Өнерде де, өмірде де жұптары жарасқан

727 Views

Қазақ эстрадасында Қыдырәлі мен Қарақат, Жанболат пен Жазира, Әділ мен Дана секілді отбасылық әнші жұптар әуезді әндерімен патша көңілді көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Бұлар күллі Алаш жұртына танымал өнер жұлдыздары. Ал, облыс, аудан аумақтарында дәл сондай әнші жұптар бар ма? Әрине, бар. Ауданымыздағы ерлі-зайыпты өнерлі жұп Асылбек Үмбеталиев пен Жазира Есболованы осы аталған жұлдыздардың қатарына қосар едік. Бұлай айтуымыздың себебі неде? Оның алғашқысы — Асылбек пен Жазираның орындайтын әндерінің сөзі мен мақамының ерекшелігінде болса, екіншісі, отбасылық дуэт көбінесе халық әндерінен бөлек, Шәмші Қалдаяқовтың, Әбілахат Еспаевтың, Әсет Бейсеуовтың әніне жазылған өлеңдерді орындайды. Жастың да, жасамыстың да сүйіп тыңдайтын әншілеріне айналған Асекең мен Жәкеңнің ауданымыздағы өзге орындаушылардан бір артықшылығы осы себептен болса керек. Газетіміздің бүгінгі санында ерлі-зайыпты өнер иелерімен өрбіген тілшіміздің сүбелі сұхбатын жариялап отырмыз.

Тілші: – Асеке, сұхбатымыз халықаралық отбасы күнімен байланысты болғандықтан, ең алғашқы сұрақты Жазира жеңгеме қойсам деймін. Жеңеше Асекең отбасында қандай әке?
– Асекең отбасында байсалды әке. Әрине, ұлы мен қызын еркелетпейтін әке жоқ шығар, сірә. Асекең де сол секілді балаларымызға мейірім шуағын төгіп, ерекше жақсы көріп тұрады. Бірақ, шамадан тыс кетіп бара жатса «тәйт» дейтін кезі де бар. Меніңше, ол дұрыс.
Тілші: – Отау құрғандарыңызға неше жыл болды?
– Биыл шаңырақ көтергенімізге 10 жыл толады. «Уақыт – зымыран» деген рас екен. Әлгі «Таң атпайын десе де, күн қоймайды» деуші ма еді. Сол айтқандай, күндер сырғып мінеки 10 жылда өте шығыпты.
Тілші: – Асеке, ілгеріде өздеріңізді жазған сәтте таныстықтарыңыз аудандық мәдениет үйінде қызмет істеп жүрген кезде басталғандығын айтып едіңіз. Алғашында қыздың «қырсығатыны» белгілі жайт қой. Сондықтан сұрақтың төркіні мынадай. Жеңешеммен «дружить» етудің амалын қалай таптыңыз?
– Жәкең сондай бір жұлқынып тұрған «қыздардың» қатарынан болмай шықты. (Күліп алды). Қазірде егде тартып қалғанымыз жоқ әрине, дегенмен, жиырма жастағы жігітпін ғой сонда. Жалын деген сұмдық. Аудандық мәдениет үйінде өтетін көптеген ілкімді іс-шараларға белсене қатысамыз. Ән айтамыз, концерт жүргіземіз дегендей. Бұл кез 2005-2006 жылдар болатын. Тіпті Жазира екеуміз 2008 жылы «Сезім» деген тақырыппен арнайы концертте берген болатынбыз. Тақырыптың өзін байқап отырсыз ба? Әйтпесе, ол уақытта отау құрмағанбыз да. Әріптес ретінде сөйлесіп жүретінбіз. Жәкеңнің батылдығына тәнті болатынмын. Менің жүрегімді селт еткізген де жеңгеңнің сол қасиеті шығар деп ойлаймын. Осылайша достығымыз махаббатқа ұласып, 2010 жылы отау құрдық.
Тілші: — Келесі сұрақ мынадай. Неліктен сіздер тек мерекелік жиындарда ғана өнер көрсетесіздер? Тойда болмаса, көбіне-көп іс-шараларда сіздерді жиі байқай бермейміз?
– Біз аудандық балалар мен жас­өс­пірімдер орталығында жұмыс істейміз. Яғни, негізгі қызметіміз сонда. Отағасы Асекең аталмыш орталықта жыр-терме үйірмесінің ұстазы болса, мен де дәл осы ұжымда сахна мәдениеті үйірмесінің қосымша білім беру мұғалімі болып қызмет атқарамын. Уақытымыздың басым бөлігі осы ұжымда өтеді. Шәкірт тәрбиелейміз. Тек осы жағы демесеңіз, былайғы сәттерде өнер көрсетіп жүрміз сахнада.
Тілші:-Өз өнерлеріңізді ортаға салып, байқауларға жиі қатысып тұрасыздар ма?
– «Нұр Отан» партиясының бағдарламалық тізімінде «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» деген ілкімді жоба бар тұғын. Бұл жоба бойынша ел аумағында түрлі деңгейдегі байқаулар ұйымдастырылды. Оған мысалды алыстан іздеудің еш реті жоқ. Өйткені, осыдан 2 жыл бұрын бастауыш партия ұйымдарының арасында Тараз қалалық мәдениет үйінде өткен «Үлгілі отбасы – рухани жаңғырудың тірегі» атты облыстық байқау осы сөзіміздің айғағы іспетті.
Отбасылық өнегені дәріптеу әрі дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау мақсатында ұйымдастырылған аталмыш байқауға әр ауданнан 11 отбасы қатысып, сайыс көркін думанға бөлеген болатын. Бізде бұл додаға аудан атынан ерлі-зайыпты жұп ретінде қатыстық. Мәке бізді білесіз ғой, орындайтын әндеріміз тарсыл-дүрсіл әулекі емес, құлақ құрышын қандыратын эстетикалық нақышқа толы әсерлі өлеңдер. Сонымен «Үлгілі отбасы – рухани жаңғырудың тірегі» атты отбасылық дода шарты 4 кезеңді құрады. Атап айтсақ, «Құстың қос қанатындаймыз», «Өнерлі отбасы», «Сұрақ-жауап» және « Ата салты – өнеге». Осы сынның барлығынан іркілмей өтіп, қазылар алқасының бірауыз шешімімен байқаудың бас жүлдесін қанжығамызға байлаған едік. Сөйтіп, тұғырдың ең жоғары сатысынан көрінген біздің жұпқа жап-жаңа тоңазытқыш сыйлаған еді. Одан кейін Жазира жеңгең «Әнім саған аманат» атты Жаңбыршы Үсейіновтың әндеріне арналған аудандық байқауда бас жүлде жеңіп алды. Тізе берсек осылай жалғаса береді. Қайсібірін айтасың. Біз атақ немесе марапатты ойлайтын өнерпаз емеспіз. Әнге деген біздің махаббатымыз ерекше. Ал, бұл – өнер дейтін өлкеге керекті басты қасиеттің бірегейі деп ойлаймыз.
Тілші: – Білуімше, 1 ұл, 3 қыздарыңыз бар. Олардың да өнер жолына бет бұрғанына қалай қарайсыздар?
– Құдайға шүкір, Аяна, Айнель, Айнара және Әлижан есімді ұл-қыздарымыз бар. Былай-былай деп айтатындай, қазір олардың жас мөлшері кіші болып тұр. Дегенмен, үлкен қызымыз Аянаның өнерге деген талпынысы ерекше. Бірақ өнер жолын таңдап жатса, қарсы болмайтынымыз анық. Өйткені, бала өзі қалаған мамандыққа түсуі қажет.
Тілші: – Сұхбат соңында өзде­рі­ңізге қолқа салғым келіп отыр…
– Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы ұлттық деңгейде аталып өтіледі. Сондықтан «Адам – бүгін адам, ертең — топырақ» деп ұрпағына ұлағатты сөз қалдырған хакім Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындап берейік.
Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы.
Бітпейді-ау іштегі,
Ғашықтың жарасы.
Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы.
Бар демес сендей бір,
Адамның баласы.
Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айтуға келгенде,
Қалқаға сөз дайын.
ТІЛШІ: — Өнерлеріңіз өрістей бер­сін. Тек жақсылықта жолығысайық.

Сұхбаттасқан Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: