Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Бүгінде елімізде Үкімет халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесімен тыңғылықты айналысып келеді. Азаматтардың үйлеріне баратын су — маңызды әлеуметтік мәселе, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелі және ұзақ мерзімді жұмысты қажет етеді. Халықтың денсаулығының мықты болуы және басқа да дүниелер осы мәселемен тікелей байланысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа Жолдауында азаматтардың тұрмыс сапасын, тұрмысының қолайлылығын жақсарту, қала немесе ауылдық жер екеніне қарамастан, халықты сапалы ауыз сумен қамту және сумен жабдықтау бойынша жергілікті әкімдіктерге зор міндет жүктеп, жоспарлы жұмыстар орындау қажеттігін тапсырған болатын. Қарапайым халықтың таза ауыз суға зар болып отырғанына жергілікті әкімдіктер де алаңдаулы. Сонымен бірге жергілікті басқарушы органдар сөзбен емес іспен мәселені шешуге барынша атсалысып жатыр. Соның жарқын бір мысалы — «Өңірлерді дамыту – 2020» бірыңғай бағдарламасы қабылданғаннан бері талай халық ауыз сумен қамтамасыз етілді.
«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында біздің өңірімізде де елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету сәтті жүзеге асырылып келеді. Су – ырыс көзі, тіршілік бұлағы болғандықтан да, ауыл тұрғындары үшін ауылды таза ауыз сумен қамту мәселесінің қарқынды жүргені құптарлық жайт. Осыған байланысты Жамбыл облысында да елді мекендердің барлығын алдағы үш жылда таза ауыз сумен қамту шаралары қолға алынған. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.
Аудан аумағында да биыл халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды шаралар қолға алынуда. Тыңғылықты жұмыстың нәтижесінде биыл ауданның 8 елді мекені халқының таза ауыз су проблемасын шешуге мүмкіндік туды. Ауыз су проблемасы жылдар бойы жыр болған ауылдар — Әбжапар, Жарлысу, Құмарық, Қаракемер, Алғабас, Бәйтелі ауылдарында су жүйесі құрылысы және Құлан ауылында су имаратының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатса, Тасшолақ ауылында таяу күндері жұмыс басталады.
Жалпы аудан аумағындағы 42 елді мекеннің 26 елді мекенінде ауыз су жүйесі бар (17 орталықтандырылған, 9 ескі су жүйесі), қалған 16 елді мекен тұрғындары құдықтан және ұңғымадан (артезиан) су алады.
Қазірге дейін ауданның 17 елді мекенінде «Ауыз су» және «Ақбұлақ» бағдарламалары аясында жаңа ауыз су жүйелері құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. Аудан халқының 45727 адамы немесе 70,9% таза ауыз су пайдалануда. Атап айтқанда, 2006 және 2013 ж.ж. – Құлан, 2009 жылы – Тереңөзек, Өрнек, Көгершін, 2010 жылы – Шолаққайынды,2012 жылы – Көкдөнен, Жақсылық, Қарақат, Каменка және Абай ауылдық округінің Көкарық, Еңбекші ауылдары, 2013 жылы – Көкарық, Қорағаты, 2014 жылы – Д.Қонаев, 2015 жылы – Қызылшаруа, 2017 жылы – Қайыңды, 2018 жылы — Луговой ауылдарына ауыз су жүйесі берілді.
Аталған ауыз су жүйелеріне «Таза су-2014» КМК қызмет көрсетеді, тұтынушылар саны-34588 адам, яғни 6161 аула тұрғындарына қызмет жасайды.Тұтынушылар есептеу аспаптарымен толық қамтамасыз етілген.
Шалғай ауылдарда ауыз су мәселесі өзекті екені белгілі. Көпшіліктің көкейінде жүрген, ауыз су проблемасы жылдар бойы шешімін таппаған ауылдардың бірі — Өрнек ауылдық округіне қарасты Әбжапар ауылы. Биыл өзге ауылдармен бірге ауыл халқы таза ауыз сумен қамтылуы үшін қаражат бөлініп, су құбыры құрылысы жұмысы басталды. Құрылыс жұмыстарымен айналысатын мердігер компания — «Тараз-Ирригация» ЖШС-і, авторлық қадағалаушы-«ЛидерПроект Дизайн» ЖШС-і. Қазіргі таңда ауыз су құрылысының алғашқы қадасы қағылып, ауыл ішінде қызу жұмыс басталды. «Халық тау суын ішіп отыр»-деп үлкен мәселеге айналған ауылдың өзекті проблемасы, даулы мәселеге айналып келген еді. Ендігі кезекте бұл мәселе өз шешімін тауып, халықтың өз үйінде қолжетімді таза суды пайдаланатын уақыт та алыс емес.
Өрнек ауылдық округіне қарасты Жарлысу ауылында да ауыз су жүйесінің және су шығару имаратының құрылысын салу жұмысы басталған, жауапты мердігер -» Жігер-2004″ ЖШС-і мен авторлық қадағалаушы-» Құрылыс-Инвест жоба» ЖШС-і мамандары. Қазіргі уақытта құрылыс басында 25 жұмысшы өз қызметтерін атқаруда.
Құмарық ауылдық округіне қарасты Алғабас ауылының су құбыры желілерінің құрылысын салу жұмысын мердігер-«Ақмешіт-Мелиоратор» ЖШС-і, авторлық қадағалаушы-«Табыс жоба» ЖШС-і жүргізуде. Сол сияқты Құмарық және Қаракемер ауылдарында «Нұр Строй Сом» ЖШС-і су құбыры желілерінің құрылысын жүргізуде.
Ауданда жаңа құрылысты қажет еткен Құлан ауылының су жүйелері құрылысы мен су шығару имаратының құрылысына биыл бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта жарамсыз резервуарларды бұзу, демонтаж жұмысына 25 азамат, 8 техника жұмылдырылуда. Құрылысты осы салада тәжірибесі мол «Тараз-Строй-2004» ЖШС-і жүргізіп жатыр.
Шағын ауыл санатына жататын Бәйтелі ауылының сумен қамтамасыз ету жүйесінің құрылысын салуға «Пырақ Құрылыс» ЖШС-і жауапкершілік алған. Ауыз су құрылысы жұмысы басталып та кетті.
Аудан әкімдігінің алдағы жылдарға да ауыз су мәселесін шешуге нақты жоспары бар. Мысалы, Р.Сәбденов, Жаңатұрмыс, Ақыртөбе ауылдарына ауыз су жүйесін жүргізуге ЖСҚ әзірленуде. Шөңгер, Мамайқайыңды, Аққайнар, Тойқұдық, Мамыртөбе, Әбілхайыр, Сұмқайты, Сөгеті ауылдарына мембраналық су тазарту құрылғысымен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджет есебінен қаржыландыру қарастырылуда.
Тіршілік көзі саналатын ауыз су проблемасын шешуге қазынадан бөлініп жатқан қомақты қаржы тиімді жаратылып, сапалы жұмыстар атқарылса, аз ғана жылдың ішінде әлеумет үшін маңызы зор бұл проблеманы түпкілікті шешуге әбден болады. Алдағы уақытта аудан жұртшылығының ауыз суы мәселесінде еш кедергі болмауы үшін жауапкершілікті күшейту-маңызды міндет. Құрылыс жұмыстары «Т.Рысқұлов-Адалдық алаңы» жобалық офисі мүшелері мен Қоғамдық бақылау мүшелері тарапынан, аудан әкімдігінің тиісті сала мамандары тарапынан қатаң бақылауда болып, әр күнгі жұмыс барысының талапқа сай жүргізілуі тексеріледі. Жұмыстың сапалы ұйымдастырылуына баса көңіл бөлу туралы тиісті жауапты мамандарға тапсырмалар жүктелген.
Ендігі міндет- жоспарланған жұмыстардың нәтижесін көру. Халықтың тұрмыс сапасын арттырудың бір жолы-таза ауыз сумен қамту мәселесін жоспарға сай кезең-кезеңмен оңтайлы шешу. Осы бағыттағы жұмыстар жүйеленіп, халық сұранысын қанағаттандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.
Е.Садырқұлов,
аудан әкімі.