Отты жылдар шежіресі

1 057 Views

Күндей күркіреп өткен соғыс жылдары. Майдан даласына 1 млн. 300 мыңдай отандастарымыз кетіп, олардың тең жартысынан астамы оралмады. Жеңіс жолын жақындатуға Жамбылдық жауынгерлер де ат салысты. Қазақ батырлары майдан даласында асқан ерлік көрсетті. Ендеше, бүгінгі бейбіт заман үшін, қатары күннен күнге сиреп бара жатқан аталарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осы орайда, менің де атам майдангер екенін, баршамыздың жерлестеріміз, Әбу Қарашев туралы мақтанышпен айтқым келеді. Ол 1939 жылы әскерге кетіп, 1941 жылы Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жерінен бірден соғысқа аттанды. Әрине, елімнің шетіне жау тигенде қалай қарап отырамыз деп еске алатын атамыз. Сөйтіп, жаяу әскер құрамында Беларусь, Украин фронттарында болып, 1945 жылы соғысты Венгрияда аяқтаған. Алайда, бұл қазір айтуға ғана оңай. Сол орыстың орманды даласында, қақаған қыста жаяу жүріп, бүкіл Еуропаны басып өту атамызға оңай болмағаны анық. Қазақта ер басына күн туса етігімен су кешер, ат басына күн туса ауыздықпен су ішер дейді. Ендеше, орайы келгенде атамның мына бір ерлігі жөнінде айта кетейін.
Күздің қара суығында атамның взводы қоршауда қалады. Артқы шептен еш көмек жоқ. Содан жау жаққа барып, барлап қайтуға командир еріктілер барма дегенде Әбу атам және оның тағы бір досы мен барамын деп бірден қолын көтереді. Өздері қоршауда жатқан топ жауынгерлері үшін бұл оңай шешім емес еді. Сөйтіп, қараңғы түнде жау тылына өтіп бара жатқан тұста дәрет сындырып тұрған бір немістің унтер офицерін байқаған атамыз, құлақ шекеден бір ұрып, басына қап кигізіп, штабқа алып келеді. Кейін, сол неміс арқылы біраз ақпаратты анықтайды. Атамның бұл оқиғасы аңыз болып, халық арасында «Қапқа түскен Капитан» деген атпен де таралып кетеді. Кейін, бүкіл ауыл- аймақ атамызды Әбу Батыр келе жатыр, деп айтатын. Ол әрдайым біз секілді немерелеріне үнемі соғыс кезіндегі әдіс- тәсілдерді айтып отыратын. Адамның екі ұйқы безі болады. Сол нүктелерден ұруға болмайды. Егер, ол жерден ұрсаң адам тіл тартпай кетеді дейтін. Кейін, Әбу атам, өз балаларын да әскери адам болғанын қалағанымен, олар ұстаздық жолды таңдады. Алайда, алда атамыздың шөберелері сол әскери жолды таңдайды деп сенеміз. Себебі, кейінгі ұрпақ ата өсиетін орындауымыз керек.
Атам соғыс кезінде қатты жара­ланды да. Ол мы­на оқи­ға. Әбу Қарашев­тің взводы жау тылына шабуылға шығуға дайындалып жаткан кез. Венгір ормандары қалың қарға оранып, қақаған қыстың уақыты болатын. Ол кезде жау жағының күші әлде де басым еді. Бірден аласапыран соғыс басталып кетіп, бізге немістің танкілерін тоқтату мақсаты қойылды. Сол кезде атамның жаяу әскер взводы 10 танкпен шабуылға тойтарыс беруге шығады. Қолымызда танкіге қарсы колданатын граната және мылтық, сонымен қатар, штык пышақтар да бар болатын. Уралап алға жүгірген сәтте жау танкісінің снаряды жарылып, ары қарай ол есін госпитальда жинаған екен. Не керек, ауруханада атамды кенеттен екі медбикенің дауысы оятып жіберген ғой. Сөйтсе, оның оң аяғына снаряд осколкалары тиген. Сол медбикенің бірі атамның аяғын кесеміз десе, екіншісі жоқ кесуге болмайды. Әлі жас әрі сұлу екен. Ертең ақ аттай шауып кетер деп, атамның аяғын кескізбей аман алып қалған. Атам ол медбикенің де атын білетін. Өмірінің соңына дейін Лена атты орыс медбике қызын есіне алатын. Тіпті, жеңістің 50 жылдығын тойлауға Мәскеуге барып, Ленаны көремін деп те айтып отыратын. Тіпті, кей кезде күн салқындап, ауа райы бұзылса, атамыз оң аяғын қақсады деуші еді жарықтық. Ол сол кезде снарядтың қалып кеткен қалдықтары болса керек. Әрине, атамыздың майдан даласындағы ерліктері аз емес. Кейін ол, бағаланып та жатты. Мәселен: Әбу Қарашевқа 1944 жылғы 27 ақпанда қан майдандағы асқан ерлігі үшін «Қазыл Жұлдыз» ордені берілді. Бұл аға сержант, пулемет бөлімінің командирі болған Әбу Қарашевтің Луцк ауданы маңындағы Гнидава елді мекені үшін болған шайқаста 15 немістің көзін жоюымен байланысты еді. Ол жөнінде бүгінде барлық құжаттары сақталған екен. Міне, айта берсе атамыздың ерлігі көп. Бұл жеңіс бізге оңайға келген жоқ. Талай адамның қабырғасы қайысып, қан жұтты. Оның әрбір сәтіне менің Әбу атам секілді миллиондаған Қазақстандықтар ат салысты. Жеңісті 1945 жылы Венгрия астанасы Будапешт қаласында қарса алған атамызға бірден елге қайту бұйырмай, 1949 жылға дейін қираған Еуропаны қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысты. Он жылдан астам уақыт қан қырғында болған Әбу атам елге оралғаннан кейін де Луговой ауданындағы Қазақ ауылының дамуына ат салысты. Өмірге ұрпақ әкеліп, немере көрді. 1994 жылы өмірден өтті…

Айбек ӘБУ,
ҚР БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ. ӘБУ ҚАРАШТЫҢ НЕМЕРЕСІ.

Поделиться ссылкой: