Көкжөтел дегеніміз не?
49 ViewsЖоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының зақымдалуымен және ауыр жөтелдің пайда болуымен сипатталатын жедел инфекция көкжөтел деп аталады. Көкжөтел — жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығын…
Еліміздің ХХ ғасырдағы тарихына үңілетін болсақ, Патшалы Ресейдің реформасы кезінде қазақ даласына Ресейден, Украинадан және Беларуссиядан бір миллионнан астам шаруалар қоныстанса,1930-жылдары конфискеленген мыңдаған шаруалар жер аударылып келді. Өнеркәсіп құрылыстарына 1миллионнан астам адам келді. Сталин режимі кезінде Қазақстанға Солтүстік Кавказдан 507мың адам,сондай-ақ орталық өңірден 102 мың поляк, 800 мыңдай неміс, шығыстан 18 мың 500кәріс отбасылары жер аударылып келді. Саяси қуғын-сүргін кезінде қазақ жеріндегі 11 арнаулы лагерьлерде мыңдаған тұтқындар болды. Тұтқыннан босағандардың көпшілігі Қазақстанда тұрақтап қалды. Қазақстанға Ұлы Отан соғысы кезінде 350 мың адам эвакуацияланды. 1950-1956 жылдары тың игеруге 1,5миллион адам келді. 1960-жылдардың бас кезінде халқымыз дүнгендерге де пана беріп,бауырына басқанын білеміз. Сөйтіп Қазақстанда көп этносты халық қалыптасты. Иә, сонымен жоғарыда аталған кезеңдерінде тарих тауқыметін арқалап, солақай саясаттың құрбанына айналып, елімізге келіп, қоныстанған ұлттар мен ұлыстар үшін қазақ жері киелі алтын бесікке айналды. Кеңестік дәуірде Қазақстан «халықтар достығының лабораториясы» атанғанын да білеміз. Елімізде Тәуелсіздік жылдары барлық этностар біртұтас ұйысқан халыққа айналды. Қазір Қазақстанда 130дан аса этнос және 17діни конфессия өкілдері татулық пен келісімде өмір сүруде.
Егемендік алған алғашқы жылдары Елбасымыз Н.Назарбаев барлық этно-мәдени орталықтарды біріктіріп, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын ұсынған болатын. Елбасының 1995 жылғы 1-наурыздағы Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толды. Біздің облысымызда Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы сәуір айында құрылды. Қазір Жамбыл облысында 73 этно-мәдени бірлестіктер бар, оның 26-сы Тараз қаласында, 47-сі облыс аудандарында.
Қазір біздің ауданымызда 18 қоғамдық келісім Кеңестері жұмыс істейді, аудандық кеңес және 15 ауылдық округтерде, аудандық электр желілерін тарату мекемесі мен Луговой рельс дәнекерлеу зауытында құрылған. Ауданымыздағы қоғамдық келісім кеңестері әр ауылдағы ұлтаралық келісім мен ел бірлігін нығайтып, азаматтардың бойында патриоттық сезімді және Қазақстанның болашағына деген жауапкершілікті қалыптастыру үшін жұмыстар жүргізуде.
Қоғамдық келісім кеңестері еліміздің тұрақтылығы мен бірлігінің сенімді факторы болып орнығуда.
Біздің ауданымыздағы қазақ, орыс, өзбек, қарашай, шешен, ұйғыр, татар, неміс ұлттық этно-мәдени орталықтары, аналар кеңесі, жастардың қоғамдық ұйымдары да әрқашан да елдік істердің басында болып, бірлік пен қоғамдық келісім-берекенің бастауы, ел дамуының өзегі екендігін тұрғындарға түсіндіру жұмыстарына белсене атсалысып келеді.
Қазақстанда түрлі ұлт өкілдері татулықта өмір сүріп келеді. Этносаралық келісім еліміздің маңызды жетістігі оны әрқашан қадірлеуіміз қажет.Әр азамат өзінің әлеуметтік тегіне қарамастан біздің қоғам үшін құнды.Біз біріге отырып,еліміздің болашағын жасаймыз және тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі мен жағдайының жақсаруына өз үлесімізді қосамыз.
Барлық этнос топтарының мәдениет аясында өзара бірігуіне, барлық ұлыстар қоғамның мәдени жетістіктерін жинақтап, олардың ұлттық әдеп – ғұрыптарына, фольклорына және этно-мәдени орталықтарына қолдауды күшейте беруіміз қажет.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев: «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деп еліміздің алдындағы басты міндеттерді нақты атап айтты. Осы бағытта нақты жұмыстар жүргізу әрбір қазақстандық азаматтың парызы болғаны абзал деп есептейміз.
Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ тілі қазақстандық қоғамның ауызбірлігінің факторына, ортақ үйде тұратындардың достық, өмірлік ынтымақтастығының белгісі ретінде табиғи қажеттілігіне айналуы керек деген қағиданы ұстанады. Мемлекет қазақстандықтардың барлық этностық топтарының тілдерін дамытуға қамқорлық көрсетіп келеді. Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ел бірлігі ешқашан құны түспейтін, жыл өткен сайын маңызы артып мәні толыға түсетін шексіз байлық. Сол байлықты еселеп дамыта түсейік. Бірлігімізге бекем болып, татулықты ту етейік, тәуелсіздікті тұғыр ете білейік. Сонда ғана мерейіміз үстем болады. Осы жолдан танбайық» деп мемлекеттің ұдайы өсіп-өркендеуіне, халықтың бірлігі мен қоғамдық келісім еліміздің өркендеуінің шешуші шарты болып табылатынын атап көрсеткен еді.
Сондықтан елімізде қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімділікті сақтап, ұлттық патриотизм мен прагматизмді насихаттай отырып, ұлттық сананы жаңғыртуға баршамыз атсалысайық. Қазақстан шаңырағы астында бейбітшілік пен достық мәңгі жасай берсін. 1 Мамыр-Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын!
С.Өтегенов,
аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы.