ӨРІСІ ОНЫҢ «ҚАҚПАТАСТА»
Сәбденов ауылының атағы кеңес өкіметі тұсында асыл тұқымды Оңтүстік Қазақстан мериносы қойларымен шыққан. Лениннің есімімен аталатын мемлекеттік асыл тұқымды зауыттан биязы жүнді қойлар отарлап өруші еді. Сол кездегі зауытты Маякин, кейін Социалистік Еңбек Ері Рақым Сәбденов басқарды. Ленин орденінің иегері Байтелі Серікбаевтың, Боранбай Әденов пен Серік Оспанов сынды шопандардың есімдері сонау Одақтың Құрмет тақтасына енді. Осынау аты алысқа кеткен шаруашылық тоқырау салқыны тиіп тарап тынды. Қазір бұл ауылда биязы жүнді бір қой да қалмады. Сол кезде Бохаевтардың аты да ел аузынан түспеуші еді. Мәселен, бапкер Қуаныш Бохаев талай жүйрікті баптап өсірсе, Бекәділ мен Бөлтіріктің әкелері қой өсірумен айналысып, Халық Шаруашылығы Көрмелерінен қалмайтын.
Міне, сол Бохаевтың екі бірдей ұлы қазір осы ауылда екі қожалық ашып, үйірлеп жылқы, табындап ірі қара, отарлап қой бағып отыр. Біз өткен жұмада «Бөлтірік» шаруа қожалығының құм жиегінде орналасқан «Тазабектегі» қыстауында болдық. Қожалықтың атын өз атымен атап жүрген Бөлтірік Бохаевты аудан орталығынан қайтып келе жатқанда жолықтырдық. Ол өзі ақжарма пейілді аңқылдақ жігіт екен. Сөзінің өзі соқталдай оның ісі де сөзіне сай екенін шаруаның жайын тәптіштеп сұрастыра келіп білдік.
– Несін айтасыз, қазір мал бағу оңай болмай тұр. Қой бағуға қойшы табылмайды. Ауылда Құрмановтардың аты мал бағумен шыққан, қазір менде ағайынды Бекболат пен Шынжігіт сынды шыңдалған сақа жігіттер мал бағады. Біреуінің қарамағында 800 саулық, ал, екіншісінің иелігінде 460 бас саулық бар. Оларға мен үш жыл сайын 100 қойды сыйақыға беремін. Осылай ынталандыруымнан болар, жігіттер малға өз малындай қарайды. Биылғы көктемде әр саулық соңынан 91-ден қозы ертті. Енді осы алынған төлді күзгі қозыбөлікке дейін дін аман бағу әрине аға шопанның борышы. Бақташы Асқар Еңсегенов те ісіне адал азамат. Ол өзіне бекітіліп берілген 86 сиырдың 67-сін бұзаулатып, дін аман бағып отыр. Үкіметтен былтыр субсидия да алдым. Әйтеуір мал шаруашылығын өркендетуге ел қатарлы үлесімді қоссам деймін. Өйткені, бүгінде өз қолыңнан шыққан бағланның еті мен сиырдың сары майы мен бал қаймағына еш нәрсе жетпейді ғой, -дейді Бөлтірік.
Оның іс басқарушысы Мұрат Жақыпбеков те аттан түспей, асын ішпей мал соңында жүрген азамат. Жақында ол 17 гектар жерге софлер екті. Қолда бар техниканы кідіріссіз жүргізіп, осы жазда шабындыққа шығару да соның міндетіне жатады. Қойшылар мен сиыршылар қазір «Қақпатас» пен «Тазабек» қыстауында. Осы мамыр айының аяғын ала «Қарақырға» көшеді. Бұл өзі шөбі шүйгін, суы салқын жайлау. Айтпақшы осы көктемгі сақпанға Сатыбай Келгенбаев, Мұрат Жақыпбеков, Толыбек Амантаевтар сақпаншы болып науқанға қатысты. Мамыр айында қой қырқылып, күпкеге түседі. Малшылар осы науқандарды да ұйымшылдықпен өткізуге жан-жақты дайындалуда.
С.Қожеке.
Ақбұлақ ауылдық округі
Суреттерде: қожалық жетекшісі Бөлтірік Бохаев.