекеттік қолдау да жеткілікті. Мәселен, Тұрар Рысқұлов ауданында шешімін табуы тиіс мәселелерді жүзеге асыруға мемлекет бюджетінің барлық көздерінен биылғы жылы 20152,3 млн.теңге қарастырылып, аудан бюджеті 2019 жылмен салыстырғанда, 5611,8 млн. теңгеге артты. Бұл шамамен 30 %-ға көп деген сөз. Осының өзі елімізде өңірлерді дамытуға деген үлкен қолдау.
Оның ішінде қомақты қаражат пен мемлекет тарапынан қаржылай қолдауды қажет ететін білім саласына биыл 12 088,0 млн.теңге бөлінді. Бұл сала еш кезек күттірмейтін, аса зор көңіл бөлуді қажет ететін бағыт болғандықтан, ауданда өзекті проблемаларды бірден шешуге мол мүмкіндік туып отыр. Себебі, ел болашағы — білімді ұрпақтың қолында. Біз жастарға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ қалыптастыру керекпіз.
Қазақ ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебіне мәжіліс залы мен екі пән кабинеті құрылысын жүргізуге 99,5 млн.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталады. Сөйтіп, ұзақ жылдар шешімін таппай келе жатқан мәселеге нүкте қойылды. Оның үстіне халық пен ұстаздардың да осы сұранысы болатын.
Білім нысандарында күрделі жөндеу жұмыстары да өзекті мәселе болатын. Өйткені, үстімізде ХХІ ғасыр. Кез келген ауыл баласы қатардан қалмай, материалдық- техникалық жағдайы толық қамтылған мектепте білім алғысы келетіні жасырын емес. Осыны ескеріп, аудандағы ескі мектептердің мәселесін шешу де қолға алынды. Мәселен, ағымдағы жылы ауданда 8 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Олардың қатарында 2003 жылдан бері жөндеу жұмысын көрмеген 4 мектепке, 1991 жылдан жөндеуді қажет еткен 1 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті, ал, қалған 3 мектепте енді басталады. Бұл білім ұжымдары мен оқушылардың жайлы ортада оқу-тәрбие үрдісін сапалы деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік беретіні даусыз. Осы мақсатқа бюджеттен барлығы 1953,5 млн.тг. қарастырылып отыр.
Әрине, ауданда жастардың білім алуына, ұстаздардың жайлы ортада жұмыс істеуіне бей-жай қарамаймыз. Өйткені, ол — уақыт талабы. Сол үшін биылғы жылдың өзінде бюджеттен қосымша қаржы қарастырылып, жедел түрде жобалық-сметалық құжаттамалар мен тиісті қағаздары реттеліп, Құлан­дағы іргелі оқу орны саналатын №1 мектеп-лицейі, Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектеп пен Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептерінің ғимараттарына да күрделі жөндеу жүргізуге мүмкіндік туды. Бұл да соңғы жылдары ұстаздар тарапынан көтеріліп келе жатқан ең өзекті мәселе болатын. Демек, біздің мақсат — білім саласындағы шешімін табуға тиісті жұмыстарды алдыңғы қатарға қою.
Құмарық ауылындағы Болтай батыр атындағы, Қызыл шаруа ауылындағы №3 шағын орталықты орта мектеп, Р.Сәбденов ауылындағы Ақбұлақ, Каменка ауылындағы Б.Момышұлы, Көгершін ауылындағы Ақтоған орта мектептерінің күрделі жөндеу жұмыс­тары ағымдағы жылдың тамыз айының соңында аяқталуы тиіс. Алдағы оқу жылын оқушылар заманауи үлгіде жаңарған пән кабинеттерінде қарсы алатын болады. Бұл – қаншама аудан оқушыларына қуаныш сыйлаймыз деген сөз.
Сонымен қатар, аудан мектептерінің жылу жүйелері мен отқазандықтарының сапалы жұмыс атқаруы жыл сайын на­зарға алынып, тиісті жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Биыл 4 бастауыш мектептің отқазандығын ауыстыруға, Каменка ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектеп пен Қазақ ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектеп отқазандықтарына жаңа пеш орнатуға қаржы қарастырылды.
Білім нысандарын ағымдағы жөн­деуге 36 жобаға 211,8 млн.тг. қарас­тырылды. Оның ішінде қазіргі заман талабына сай мектеп ғимараты ішінен мектеп дәретханасын салу тапсырмасы да өз шешімін табатын болды. Ағым­дағы жылдың тамыз айына дейін 26 мектепке дәретхана орнату жұмысы жүргізіледі. Әрине, бұл жұмыстарды соңғы жылдары болмаған жағымды жаңалық, білім саласына деген үлкен қамқорлық деп тануға болады.
Шалғай жатқан елді мекендерден жақын жердегі мектептерге оқу­шы­ларды тасымалдау жұмыстары да ауданда ең өзекті мәселе еді. Өңір­де бұған дейін 3 мектепке ғана бюд­жеттен автокөлік сатып алу жұмысы жүр­гізілген болатын. Ал, қалған білім нысандарында тасымалдау шара­ларын жеке кәсіпкерлер қолда бар мүмкіндіктеріне қарай өз жеке көліктерімен ұйымдастырып келген. Осыған байланысты тараптар арасында автобустың техникалық жарамдылығы, сыйымдылық пен тасымалдау сапасы бойынша проблемалар туындап жатады. Өзекті мәселені оңтайландыру үшін ол бірден назарға алынып, аудан әкімдігі тарапынан жергілікті бюджет есебінен кезең-кезеңімен тасымал ұйымдастырылатын білім ордаларына көлік әперу жоспарланды. Биыл ауданға 2 автобус сатып алуға, оқушыларды тегін тасымалдауға қар­жы қарастырылды.
Еліміз үшін өркениетті елдердің қа­та­рына қосылу, қосылып қана қой­­май жаһандану процесінде көш­басшы елге айналу міндеті тұр.Ол үшін мемлекет өнер мен білімде, мә­дениет пен әдебиетте, ғылым мен жаңа технологияларда, медицина мен спортта, саясат пен экономикада үл­кен ізденістерді басынан өткеруі ке­рек. Ал, бұған бастар бірден бір жол рухани жаңғырып, мәдениетті дамыту. Сол үшін де ауданымызда мәдениет, денешынықтыру мен спорт салаларына ден қойылып, ол халықтың рухани қа­жеттілігін қанағаттандыратын үл­кен салалар болғандықтан, тиісті қара­жат қарастырылған. Биыл ауданның мәдениет саласын өркендету үшін бюд­жеттен барлығы 415,5 млн.теңге бағыт­талды. Себебі, бұл салада да шешімін табуға тиісті, біраз жыл қордаланып қалған мәселелер бар болатын.
Атап айтқанда, Көкдөнен мәдениет үйіне контейнерлік типті блокты-модульды қазандықты орнатуға тиісті қаржы бөлінді.
Құландағы К.Бекебаев атындағы орталық стадионның, «Сұлутөр» кинотеатрының, Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйі, Қарақат ауылдық клубы мен Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық- сметалық құжаттар мен сарап­тама қорытындысын жасауға қаражат бөлінді. Бұл жұ­мыс­тар қажеттіліктен туын­даған проб­ле­маларды шешуге бағыт­талды. Халықтың өмір сүруіне қо­лайлы орта қалыптастыру –әкімдіктің не­гізгі жұмыс бағыттарының бірі.
Ауданда құрылыс, оның ішінде тұр­ғын үй құрылысы- ең өзекті мәселенің бірі. Тіпті, бұл көп уақыттан бері қолға алынбаған тың сала десе де болады. Қазіргі уақытта осы мәселе аудан әкімдігінің басты назарына алынып, жоспарлы түрде жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, ағымдағы жылы Құлан ауылындағы «Арай» алқабына 5 қабатты 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастауға қаржы қарастырылып, құрылыс келесі жылы жалғасын табады. Бұл қаншама отбасының үй проблемасын шешуге септігін тигізеді.
Ауданда жүзеге асырылатын құрылыс жұ­мыс­тары үшін бірнеше жобалардың жобалық-сме­талары мен сараптама қорытындысына 12,5 млн.теңге қарастырылды. Оның ішінде Құлан ауылына спорт кешені құрылысын салуға, Ю.Гагарин атындағы орта мектепке спорт зал құрылысын салуға, Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын алқабындағы тұрғын үй кешеніне қазандық құрылысын салуға, Луговой ауылында денешынықтыру мен демалыс орталығын салуға, Луговой ауылының бас жоспарына бірінші және екінші кезеңдегі тұрғын алқаптарының электр желілерінің құрылыстарын салуға, Абай ауылындағы Жастар, Самал көшелеріне электр желісін орнатуға, Жаңатұрмыс, Көгершін ауылдарына 90 орындық мәдениет үйінің жобалау-сметалық құжаттамаларын жасауға қаржы қарастырылды. Сонымен қатар, Құлан ауылының бас жоспарын жасауға да 7,9 млн.тг бөлінді.
Бір айта кетерлігі, бұл жұмыстың барлығы халықпен кездесулер мен жиындарда туындаған өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Яғни, жұмыстар елдің өз сұранысы, халықтың талап- тілегі.
«Жол қадірін жүрген біледі». Жол мәселесі тұрғындар үшін әрдайым өзекті. Алайда, бүгінде ауданда жолға қатысты да сұрақтар жеткілікті. Осы қордаланған мәселені шешу мақсатында аудан әкімдігі биыл жалпы аудан бойынша 91 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Атап айтар болсақ, тек Құлан ауылы орталығында ғана 46 көшеге, Луговой ауылында 17 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Одан бөлек кірме жол саналатын «Құлан-Шөңгер» және Р.Сәбденов ауылының солтүстік кіре берісі мен оңтүстік кіре берісі жолдары да жөнделетін болады.
Сонымен қатар, облыстық мәндегі Көгершін-Құлан аралығы, Құлан-Қарақыстақ аралығында автокөлік жолдары жөнделіп, халықтың сұранысы қанағаттандырылады. Жаяу жүргіншілер жолы салынып, көгеріштендіру, тал егу сияқты жұмыстар жоспарлануда.
Ауылда тұратын ағайын үшін ең керекті екі нәрсе болса, соның бірі газ мәселесі екендігі белгілі. Аудан аумағындағы газдандыру жұмыстарын алғашқы күннен бастап бақылап, назарға алып, жіті айналысудың нәтижесі де шықты.Т.Рысқұлов ауданы аумағында 42 елді мекен бар. Олардың ішінде бүгінгі таңда 24 елді мекен газбен толық қамтылған. 2019 жылы аудан әкімдігінің жүйелі жұмысының нәтижесінде Шолаққайыңды, Шөңгер, Бәйтелі, Қорағаты, Д.Қонаев, Әбілхайыр ауылдарын газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бүгінгі таңда мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қарақыстақ, Жаңатұрмыс ауылдық округтерінде (Жаңатұрмыс, Каменка, Тасшолақ, Қазақ, Жалпақсаз) ауыл тұрғындары әр үйге газ кіргізу бойынша жеке кәсіпкермен өзара келісім-шартқа тұрған. Алайда бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік тарапынан жұмыс аяқсыз қалған. Бұл соңғы жылдары ауыл тұрғындарының наразылығын тудырып, үлкен даулы мәселеге айналған еді. Аудан әкімдігі аудандық прокуратурамен бірлесе отырып, бұл бағытта да былтырдан бері ауқымды жұмыстар атқарды. Бүгінгі таңда Жаңатұрмыс, Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты ауылдарды газдандыруға жобалық-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған соң ЖСҚ аудан әкімдігіне қабылданғаннан кейін Республикалық немесе облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлуге бюджеттік өтінім жолданатын болады. Бұл жұмыс күнделікті бақылауда тұр, алдағы уақытта мәселе өз шешімін табуы тиіс деп есептейміз.
Келесі мәселе-ауыз су проблемасы. Бұл ауданда ғана емес, бүгінде еліміз бойынша шешімін табуға тиісті жұмыстар болып тұрғаны жасырын емес. Ауданда ауыз суға қатысты бірқатар мәселелер қордаланған. Ауданда да таза су мәселесін шешу жолында жүйелі жұмыстар атқаруға қол жеткізілді. Қазіргі уақытта осындай күрделі мәселесі шешіліп, жоспарланған 8 ауылдың су жүйелері құрылысының 7 ауылда құрылыс жұмыстары басталып кетті, 1 ауылда енді басталады. Атап айтар болсақ, Жарлысу,Әбжапар, Құмарық, Қаракемер, Алғабас,Бәйтелі ауылдарында су құбыры желілері мен су іркуіш құрылыстарын салу және Құлан ауылындағы орталық су алғыш құрылысты реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Ал Тасшолақ ауылында су құбыры желілерін және суалғыш құрылыстарды салу жұмыстары таяу күндері басталады.Айта кету керек, бұл жұмыстар келесі жылы толығымен аяқталады деп күтілуде.
Бұл жұмыстар әкімдік тарапынан жүргізілген тынымсыз еңбек пен нәтижелі жұмыстың қорытындысымен сапалы ауыз суға қол жеткізуге мүмкіндік туғанын айта кеткен жөн. Осы жоспарланған жұмыстардың барлығы сәтті жүзеге асқан кезде мыңдаған ауыл тұрғыны ауыз сумен қамтылып, қуанышқа кенелері сөзсіз.
Былтырдан бері елімізде әлеуметтік салаға баса ден қойылды. Себебі, халықтың жағдайын жақсартып, әлеуметтік мәселесін шешу арқылы ғана біз алға ұмтыламыз. Сол үшін де мемлекеттік бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды. Ал, мемлекет көлемінде маңызды болып отырған салаға Тұрар Рысқұлов ауданының әкімдігі де бей-жай қарап отырған жоқ. Атап айтсақ, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру саласына 2554,1 млн.теңге қаралып, оның ішінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке 1573,5 млн.теңге бөлінген. Сол сияқты атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакетке 106,1 млн.теңге, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге 1042,7 млн.теңге, төтенше жағдайға байланысты азық-түлік, тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз етуге 424,7 млн.теңге; мүгедектерді міндетті гигиена­лық құралдармен қамтамасыз етуге 16,3 млн.теңге бө­лінді.
Аудан тұрғындарымен өткен әр кездесулер немесе жиындарда көшені жарықтандыру, абат­тан­дыру, жаяу жүргіншілер жолын салу, канал­дарды ағымдағы жөндеу, қатты қалдықтар тастайтын орынды қоршау, балаларға арналған ойын алаңдарын салу мәселелері көп сөз болып, орынды мәселелер көтеріліп келген еді. Осы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы үшін ауылдық округтерде арнайы жоспар да түзілген. Президентіміздің өзі «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрамыз деп тапсырма бергендіктен, ол әрдайым маңыздылығын жоғалтпайды.
Жалпы, ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы бойынша ауылды елді мекендерге каналдарды, қатты тұрмыстық қалдықтар орнын қоршауға, балалар ойын алаңын орнатуға, көше жарықтарының лампаларын үнемдеуіш лампаларға ауыстыру мен жөндеуге, тротуарларды ағымдағы жөндеуге 352,6 млн.теңге бағытталды.Ауылдық округтерде қаржы қажетті нысандарға бөлінді.
Атап айтар болсақ, ауыл көшелеріндегі ескі лампаларды электр үнемдегіш лампаларға ауыстыру мен жарықтандыру бойынша 10 округте 75 көшенің шамдары жөнделеді.
Ауыл арасында тұрғындар мен әсіресе оқушылардың маусымның кез келген уақытында жол бойымен жүруінде қауіпсіздік талаптары сақталмайтын жағдайлар жиі кездесетін, жол-көлік оқиғалары да орын алатын, осы мәселені назарға алған әкімдік биыл жаяу жүргіншілер жолын салу, абаттандыру жұмыстарына ерекше мән берді. Мысалы, облыстық мәндегі автожол өтетін Құлан, Абай, Луговой, Көкдөнен, Каменка, Жаңатұрмыс ауылдарында жаяу жүргіншілер жолы салынып, қауіпсіздік шарасын нығайтуға тағы бір қадам жасалатын болды.
Балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалану және жайлы орта қалыптастыру да назардан тыс қалған жоқ. Ағымдағы жылы ойын алаңдары Луговой, Жаңатұрмыс, Қазақ ауылдарында орнатылатын болады.
«Жарлысу» және «Сарыбұлақ» каналдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынса, Ақыр­төбе ауылдық округінде Малдыбай ауылының су жүйесінің тозығы жеткен трубаларын ауыстыру, Малдыбай мен Қайыңды ауылдарында қатты қалдықты тастайтын орындарды қоршауға да қаржы бөлінді. Құлан ауылындағы «Балдырған» балабақшасының территориясын ағымдағы жөндеу жасалады.
Алдағы уақытта атқарылып жатқан жұмыс­тардың тиімділігі мен сапалы ұйымдастырылуы «Қоғамдық бақылау тобы» мүшелері мен «Т.Рысқұлов-Адалдық алаңы» жобалық офисі мүшелері тарапынан қоғамдық қадағалауға алынатын болады. Бір сөзбен айтқанда, бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы мен ашықтығы, істің нәтижелі аяқталуы әкімдік тарапынан қатаң бақылауда болады. Міне, алда тұрған мақсат- міндеттер осы, атқарылар жұмыс та жеткілікті. Тіпті, бұл атқарылуы тиіс жұмыстардың бір парасы ғана. Себебі, мемлекеттің бастау бұлағы, басты қазынасы — халық десек, халыққа жағдай жасау, бюджет қаражатын ел игілігі үшін тиімді пайдалану — біздің басты мақсатымыз. Ол үшін бір- бірімізді жан жақты қолдап, елдің ауызбіршілігін сақтап, ерінбей еңбек етуіміз керек. Сондықтан, барша әріптестерімді ел игілігі жолындағы игі істерді атқаруда белсенді болуға шақырамын.

Е.Садырқұлов,
Т.Рысқұлов ауданы әкімі.

Поделиться ссылкой: